Маңғыстаудағы әлеуметтік наразылық. Мұсабаевтың сауалына премьер қалай жауап берді?

9 Маусым 2023, 12:15 3380

Мәжілістің 31 мамырдағы жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев үкімет басшысына Маңғыстау өңіріндегі жиі-жиі туындап отырған әлеуметтік наразылықтар туралы сауал жолдаған еді. Бүгін соған премьер-министр жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутат бұл сауалын екі ай бұрын ұлттық экономика министрлігіне жолдаған. Бірақ жауап мардымсыз болған. Сондықтан қайтадан Үкіметке жіберді.

2022 жылғы қаңтар айында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеуге арналған үкіметтік комиссия құрылған болатын. Комиссия өңірде өз деңгейінде нәтижелі жұмыс істей алмады. Оған дәлел, Маңғыстау өңіріндегі жиі-жиі туындап отырған әлеуметтік наразылықтар. Сондай өзекті мәселенің бірі – тұрғындар арасындағы жұмыссыздық. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінде 70 шамалы азамат бірнеше күннен бері ереуілге шығып, өндіріске баратын жолды жауып, оның ішінде 14 адам аштық жариялады, - деген еді Самат Мұсабаев.

Ол аудан бойынша жұмыссыздардың саны 1698 адам, оның ішінде «Жетібай» мен «Мұнайшы» кенттерінде 1035 адам жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтқан.
Депутат премьер-министрден Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге арналған арнайы Үкіметтік деңгейдегі комиссиясы құрылсын деп айтты. Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында қордаланған барлық мәселелерді анықтап, тиісті шешімдер қабылдап, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажеттігін ескерткен.

Сауалға жауап берген Әлихан Смайылов болса, бүгінгі таңда еңбек ұжымдарындағы жағдай тұрақты, компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр деп айтты. Ол комиссия құрылғанын, құрамына біраз сала өкілдері бар екенін жеткізген. Жауапта берілген анықтама дерегі бойынша жұмыс тобының құрамына кіргендердің жалпы саны 120 адам болған.

Тексеру барысында «Қазмұнайгаз» компаниялар тобының мұнай сервистік кәсіпорындары және «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен шарттық қатынастары бар өзге мердігер ұйымдар қамтылды. Жұмыс тобы мұнай сервисі кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырды, жұмыскерлердің ұсыныстары тіркелді, еңбек жағдайлары, цехтардың, жабдықтар мен техниканың жай-күйі және тағы басқа зерттелді. Бүгінгі таңда кездесулердің нәтижелері бойынша 2995 жолданым талданды, - дейді Әлихан Смайылов.

Ол бүгінгі таңда бас прокуратура мен жұмыс тобы аталған іс-шаралар бойынша жұмыстарды жалғастырып жатқанын айтты. Бұдан басқа, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу, еңбек жанжалдарын шешу және оларға жол бермеу тетіктері бойынша талдау жүргізу және ұсыныстар әзірлеу, елдің барлық өңірлерінде сапалы және атаулы түсіндіру-профилактикалық жұмысты қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс тобы бекітілді деп отыр.

Алмас Абылай
Бөлісу: