Маңғыстау облысында 36 адам тамақтан уланып қалды

25 Ақпан, 23:21 898

Бейнеу ауданында қоғамдық тамақтану орталығында ас ішкен 36 адам уланып, оның 28-і ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауыр. Уланғандар аудан орталығындағы «Али-Ман» атты дәмханада тамақтанған. 22 ақпаннан бастап аталған қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.

Науқастарға облыстың бас инфекционист-дәрігерімен телемедицина арқылы консилиум ұйымдастырылып, тиісті ем-дом тағайындалды. Бейнеу аудандық көпсалалы ауруханасы дәрі-дәрмектердің жеткілікті қорымен қамтамасыз етіліп, қосымша 20 адамға орын дайындалады. Амбулаториялық ем алатын науқастарға қажетті бактерияға қарсы және симптоматикалық ем тағайындалды. Қазір осыған байланысты эпидемиялық шаралар жалғасып жатыр, - деп жазылған Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасыны баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жаппай тамақтан улану дерегі бойынша Маңғыстау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: