Маңғыстаулық дәрігерлер жүрегі тоқтаған науқасты аман алып қалды

18 Қаңтар, 19:43 773

Маңғыстаулық кардиохирург-дәрігерлер арықтаймын деп дәрі ішіп, жүрегі 5 минутқа тоқтаған 30 жастағы науқасты аман алып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Науқас желтоқсан айында жедел жүрек жетіспеушілігі диагнозымен аурухананың қабылдау бөліміне өте ауыр жағдайда түскен. Артериалдық қан қысымы күрт төмендеп, науқаста кардиогенді шок болған. Дәрігерлер жедел түрде УДЗ жасап, жүректің жиырылу қабілеті төмендегенін анықтады. 

Ата-анасының айтуынша, науқас арықтатуға арналған «Молекула» дәрісін ішкен. Соның салдары жүрекке әсер етті деген тұжырымға келдік. Себебі арықтатуға арналған дәрінің құрамында «сибутрамин» деген зиянды зат бар. Бұл дәрі жүрек-қан тамыр жүйесінің әлсіздігіне алып келеді. Науқастың қан қысымы қалыпқа келмеген соң жедел түрде жасанды жүрек-өкпе (ЭКМО) құрылғысына қостық. Осылайша, жүрекке қосымша сүйемелдеу арқылы көмек беріп, қан қысымын 70-ке дейін көтердік, - дейді кардиохирург-дәрігер Әбунасыр Суханов.

Науқас ЭКМО (жасанды жүрек-өкпе) құрылғысымен 1 апта жүрді. Жүргізілген ем нәтижесінде жүректің фракциясы өсе бастады, сәйкесінше, қан қысымы да көтерілді. Науқас оянған соң ЭКМО және өкпені жасанды желдету аппаратынан да ажыратылды. Қазір науқастың жағдайы - жақсы. 

Науқастың анасы Мейрамгүл Кенжебаева ақ халатты абзал жандарға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Қызыма шұғыл түрде күрделі ота жасалды. Барлығы сәтті болды. Мұның бәрі - дәрігерлердің шеберлігі мен біліктілігі және халыққа қызмет көрсетудің жоғары деңгейі деп есептеймін. Бұл операцияның барлығы тегін жасалды. Жүрегі тоқтап қалған қызымды өлімнен арашалап қалды. Аурухана басшылығы мен кардиохирург, жансақтау бөлімінің дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз, - деді Ақтау қаласының тұрғыны, науқастың ата-анасы Мейрамгул Кенжебаева.

Айта кетейік, мұндай шұғыл операция медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында, ал жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жүргізіледі.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: