Маңғыстау облысының басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталып, 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған міндеттері туралы баяндама жасады. Облыс дамуының негізгі бағыттары - өңдеу өнеркәсібі, туризм, шағын және орта бизнес, көлік және логистика, сондай-ақ агроөнеркәсіп салалары. Аталған бағыттардың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірге соңғы бес жылда 4 трлн.теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Облыс әкімі өңірде кезек күттірмейтін мәселелердің бірі - инженерлік желілерді қайта құрылымдау бағытында атқарлып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін 919 шақырым инженерлік желілерге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланды.
Бүгінгі күні қаланың төменгі 6 шағын ауданында 60 шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары 95%-ға аяқталды. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 82%-дан 73%-ға дейін азаяды. Өңірімізде өндірілетін электр энергиясының қуатын арттыру мақсатында 2025-2027 жылдары «МАЭК» ЖШС, Қарақия, Маңғыстау ауданы мен Жаңаөзен қаласында 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Облысымызда күрделі сұрақтардың бірі -ауыз су мәселесі. Қазіргі таңда, ауыз сумен қамту тәулігіне орташа есеппен - 173 000 м3, ал ауыз су тапшылығы тәулігіне 54 000 м3-ты құрап отыр. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін су тұщыту қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланды.
Өңірдегі тағы бір күрделі мәселе - әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды тұрғын үймен қамту шешімін табуда.
Қазіргі таңда, облыста 25 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның ішінде 9 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатады.2024 жылы аталған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ауданы 66,1 мың шаршы метрді құрайтын 941 пәтер сатып алынды. Бұл шаралар кезекте тұрған осал топтағы азамтаттар санын 10%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады, -деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Кендірлі» курорттық аймағының потенциалын одан әрі дамыту,Баку мен Дубай қалаларының тәжірибесін қолдана отырып жағажайды дамыту қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Ақтау қаласының бас жоспарына өзгеріс енгізілді.
Жоспарға сай Ақтау қаласында 10 мың орындық стадион, теңіз вокзалы, «Әуенді домбыра» сәулет құрылысы мен жаңа жағажай сынды нысандар бой көтеретін болады. Ал, Кендірлі курорттық аймағының дамуына оң серпін беру үшін дәстүрлі жағажай және экотуризммен қатар, ойын-сауық туризмі бағытын дамытуды қарастырудамыз. Осы бағытта Маңғыстау облысының туристік аймағын дамытудың 2025 – 2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы жасақталып, қазіргі таңда орталық мемлекеттік органдарға келісуге жолданды, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері Маңғыстаудың көрікті жерлеріне туристік нысандар салу, экологиялық мәселелерді шешу, мектеп формасын тігетін кәсіпорын ашу, өңірге медицина мамандарын тарту сынды бірқатар өтініштерін жеткізді.