Маңғыстаулық балықшылар заңға өзгеріс енгізуді сұрады

Бүгiн, 06:38 378

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы балықшылар күнкөрісіміз нашарлап кетті деп отыр. Оған себеп – түнде  балық аулауға салынған тыйым, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Otpannews.kz-тің жазуынша, 15 жылдан бері балық аулап күнелтетін Орал Елемесов ауылда су маржаны болмағандықтан аралға барады. Бірақ құзырлы орган өкілдері түнде ау салуға шектеу қойған. Яғни, кешке құрылған торды таң атқанша судан шығаруға болмайды екен.

Түн ішінде балықшы ауды екі-үш мәрте қарау керек. Себебі анда-санда бекіре торға түсіп қалады. Сол бекіре өлмеу үшін түн ішінде бақылап тұруға міндеттіміз. Ал түнде ауға түскен балықты аудан шығарып алмаса, таңға дейін жарамсыз болып қалады. Негізі балық аулауға рұқсаты бар балықшыларға тиіспеу керек қой. Заңды құжатымыз бар. Сонда да күнде келіп тексереді, - дейді Орал Елемесов.

Күн батқанда теңіздің жағасына келсең шекарашылар айыппұл салады. Тіпті, ескексіз, моторсыз резеңке қайықпен шықсаң да айыппұл арқалайсың, - дейді балықшы Ринат Мингалиев. 

Заңның қаталдығы балықшыларды тығырыққа тіреген. Ата кәсіппен айналысатын жандардың жалғыз табыс көзі – балық. Олар түрлі шектеудің салдарынан күнкөрісіміз қиындап кетті дейді. Ал, шекарашылар «түнгі уақытта теңізге шығуға рұқсат бере алмаймыз» деп кесіп айтты. 

Бұл шектеу ең алдымен балықшылардың қауіпсіздігі үшін қойылып отыр. Өйткені түнгі уақытта балықшылар шағын қайығымен үлкен кемелермен соқтығысып қалуы мүмкін. Одан соң, түнде шекарамызды заңсыз бұзатын деректер тіркелуі мүмкін. Сол себепті біз рұқсат бермей отырмыз, - дейді ҚР ҰҚК шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаменті жағалау күзеті басқармасының бастығы Талғат Төребаев.

Ал «күндіз ауға балық түспейді» деп шырылдаған шағымданушылар осы заңға өзгеріс енгізуді сұрап отыр. Олар қайықтарын көлік бақылау инспекциясының талаптарына сай жабдықтап, су көлігіне борттық нөмір жазып, жарық шамдары мен радио қабылдағыштарын дайындап қойдық дейді.

Заңдағы баптың ішіне кәсіпшілік шағын көлемді қайықтарға рұқсат ету туралы қосымша қосу керек. Себебі, жалпы балықтардың көп түрі  түнгі уақытта жүреді. Ал балықшылар балықтың популяциясында  реттеуші рөлін атқарады. Олар аулап отырмаса балықтардың табиғи өлімі көбейіп кетуі мүмкін, - дейді Балық шаруашылығы қауымдастығы Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Данияр Әкімжанов.

Жалпы, Маңғыстау облысына бөлінген лимит бойынша балықшылар биыл 37 тонна балық аулауы тиіс. Бірақ осы кәсіппен айналысатындар жағдай өзгермесе лимитті орындау мүмкін емес деп отыр.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: