Маңғыстау облысында “Құрық-Жетібай” тасжолына асфальт төсеу басталды

17 Наурыз 2023, 15:08 1637

Күн райының жылынуына байланысты Маңғыстау өңірінде жол құрылысы маусымы басталды. Наурыз айының ортасынан бастап жолшы мамандар күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылған республикалық маңызы бар “Құрық-Жетібай” тасжолында асфальт төсеу жұмыстарын қолға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.

Жолдың жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Күрделі жөндеу жұмыстарын жергілікті мердігер ұйым компаниясы атқарып жатыр. Биыл құрылыс жұмыстары тасжолдың екі учаскесінде жалғасады. Қолға алынған құрылыс жұмыстарына 120 маман мен 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Жол III техникалық санатқа жатады. Өңірдегі Қарақия және Маңғыстау аудандарын жалғайды, - делінген ақпаратта.

Күрделі жөндеу жобасы аясында теміржол арқылы өтетін жол өтпесін салу көзделген. Жолшылар жол өтпесінің тірегін орнатты.

Сонымен қатар, биыл күре жолға жақын жерде арнайы базаның құрылысы басталды. Жолдың қасында орналасқан арнайы база қысқы уақытта жолды уақтылы әрі сапалы күтіп-ұстауға мүмкіндік береді.

Жол бойында жолаушыларға арналған демалыс алаңдары да салынады.

Естеріңізге сала кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталды. Жолдың 11 шақырымында жаңа асфальт төселді, 32 шақырымында жер төсемі орнатылды. Биыл 41 шақырым жолға жаңа асфальт төсеу көзделді.

EL.KZ
Бөлісу: