Маңғыстау облысына медициналық мамандарды тарту мақсатында өңірге келген 60 дәрігер біржолғы әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осы мақсатта өткен жылдың соңында жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Облыстың ауылдық аудандарына жұмысқа келген 32 дәрігер 8.5 млн. теңгеден көтерме жәрдемақы алды, Жаңаөзен қаласын жұмысқа орналасу үшін таңдаған 11 дәрігерге 5 млн. теңгеден және Ақтау қаласында жұмысқа орналасқан 17 дәрігерге 3 млн. теңгеден төленді.
Көтерме жәрдемақы алушылардың арасында хирург, педиатр, жалпы практика дәрігері, офтальмолог, онколог, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, рентгенолог, психиатр және неонатолог бар.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 280 дәрігердің тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Денсаулық сақтау басқармасының басшылығына медицина қызметкерлеріне арналған көтерме жәрдемақы көлемін одан әрі арттыруды тапсырды.
2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы заңға қол қойғанын, оған сәйкес ауылдық жерге жұмысқа келетін аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлер 100 ЕТЖ немесе 8,5 млн.теңге мөлшерінде біржолғы төлем алатынын естеріңізге сала кеткен жөн.
Бұдан басқа, ауылға медициналық кадрларды тарту үшін әлеуметтік төлемдердің бірыңғай пакеті әзірленді. Ауылдық жерлерде жұмысқа кіріскен жас мамандар ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйге несие, жалақыға қосымша ақы алады.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандар үшін бюджеттік кредит 2 500 АЕК-ке (9,2 млн теңге) дейін ұлғайды, ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК-7,3 млн теңгеге дейін өсті.