Маңғыстаулық боксшылар қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

17 Наурыз, 22:34 701

Биыл Наурыз мерекесі он күн бойы тойланып жатыр. 14 наурызда Көрісу күні атап өтілді. Бірақ өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің айтуынша, бұл мереке үш күн – 14, 15, 16 наурыз аралығында тойланады екен, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Көрісу күні үлкендер қол алысып, алақандарын айқастырып жатса, әйел адамдар алдымен оң иығын, сонан соң сол иығын түйістіреді.

Көрісу күндері бұрындары үйдегі сандықта жатқан заттарды шығарып ілетін дәстүр болған, киіз үйдің бақанына ілінген ағашқа сандықтағы шапанын, көйлегін, қару-жарақ, найза, қылыш, қалқандарын іліп қоятын болған. Оны «Жыл көру» деп атайды. Бұл – жаңа жылды жанды-жансыз, өлі-тірі, бәрі көрсін дегені. Көрісу, негізінен, 14, 15 және 16 күндері тойлануы керек. Бұрындары 14-і – өлілердің күні, 15-і – тірілердің күні, ал 16-сын айт деп тойланған, - деген Әлімгереев «Ақжайық» басылымына берген сұхбатында.

Көп жылдар тек еліміздің батысында атап өтілсе, биыл бүкіл Қазақстан тойлады. Жалпы, көрісу – қазақтың ежелгі дәстүрі. Көршілес жатқан Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарында, Өзбекстанның Қарақалпақстан өңірінде, Түрікменстанда тұратын қандастарымыз да осы күні «Наурыз айы туды!» деп «көрісу» салтын бастайды. Бұл күні араздасқан адамдар көрісіп, барлық реніш-өкпесін ұмытады. Бұл да – халқымыздың бауырмалдық салтының бір көрінісі.

Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмтылады, бір-біріне амандық-саулық, құт-береке тілейді.

Көрісу күнінің тарихы

Бұрын қазақ халқының көшпелі ғұмыр кешкені мәлім. Үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін ерекше болғаны жасырын емес. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілек «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен» дегенді білдіреді екен. Сол арқылы араздасқан, бір-бірімен араласпай кеткен жақын адамдар татуласып, табысып жатады. Бұл күні бір-бірін танитын адамдар, тіпті, әр түрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы осындай.

Деректер бойынша, Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған. Наурыз айында тоғыстың келетін тұсы да осы күндерге келетін болса керек. Халық сенімінде 14-інен 15-іне қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген екен.

Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен қазақтың төл Жаңа жылын қарсы алады...

Ал осы өңірден шыққан спортшылардың бұл туралы пікірлері қалай екен?

Ердос ЖАҢАБЕРГЕНОВ, бокстан әлем чемпионы:

Бұл күнді әдетте амал күні деп те атайды. Қыстың қаһарынан аман шыққан қалың жұрт көктемге жеткендері үшін бір-бірін құттықтап, қауышып жатады. Өзім біреуді ренжіткенді, біреуге қапа болғанды ұнатпаймын. Қолымнан келгенше кешірімді болуға тырысып бағамын. Дегенмен өмір болған соң кикілжіңдер де орын алып тұрады. Осындайда басқа уақытта батылың жетпеген қадамға барып, арадағы реніш үшін кешірім сұрайсың. Соның арқасында жамандықтың бәрі ұмыт қалады. Егер алыс сапарда жүрсең, келгенде міндетті түрде көрісесің. Онсыз көңіл тыншымайды. Табиғат жаңа кейіпке енетін шақты бабаларымыз «Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп жатады. Қуанарлығы, қазіргі жастар да айтулы күннің маңыздылығын жақсы сезінеді. Соңғы кездері Наурыз мерекесінің аталып өтілуі де жоғары деңгейде. Халық жаппай алаңдарға шығып немесе Каспийді жағалай тігілген киіз үйлерден дәм татып, спорт жарыстарын тамашалайды. Мен де ұлық мейрамымыз баршамызға құтты болсын дегім келеді. Ауызбіршілігіміз нығая түсіп, әрқашан аспанымыз ашық, Көк туымыз желбірей берсін!

Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ, бокстан олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері:

Жыл мезгілін бөліп-жармаймын десем де, табиғат атаулының жаңаратын кезі – көктемнің орны бөлек. Табиғатпен біте-қайнасып өмір сүрген ата-бабамыз осы мезгілде қыстан аман шыққанына қуанып, бірін-бірі құттықтап, көрісетін болған. Сол дәстүр әлі күнге дейін сақталған. Көрісу күнінің нақ 14 наурызға түсу себебінен хабарсыз болсам да, үрдістің адамдарды бір-біріне жақындастыру, ренжігендерді татуластырудағы рөлі ерекше екенін білем. Есімді білгелі осы күнді асыға күтетінбіз. Өйткені таң атысымен үлкен-кіші демей, бір-бірімізді бауырымызға басып, «Жылдан-жылға аман-есен жетейік», «Жасың құтты болсын!» деген тілектер айтылады. Алдымен үйдегі үлкендерге, сонан соң көрші-қолаң, ауылдың үлкендері, ағайын-туыспен түгел көрісіп шығасың. Күйбең тірлікпен кейде бір-біріміздің жағдайымызды да сұрай бермейміз ғой. Ал бұл күн сол олқылықтың орнын толтырады. Сондықтан барша қазақ жұртына отбасыларыңызға амандық, саулық тілей отырып, келе жатқан Ұлыстың ұлы күні құтты болсын дегім келеді.

Берік ӘБДІРАХМАНОВ, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері:

14 наурызда Көрісу күні бұрын тек Қазақстанның батысында атап өтілетін. Бүгінде ел болып атап өттік, мұндай атаулы күндердің ауқымы кеңейіп келе жатқаны қуантады. Көктемнің жайма-шуақ күнімен қоса келетін бұл мереке елімізде жаппай атап өтілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Адамдарды мейірбандыққа, достыққа бастайтын мұндай күн қатыгезденіп бара жатқан бүгінгі қоғамға керек-ақ. Өзгенің қаңсығын таңсық көргенше, өзіміздің төл мерекелерімізді ұлықтау, бізге – жастарға міндет. Кезінде өзім де, бүгінде балаларым да қауышу күнін күтіп жүреді. Үлкендермен көрісіп, олардың ақ батасын алудың өзі бір ғанибет емес пе?! Күн шықпай жатып оянып, іштей тілек тілейсің. Әр үйдің үлкендері таңмен оянып, дастарханын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. Бұл күні есігі құлыптаулы үй болмайды. Танимын-танымаймын деп жатпайсың, бәрімен көрісіп шығасың. Оның өзі бір-бірмізге деген сенімділікті, жылулықты үдете түсетін секілді. Арнайы сыйлықтар да беріліп жатады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Адамдардың абыр-сабыр болып жатқанын көрудің өзі қызық. Осы мерекелік көңіл күй Әз-Наурызбен ұласады. Осы орайда халқымызға Ұлыс оң, ақ мол болсын деп тілек айтқым келеді. Ел намысын абыроймен қорғайтын батырларымыз көп болғай, ал сондай батырларымызды дүниеге әкелетін ақ жаулықты аналарымыз аман болсын!

Перизат Саденова
Бөлісу: