Маңғыстауға өткен жылы 231 мыңнан астам турист келген

21 Ақпан 2023, 10:38 1147

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Маңғыстау облысының бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, аймақта туризмді дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр туристер үшін өңірдің ерекше тартымдылығы мен үлкен туристік әлеуетке ие екендігіне назар аударды.

«Ақтаудың туристердің қызығушылығын арттыратындай көрікті жерлері  баршылық және келешегі зор. Біздің есебіміз бойынша өткен жылы визасыз режим енгізілген Ираннан келген туристер саны артып келеді. Туризмді дамыту үшін өңірде барлық мүмкіндік бар: жайлы климат, инфрақұрылым, туристер тарапынан үлкен сұраныс, инвесторлар, бизнесмендер үшін жасалған мүмкіндіктер. Біз алдағы уақытта жаңа орындарды құруға ұсыныс білдіріп, бастамашы боламыз», — деді министр Асхат Оралов.

Rixos қонақүйлер желісінің басшысы, кәсіпкер Феттах Таминдже өз кезегінде Маңғыстау облысындағы туризмнің даму динамикасы туралы айтты.

«Біз гольф клубы, сауда орталығы және жаңа жолдар сияқты бірнеше маңызды инфрақұрылым нысандарын аяқтадық. Сондай-ақ, өткен жылы екі түрік туроператорымен ынтымақтастық орнаттық және биыл басқа туроператорларды тартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда бес әлеуетті серіктесіміз бар, олардың Ақтауға қызығушылығы зор, бірақ туристерді орналастыру үшін көбірек орын бөлінгені қажет. Келесі жылдың мамырына қарай біз тағы 300 бөлмелі қонақүй ашуды жоспарлап отырмыз. Егер барлық инфрақұрылымды, соның ішінде көлікті ескеретін болсақ, онда бизнестің толық айналымы 100 миллион долларға жетеді. Бұл ретте 3000-ға жуық адам жұмыспен қамтылды. Ал үш қонақ үй 5000 адамды жұмыспен қамти алады», - деді Феттах Таминдже.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар негізгі мақсаттарды белгілеп, Маңғыстау облысының басшылығын тарта отырып, өңірдегі туристік нысандарды дамытудың нақты жоспарын әзірлеуге шешім қабылдады.

Айта кетейік, өткен жылдың 9 айында өңірге 231 мыңнан астам адам келген. Ал осы жылдың басынан бастап Маңғыстау облысына 3 000-нан астам шетелдік турист келген.

EL.KZ
Бөлісу: