Маңғыстауға саяхаттаудың 10 себебі

26 Мамыр 2017, 12:42 29617

Тылсым табиғат сізді қызықтыра ма?

Маңғыстау жері ерте заманнан өзінің құпия сырымен тамсандырып, таңғалдырған киелі өңір. 360 әулиеге мекен болған өлкеде табиғаттың тылсым орындары өте көп кездеседі. Саяхаттауды жоспарлап жүрген болсаңыз, Қазақстанның оңтүстік-батысына жол тартқаныңыз дұрыс. Себебі, мұнда сіз міндетті көру керек 10 жер бар.

Жер астындағы Бекет-ата мешіті

Бекет ата Маңғыстау өңіріндегі жер асты ғимараттардың атауы. Жалпы, Бекет Ата Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдары ғұмыр кешкен әулие, халық батыры, ағартушы болған. Оның білімділігі мен батырлығы өз заманында халық арасында кең таралған. Халық оны ерекше қадірлеп, әулие санаған. Бекет Ата төрт мешіттен тұрады. Олар әр жақта орналасқан екен. Бірі Маңғыстаудан алыс емес, келесісі Бейнеуде болса, үшіншісі Жем бойында, ал соңғысы Арал жағасында делінеді.

Талайды тамсандырған – Шерқала

Шерқала – Қаратаудың орталық және батыс жоталарының ортасында орналасқан тау түзілісі. Сырттай қарасаңыз, төңкеріліп тұрған кесеге ұқсайды, кейбіреулер киіз үйге де теңестіріп жатады. Аңыздарда  Шерқаланың жоғарысында қалашық болған деседі. Халық осы жер арқылы жауларынан қорғанып отырған екен. Желдің жиі соғуынан таудың солтүстік бөлігінде біршама өзгеріс орын алған. Ал оңтүстігі мен шығысы тік, адамның жүруіне ыңғайлы.

Қарақия ойпаты

Қарақия ойпатының тереңдігі 132 метрді құрайды. Ал ұзындығы болса 50 шақырымға жетеді. Бұл ойпат Үстірт шоқысының бір бөлігі, ал сілемелері неоген шөгінділерінен тұрады. Қарақия төбесінен айналаны тамашалауға зор мүмкіндік бар. «Қарақия» сөзі «қара аңның араны» маңынасын береді екен. Ойпат бұрынғы жылдары Каспий теңізінің бір бөлігі болғандықтан, теңіз толқындары Қарақия шығанағына шығыпты. Сондай-ақ, ойпаттың солтүстік-шығысында тарихи ескерткіштер, ежелгі адамдардың қоныстанған мекені болған.

Сырлы Саура көлі

Саура көлі үш жағынан тік жартастармен қоршалған, ол жартастардың тостаған тәрізді биіктігі шамамен 50 метрге дейін жетіп жығылады. Саура шатқалдары көркемдігімен, жұмбақтығымен ерекшеленеді. Мұнда көптеген тасбақалар мекен етеді. Саура көлі тұщы болып келеді. Теңіздің түбі құмды, теп-тегіс. Айналасындағы жаңбыр суынан пайда болған көлшіктер күн көзіне шағылысып, бұл жердің әсемдігін одан сайын арттыра түседі.

Торыш шар алқаптары

Маңғыстау жерімен келе жатсаңыз, көптеген шақырымдарға ұласып жатқан тегіс жерден кейін бірден табиғат тылсымына куә боласыз. 250 жылдан бері ғалымдар сырын аша алмай жатқан Торыш шар алқабы пайда болады. Осы тас шарлар немесе тас конкрециялар ерекше күш қуатын бойына жиған минералдық тау тастарын құрайды екен. Маңғыстауға келіп тұрып, бұл құпиялы алқапқа ат басын бұрмай кету айып болар. Сізге керемет көңіл-күй сыйлайтын табиғат таңғажайыбы күтіп тұрғаны анық.

Тұзбайыр тұзды көлі

Батыс үстіртпен шектесетін тұзды көлдің ұзындығы 20 шақырымнан асады. Ені болса 5-6 шақырымға созылып жатыр. Кей деректерге сүйенсек, Әмудария арнасы ежелгі Үзбай өзені арнасымен бойлай келе, Оңтүстік Үстіртті жиектеп Тұзбайыр арқылы Каспий теңізіне құйған екен. Көктем және күз мезгілінде жауын-шашынның көптігінен көл суға толып тұрса, қалған уақыттары көл табанын әр түрлі қалыңдықтағы ас тұзы шөгіп жатады.

Айрақты тауы

Батыс Үстірт кемерінің шеткі солтүстік-батысы мен Өліқолтық сорының түйіскен жеріндегі тау. Жергілікті тұрғындар арасында бұл жер Айрақты-Шоманай деп аталады. 1851 жылы уркаиндық ақын және суретші Тарас Шевченконың өзі болып кетіпті. Таудың абсалютті бтиіктігі 148 метрге жетеді.

Үстірті шоқысының ең көрікті жері – Бозжыра

Бозжырадағы «Азу» атты екі таудың биіктігі 200 метрге дейн жетеді. Бозжыра шатқалы тамаша табиғат көріністерімен ерекшеленеді. Дегенмен ондай керемет көріністі кәсіби саяхатшылар мен зерттеушілерге ғана көруге мүмкіндік бар.

Қарынжарық – оңтүстік-батыстағы соңғы нүкте

Ойпаттың тереңдігі теңіз деңгейінен 75 метрді құрайды.  Қарынжарық – Маңғыстау облысының Қарақия ауданында орын тепкен. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстік-батысқа қарай 130 – 160 шақырымға созылып жатыр, ені 24 – 40 шақырымға жетеді. Алып жатқан көлемі – 2 мың км2. Мұндағы басты жыныстарының мүжіліп, үгілуінен туындаған құмды төбелердің биіктігі кейде 5 – 15 метрге дейін барады. Кейбір жерлері тақырланып, сортаңға, сорға айналып кеткен.

Қиялыңызға қанат бітірер – Каспий

Маңғыстау облысы жағасын теңіз шайып жатқан Қазақстандағы жалғыз өңір. Каспий теңізі тұзды суымен ерекшеленіп, жылы толқындарымен келушілерін баурап алады. Бір рет Каспийді көрген адам міндетті түрде қайта оралуға құмартып тұрады екен. Мұнда жартасты мүйістер көп, Ақтау қаласының атауының шығуына да сол мүйістердің тікелей қатасы бар. Ақ тастан қала тұрғызғандар үшін қала атауын таңдай аса қиындық туғызбаған секілді.  

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: