Маңғыстау жыршылары "Қырымның қырық батырын" бірнеше елде насихаттайды

6 Шілде 2023, 11:48 1254

5-20 шілде аралығында Маңғыстау өнерпаздарының халықаралық турнесі басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы 15 күн ішінде Түркия (Анкара қаласының маңындағы «Ноғайауылы», Стамбул қаласы, Ескішехир), Әзірбайжан (Баку қаласы), Өзбекстан Республикасы (Ташкент, Хиуа қалалары), Қарақалпақстан Автономиялық Республикасының Нүкіс қаласына турне ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл турненің мақсаты - тарихы терең қазақ өнерінің жауһарларын әлемдік деңгейде насихаттап, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мəдени мұралар тізіміне енгізуге бағытталған. 

Сондай-ақ, аталған турне аясында келер жылы туғанына 165 жыл толатын, біртума дарын  иесі Мұрын жырау Сеңгірбекұлының жыраулық орындаушылық мектебін жаңғыртып, өңірдегі ұмытылуға айналған желілік эпикалық туындыларды орындау дәстүрін қайта қалыптастыру көзделген. 
 
Бұдан бөлек, "Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралы әзірленіп, баспадан жарық көреді. 

Турне бағдарламасы Алтын Орда, Ноғай ұлысы дәуірінің тарихын суреттейтін музыкалық шығармалардан құралған 2 бөлімнен тұрады.

1) Жыр:
 «Қырымның қырық батыры» эпосы.

2) Күй:
«Ел айырылған», «Қазақ пен ноғайдың айырылысуы», «Науайы күйлерінің желісі т.б. Турнеге облыстың қала, аудандарынан барлығы 14 адам аттанғалы отыр. 

 

 

Асқар Таудай
Бөлісу: