Маңғыстау өңіріне төтенше жағдай енгізілуі мүмкін

14 Тамыз 2023, 15:12 1093

Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы (МАЭК) апатқа байланысты өңірде төтенше жағдай режимін енгізу мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс тұрғындары күніне 3-5 сағатқа электр энергиясынан ажыратылып тұратын болады. Ең үлкен шектеулер өнеркәсіп орындарына енгізіліп жатыр.

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, «МАЭК» ЖШС-де электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы 545 МВт құрайды. Алайда, екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда 245 МВт-қа дейін азайды.

Аймақ басшылығы мемлекеттік органдар және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жедел штаб құрды.

«Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов ең бірінші кезекте әлеуметтік объектілерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мән берілетінін айтты.

Облыс басшылығының төрағалығымен құрылған жедел штабқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. Олар электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқа нысандарда жағдай қиынырақ. Сонымен қатар ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз - деді ол.

Жедел штаб отырысында төтенше жағдай режимін енгізу туралы мәселе қаралды.

ТЖ енгізу туралы мәселе қаралуда. Әзірге бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз. Өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Орын алған жағдайда бізді жүйелік оператор – «KEGOC» АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт-қа дейін алуға көмектеседі - деп түсіндірді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев.

Айта кетейік, Маңғыстау облысының бірқатар елді мекенінде электр энергиясын «тиімді» ажырату әдісі қолданылатынын жазған едік.

 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: