Маңғыстауды көгалдандыру мәселесін шешуге ғалымдар жұмылдырылады

8 Мамыр, 23:13 688

Маңғыстау облысын абаттандырудағы түйіткілді мәселелер шешіліп жатыр. Ол үшін облысқа Ж.Жиембаев атындағы «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» мамандары шақырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрлан Ноғаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестер аясындағы келісім бойынша Ақтау қаласындағы жасыл желектерді күтіп-баптау, суаруға жауапты «GreenCityAktau» компаниясының басшылығымен және сарапшылармен кездесті. Олар көгалдандырудың бүгінгі жай-күйін талқылады.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында Маңғыстау облысындағы қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қаралды.

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев жасыл желектерді суару үшін тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану жобасы дайындалып жатқанын хабарлады. Бұл қазіргі су тапшылығын жою мақсатында жасалып отыр. 

Көгалдандыруға қатысты тұрғындар тарапынан айтылған сынды көріп, біліп жүрміз. Олардың қатарында қарастыруды қажет ететін бірнеше факторға байланысты пікірлер бар. Біріншіден, «GreenCityAktau» компаниясын бау-бақша қызметкерлерімен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, тамшылатып суаруды енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Үшіншіден, су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану механизмін зерделеп, енгізу маңызды. Биыл «Ақбота» саябағы қала балансына өткен, осыған орай ағаштарды суару «GreenCityAktau» компаниясына жүктелген. Суару маусымы басталғанда «Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының» мамандарын Ақтауға шақырдық. Олардан жасыл желектердің саулығын жақсарту, ағаштардың зиянкестері және ауруларымен күресу бойынша ұсыныстар күтеміз, – деді Ұлықбек Тналиев.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жасыл желек мәселесіне облыс орталығында ғана емес, басқа аудандар да ғалымдар тарапынан назар аударуды талап ететінін атап өтті. Маңғыстау облысының әкімі абаттандыру жұмыстары кешенді тәсілді қажет ететінін, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың, жеке компаниялардың, сондай-ақ ПИК пен МИБ қатысуын талап ететінін баса айтты. 

Құрылыс компаниялары жаңа шағынаудандарда үй салғанда жасыл желектерді отырғызуға мән беретінін байқап отырмыз. Дегенмен, барлық құрылыс компаниясы абаттандыру мәселесіне өз деңгейінде қарамайтынын мойындауымыз керек. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Бұған дейін «Таза Қазақстан» науқаны өткен болатын. Бұл науқан қай жерде, қалай өмір сүретінін ойлайтын адамдарды бір ортаға біріктірді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табу керек, – деп сөзін түйіндеді Нұрлан Ноғаев.

Зарина Арман
Бөлісу: