Маңғыстауда 28 білім беру нысанына Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындар уақытша орналасты

14 Сәуір, 19:15 545

Маңғыстау облысының 28 білім беру нысаны Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрі Маңғыстау облысында болып, Атырау өңірінен эвакуацияланған тұрғындармен кездесті.

Ақтау қаласындағы оңалту орталығының жатақханасына Атырау облысының 73 тұрғыны орналастырылған, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін 11 бала бар. Кездесуде Ғани Бейсембаев үкімет тарапынан балалар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға аса көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығындарын өтеу туралы тапсырма берді. Үкімет бүгінгі таңда материалдық шығындарды өтеу бойынша шаралар қабылдауда. Біз үшін су тасқыны мен қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін балаларды оқумен және демалумен қамтамасыз ету аса маңызды. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында барлық жағдайлар жасалуда. Жалпыға бірдей білім беру қорының аясында балалар қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады, - деді министр.

Сондай-ақ министр мектептер мен колледждердегі эвакуациялық және гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде болды. Маңғыстау облысында барлығы 28 білім беру ұйымы азаматтарды уақытша орналастыру пункті ретінде ұйымдастырылған.

 Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министр Атырау облысында болып, педагогтермен және тұрғындармен кездесті. Маңғыстау облысынан кейін ол еліміздің солтүстігіндегі өңірлердің ахуалымен танысады.

Зарина Арман
Бөлісу: