Маңғыстауда алып сәби өмірге келді

Кеше, 20:46 188

Ақтаудағы облыстық перинатальдық орталығында Маңғыстау ауданының тұрғыны салмағы 5 келі 760 грамм, бойы – 61 см  алып сәбиді  дүниеге әкелді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық перинатальдық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Дүниежүзілік акушерлік практикада бұл «алып ұрық» деп аталады.  Нәресте отбасындағы екінші бала, бірінші сәбиін 2022 жылы 4 келі 320 грамм салмақпен босанған.  Анасында гестациялық қант диабеті болған. Қазіргі таңда анасы мен баласының жағдайлары қанағаттанарлық, тұрақты. Дәрігерлердің жіті бақылауында.  

Алып бала босану ана мен бала  денсаулығына  үлкен қауіп төндіретінін көпшілік біле бермейді. Дәрігерлер нәрестенің үлкен салмағы (макросомия) анасы үшін өте қауіпті екенін айтады. Өйткені, табиғи босану кезінде қынаптың, жыныс мүшелері етінің, жұмсақ ткандерінің  жыртылуы орын алып, жатыр атониясынан босанғаннан кейінгі  қан кету қауіпі тууы мүмкін.

Босану барысында  қатерлі асқынудың бірі -  жатырдың жыртылуы (разрыв матки) орын алуы мүмкін. Сол себепті, көбінесе әйелді кесар тілігі отасы  арқылы босандыруға тура келеді. Үлкен салмақпен  босану барысында нәресте иық сүйегінің зақымдануы (дистоция) және  басқа да жарақаттар  алуы мүмкін.   

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: