Маңғыстау облысындағы ауылда су тұшыту зауыты салынады

15 Тамыз 2023, 02:28 759

Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Халық» қайырымдылық қоры Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метр су тұшыту зауытын салу бойынша меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, «Халық» қайырымдылық қоры бұл жобаға 300 млн теңге бөледі, деп хабарлайды.

«Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов Ақшұқыр ауылында салынатын су тұшыту зауыты өңірді дамытуға бағытталған көптеген бастамалардың бірі ғана екенін атап өтті.

Бұл әлеуметтік жобаны «Халық» қоры қолдауға дайын. Бірнеше күннен бері Біз Жаңаөзендегі спорт алаңдары мен сауықтыру кешенін қоса алғанда жаңа жобаларды іске қосуға ат салысудамыз. Осы жобаларға қордың атынан барлығы 4 млрд теңге бөлінеді, - деді Нариман Әбілшайықов.

Түпқараған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Алтынғалиевтың айтуынша Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылы Ақтау қаласына жақын маңайда орналасқандықтан халық саны жыл сайын артып келеді.

Зауыттың іске қосылуы жергілікті тұрғындардың жағдайын едәуір жақсартады. Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдары халқының көпшілігі бау-бақша баптайды. Сондықтан да бұл жаңалық тұрғындарды қуантары сөзсіз, - деді Талғат Алтынғалиев.

Айта кетейік, 2023 жылдың ақпан айында «Халық» қайырымдылық қорының бағдарламасы аясында Сайын Шапағатов ауылында су тұшыту зауыты іске қосылған.

Біз «Халық» қайырымдылық қорынан жеңілдетілген несие алдық. Нәтижесінде Сайын Шапағатов ауылында су тұшыту зауытын құрдық. Қазіргі таңда зауыттың қуаттылығы тәулігіне 1200 текше метр су өндіреді. Алдағы уақытта жер астынан келетін судың көлемін 2600 текше метрге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни ауылдағы барлық үйлер сумен толықтай қамтамасыз етіледі, - деді Олжас Қаржауов.

Берік Арманов
Бөлісу: