Манарбек Қылышқанов: АЭС — экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көзі

28 Қыркүйек, 19:34 768

Манарбек Қылышқанов – физика және математика ғылымдарына еңбек сіңірген ғалым. Ол қазіргі таңда «Үлбі метталургиялық зауыты» АҚ ғылыми орталығын басқарады. Сарапшы ретінде елімізде атом энергетикасының даму перспективасы мен қажеттілігіне баға берді.

Ол ядролық отынды тасымалдау кезінде қауіпсіздік шараларына қалай көңіл бөлу керектігін түсіндірді. Сондай-ақ атом энергиясын қолдану тың тәжірибе емес екенін, яки қазірдің өзінде Ақтауда жылдам нейтрондардан құралған энергетикалық реактор БН-350 негізінде бейбіт атомды дамыту мақсатында ғылыми-техникалық базаның қалыптасқанын атап өтті. Атом электр станциясы салынған жағдайда елімізде ядролық медицина мен өнеркәсіп технологиялары қарқынды түрде жұмыс істейтініне тоқталды.

El.kz: Манарбек мырза, ядро отынын тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптары қалай сақталады? Ал АЭС-те апат болған кезде тұрғындарды ескерту жүйесі жұмыс істей ме?

Манарбек Қылышқанов: Атом электр станциясы елімізде жаңа бағыт болғандықтан, өзге елдердің тәжірибесін зерттеп, барлық нормативтік құжаттарды қарап шығып, содан кейін Қазақстанның  нормативтік және заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, пайдалану қауіпсіздігіне, ядролық және радиациялық материалдармен жұмыс істеу қауіпсіздігіне және атом станциясының жұмысын бақылауға назар аударуымыз қажет. Сарапшылардың басын қосатын қоғамдастық құрылуы мүмкін. Мамандардың қандай салада жауапты болатыны нормативтік актілерде айқын көрсетіледі.

El.kz: АЭС-ті пайдалануға байланысты тәуекелдерді сақтандыру мәселесі қалай шешіледі?

Манарбек Қылышқанов: 60 жыл ішінде үш ірі апат болды. 1979 жылы АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд станциясында ақау салдарынан реактордың активті аймағы балқып кету қаупі болды. 1986 жылы Чернобыль АЭС-і жарылды. 2011 жылы Жапонияда жер сілкінісі мен цунамиден кейін Фукусима АЭС-інде апат болды. Сол кезде алты реактордың үшеуінде ядролық отын балқып кеткен. Бұл станциялар 1-2 ұрпаққа жатады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 3+ буын реакторын салу жоспарланып отыр. Айтарлықтай апаттың ықтималдығы жылына 10 -7 оқиғаға тең.

El.kz: Атомды бейбіт мақсатта пайдалану технологиялары қандай деңгейде деп ойлайсыз?

Манарбек Қылышқанов: Біздің елімізде ядролық технологиялар саласында жақсы дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Мысалы, Ұлттық ядролық орталық  (ҰЯО) АЭС қауіпсіздігіне туралы арнайы зерттеу жұмыстарын дайындаған. Аталмыш зерттеудің Франция, Ресей, Жапония сынды елдерде атом энергиясын пайдалану барысында немесе станция салу кезінде қолданылғаны мәлім. Одан бөлек Алматыда орналасқан Ядролық физика институтының мамандары да іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Халықаралық атом энергиясы бойынша МАГАТЭ тапсырмасымен қырғыз еліне медициналық радиоизотоптар жеткізіп жатыр. Сонымен қатар, кадр даярлау ісінде сұраныс жоғары.

Қазақстан үшін атом энергетикасы жаңа сала емес. Өткен ғасырда Ақтауда (сол кездегі Шевченко) әлемдегі алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік жылдам нейтрондардағы энергетикалық реактор БН-350 сәтті пайдаланылды. Қазір республикада үш зерттеу атом реакторы жұмыс істейді: екеуі – Ұлттық ядролық орталық базасында, біреуі – Ядролық физика институты базасында.

Мұның бәрі отандық атом энергетикасын дамыту қажеттілігі туралы сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде:

El.kz: Атом электр станцияларының қоршаған ортаға тигізетін зардабы мен зияны немесе артықшылығы қандай?

Манарбек Қылышқанов: АЭС — экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көзі. 1,2 гигаваттық реакторға уранды жүктеген кезде АЭС-тің 60 жылдық пайдалану мерзімінде шамамен 1500 тонна пайдаланылған ядрoлық oтын және өндірістік қызметтен туындаған аз ғана көлемдегі қалдықтар түзіледі. Ал көмір электр станциясы жыл сайын 3-тен 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын атмосфераға шығарып, осыны 60 жылға көбейтсек, 180-ден 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығаратынын көреміз.

Сонымен бірге, АЭС жағдайында қоршаған орта зардап шекпейді, себебі жоғары радиоактивті қалдықтар арнайы қоймаларда сақталады, олардан болашақта пайдалы материалдар алуға болады. Бұл сақтау қатаң реттеліп, толық қауіпсіздікте жүзеге асырылады. Бақылау көптеген деңгейде, соның ішінде МАГАТЭ деңгейінде жүргізіледі. Осылайша, АЭС-тің артықшылықтары айқын.

El.kz: АЭС салқындату су қоймасындағы суға қалай әсер етеді? Қазақстанда су тапшылығы өткір мәселе болып отыр. АЭС-ті қалай салқындатады?

Манарбек Қылышқанов: АЭС-тегі салқындату мұнараларындағы (градирнялардағы) су шығындары климаттық жағдайларға байланысты, яғни булану мөлшеріне және айналымдағы су көлеміне тәуелді. Екі блокты, қуаты 2 400 мегаваттық АЭС-тің жобалық су шығыны жылына шамамен 63 миллион текше метрді құрайды, бұл Балқаш көліндегі табиғи буланудың 0,32%-ына тең, ал көлден жылына 18 миллиард текше метрден астам су буланады. Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 миллиард текше метр болғандықтан, АЭС көлдің су балансы мен экологиясына әсер етпейді деп айтуға болады.

El.kz: Радиоактивті бөлшектер тамақ пен суға енуі мүмкін бе?

Манарбек Қылышқанов: Жоқ, бұл мүлдем мүмкін емес.

El.kz: АЭС-тен шыққан пайдаланылған уранды қалай кәдеге жаратуға болады?

Манарбек Қылышқанов:  3+ буын реакторларының пайдаланылған ядролық отыны келесі буын атом реакторлары үшін әлеуетті стратегиялық шикізат болып табылады. Яғни, уақыт өте келе, сенімді 4-буын реакторларының дамуы кезінде бұл ресурс олар үшін отын ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан қазір 3-буын реакторларымен «жұмыс істеп жатқан» барлық елдер пайдаланылған отынды экспорттамайды, оны болашақта пайдалану мақсатында арнайы қоймаларда сақтайды. Өйткені кез келген қазба органикалық отын ерте ме, кеш пе таусылатынын түсіну керек, ал қазірдің өзінде өндірілген уран, соның ішінде пайдаланылғаны да, ұзақ мерзімге жетеді. Сондықтан мұндай түрдегі «қалдықтардан» қорқудың қажеті жоқ.

Зарина Арман
Бөлісу: