Маңғыстаудағы су пірі, ақиқат па аңыз ба?

6 Маусым 2017, 16:27 12221

Сұлтан үпі жайлы аңыз-әңгімелер

Әулиелі өңір Маңыстауда су пірі саналатын Сұлтан үпінің жер асты мешіті бар. Ол Форт-Шевченко қаласының солтүстік-шығысынан алпыс шақырымға жуық жерде, Сарытас шығанағына жақын, Сұлтан үпі аталатын сайдың жоғарысында орын тепкен. Бұл жерасты мешітін мемлекет 1993 жылы қорғауға алды.

Неге Сұлтан үпі ізім-ғайым жоғалып кетті?

XIX ғасырдың 70 жылдары Тбилисиде басылып шыққан «Предания адаевцев о святых секты ханафие, живших и умерших на Мангышлаке//Сборник сведений о кавказских горцах» жетінші шығарылымында Сұлтан үпі туралы аңыз бар. Ол жерде Хакім атаның Мұхаммед-қожа, Әскер-қожа, Құббы-қожа (ел оны Сұлтан үпі атап кеткен) атты үш ұлы болғаны айтылады. Кіші баласын Хакім ата үйде тәрбиелеуді жөн көреді, ал өз кезегінде Құббы-қожа әкесін қатты құрметтеп, міндетті намазын оқу үшін Меккеге ұшып барып жүрмеуі үшін Қағбаны әкеліп берген, тері мен сүйектен жануарды қайта тірілтуі тәрізді керемет қасиеттерге ие болған көрінеді. Сондай-ақ, ел арасында оның теңізде апатқа ұшырағандарға көмек қолын созып, оларды құтқарумен айналысқаны жайлы кеңінен айтылады. Хакім ата баласына сенімсіздік танытып, әрдайым сын көзбен қарайтын болған екен. Осыған шыдамаған Сұлтан үпі ата-анасына ештеңе айтпастан, үйден кетіп қалады.

Кей аңыздарда балаларының басын қосқысы келген әке туралы айтылады. Осы жиналысқа кенже ұлы кешігіп қалады. Ол теңізде апатқа ұшыраған жандарға көмектесіп, дәл уақытында жете алмай қалғанын айтса да, әкесі оған қатты налиды. Бұған шыдамаған бала үйінен шығып, қайта оралмапты. Содан бері халық арасында теңізде ауыр халге душар болғандарға Сұлтан үпі көмектеседі деген сенім бар.

Ұлын ұзақ іздеген Хакім ата оны еш таба алмайды. Осы оқиға құлағына жеткен Қожа Ахмет баласына дұрыс қарамаған Хакім атаға молаңның үстінен қырық жыл тоқтаусыз су жүрсін деп бата беріпті. Осыдан кейін-ақ, Әмудария өзені бағытын өзгертіп, Бақырғани қаласын қиратып, қырық жыл бойы тоқтамай аға береді. Тек аталған уақыт жеткенде ғана өзен тартылыпты-мыс.

Мешіт тұрғызған әлжуаз бала

Сұлтан үпі жоғалғанына ғасыр өткен соң, Маңғыстау жерінде, Сұлтан үпі сайында бала оқытатын молда болыпты. Балалардың ішінде біреуі өте әлжуаз, басқа балалардан көп қорлық көреді екен. Ол бір күні осы соқтыққа шыдамаған соң, өмірден баз кештім деп дала кезіп кетеді. Қатты шаршаған бала ұйықтап кетсе керек, түсіне Сұлтан үпі кіріп, «ұйқыңнан тұр, балам, осы даланы кезе берсең, тас үстінде бүркіт көресің, сол жерден мешіт сал» дейді. Әлжуаз бала мешіт салатын ешқандай күш-қуаты жоғын айтса да, әулие оған күш беремін дейді. Сонымен қатар, бала ілім танитын тамаша қабілетке де ие болады. Осылай дала шарлап жүріп, бүркітті тауыпты. Аталған жерді белгілеп, мешіт салдырып, сопы атаныпты.

Қиын сәтте демеу болар Сұлтан үпі

Құббы қожаның Сұлтан үпі атануы туралы көптеген әңгімелер бар. Үпі сөзі – сопы дегенді білдіреді десе, жертөледе мекен еткендіктен солай аталған деушілер де табылып жатыр. Ал түркімендерше бұл көрінбей кеткен «әулие» мағынасында. Суға кетушілер көмек сұрағанда ол судан шығып жәрдемдеседі деген сенім бар. Сондай-ақ, тоқтамай нөсер жауғанда, тасқыннан қорыққан халық Сұлтан үпіден көмек сұрайды екен.

Сұлтан үпінің дала мешітінде шығысты көрсетіп тұрған сыйынар тас бар, ол қорған тастармен қоршалған, адамдар бұл жерді қорған ретінде санайды. Зираттың үстінде ұзын сырық тұр, кей аңызға сүйенсек, оған әулилер көтеріліп тұратын болған екен. Адамдар осында келіп, сырыққа мүйіз іліп немесе мата байлап кетеді. Мұнда зиярат етіп келушілердің легі ешқашан тоқтаған емес.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: