Бүгін Маңғыстау облысындағы "МАЭК" ЖШС ЖЭС №1 энергоблоктың жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Серіктестіктің баспасөз қызметі энергоблоктың 05.51-де толық түрде жұмыс істегенін мәлімдеді. Жөндеу жұмыстары тәулік бойы MAЭК қызметкерлерінің күшімен жүргізілген. 4 шілдеде кешкілік аталған нысандар апаттан кейін жөндеу жұмыстары басталғаны белгілі болған еді. Сондай-ақ, энергоблок қазандығын суыту үшін біраз уақыт қажет болды.
Кәсіпорынның қызметкерлері оқиға орын алған сәттен бастап энергоблок қазандығындағы жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтауға жұмылдырылған болатын. МАЭК мамандарының уақытында жедел іс-қимыл жасауының арқасында энергоблок жабдықтарына елеулі зақым келмегенін атады.
Нәтижесінде, облыс орталығы мен Маңғыстау облысының елді мекендерінің тұрмыстық тұтынушыларын электрмен жабдықтау бойынша шектеулер болған жоқ.
3 шілде күні түс ауа қазандыққа беріліп тұрған тоқ деңгейінің күрт өсуіне байланысты "МАЭК" ЖШС ЖЭС-те №1 энергоблогінде мәжбүрлі тоқтап қалған еді. Аталған жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізілген. Дегенмен жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталып отыр.