Маңғыстау облысын жылу және газбен қамтамасыз етуге 3,7 млрд теңге бөлінеді

5 Мамыр 2023, 14:53 1245

Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге Ақтау қаласы мен қалаға жақын маңдағы ауыл тұрғындарын жылу және газбен қамтамасыз етуге бөлінеді. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

ҚР Үкіметі «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырынан автоматтандырылған газ тарату стансасы орнатылатын магистральдық газ құбыры құрылысын аяқтау үшін өз резервінен 3 млрд 695 млн 925 мың теңге бөледі. ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойған.

Бүгінде Ақтаудың солтүстік бөлігі қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр. Биыл қаланың кеңейіп келе жатқан бөлігін жылумен қамту мақсатында бірқатар блок-модульді қазандық орнату және екі жаңа қазандық салу жоспарланған. Жаңа қуат көздері газбен жұмыс істейтін болады, осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды кеңейту қажет, - делінген мәліметте.

Жалпы ұзындығы 52 шақырым болатын жаңа газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағын аудандары, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе, Дәулет, Баянды ауылдары, сондай-ақ Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарының 150 мыңға жуық тұрғынын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етеді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: