Мамыр айында болатын өзгерістер, тыйым мен шектеулер

29 Сәуір, 17:07 4788

Арғы күні мамыражай, мерекеге толы мамыр есігімізді қаққалы тұр. Биыл табиғат апатынан зардап шеккен халқымыз осы айда еңсесін тіктейді деген ойдамыз. Мамырдың басқа да ерекшеліктері болмақ. Осыған орай El.kz бұл айда болатын өзгерістерді еске салып өтуді жөн көрді. 

Жаңа ипотекалық бағдарлама

7-9-20-19. Бұл – Қазақстанда 1 мамырдан бастап іске қосылатын «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасының шарттары. Мұны тарқатып айтсақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7 пайыз, ал қалған санаттағы азаматтар үшін жылына 9 пайыз. Бастапқы жарна – 20 пайыз, несиелендіру мерзімі 19 жылға дейін.

Несиенің ең жоғары мөлшері – Астана мен Алматыда 36 миллион теңге, өзге өңірлерде 30 миллион теңге.

23 сәуірде Үкіметте өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов бұл бағдарламаға еліміздің 18-ден 63 жасқа дейінгі барлық азаматтары және қандастар өтінім бере алатынын айтты. Тек соңғы бес жылда жылжымайтын мүлікке қатысты операция жүргізбеген болуыңыз керек немесе иелігіңізде жылжымайтын мүлік болмауға тиіс.

Оның бұған дейінгі «Отау» бағдарламасынан айырмашылығы – бұл жерде біз депозит мерзіміне қатысты шарт қоймаймыз. Депозитті 30 сәуірде ашып, оған 1 миллион теңге құйып, іріктеуге қатыса бересіз, – деді Нұрлан Ақшанов.

«Наурыз» бағдарламасы бойынша алуға болатын жылжымайтын мүліктер «Баспана маркет» порталында тұр. Ол сегіз жылға шақталған. Осы уақыт ішінде 68 мың отбасы баспаналы болуға тиіс. Алғашқы жылы 300 миллиард теңгеге 12 мың қарыз және одан кейін жыл сайын 200 миллиард теңгеге 8 мың қарыз беру жоспарланып отыр.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, несие Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында бірінші реттік баспанаға, ал моноқалалар мен ауылдық жерлерде екінші реттік баспанаға беріледі. Екіншісіне жұмсалатын ақша жылына бөлінетін қаржының 30 пайызынан аспауы керек.

Жаңа жол белгілері мен ережелері

1 мамырдан бастап елімізде жаңа жол белгілері қолданысқа енеді. Олар ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары» ұлттық стандартына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда қарастырылған. 

Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті мен Қазақстан стандарттау және метрология институты әзірлеген бұл өзгерістер жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге және жол қозғалысының барлық қатысушысына қолайлы жағдай тудыруға бағытталып отыр.

Біріншіден, енді гибридтілерінен бөлек барлық электрлі автомобильдерде «Электромобиль» белгісі болуы қажет.   

Екіншіден, көшелерге мынадай жол белгілері қойылады:

«Электр самокатпен жүруге тыйым салынады». Бұл белгі жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апатты жағдайдың алдын алу үшін тротуарларға орнатылады;

«Диагоналды жаяу жүргіншілер өткелі»;  

«Параллель жүріс бөлігіне ауысу»;

«Параллель жүріс бөлігінің соңы».

Бір айта кетерлігі, бұл белгілердің кейбірі Алматы мен Астанада тест түрінде қолданылған. Сөйтіп, олардың тиімді екені анықталыпты.

Жоғарыда келтірілгендер – жаңадан енгізілетін негізгі жол белгілері.

Мамандардың айтуынша, жалпы жол инфрақұрылымы мүгедектігі бар және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдарға және осындай жандарды алып жүретін көлік жүргізушілеріне барынша ыңғайлы етіп жаңартылған.

Сондай-ақ 6 мамырда жаңа жол қозғалысы ережелері күшіне енеді. Онда «жаяулар өтпежолы», «қиылыс» деген түсініктер нақтыланған, сонымен қатар жол-көлік оқиғасы туралы құжатты полиция шақырмай-ақ толтыру мүмкіндігі қарастырылған.  

Жалғыз тұтас жолақты кесіп өту әкімшілік құқық бұзу болып саналады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабына сәйкес бұл үшін адам жарты жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Бағдаршам жарығында жаңа таңба пайда болды. Жанып тұрған жасыл түсте «+» таңбасы тұрса, ол қарсы бағытта келе жатқан көліктер үшін тыйым салатын қызыл түс жанып тұрғанын білдіреді. Ал өшірілген жасыл түстегі «+» қарсы бағытта келе жатқан көліктер үшін рұқсат етілген жасыл түс қосылғанын көрсетеді.

Жүргізуші бұрылу маневрін тек өз жолағында жасай алады.Есесіне кіші радиуста да, кең радиуста да кері бұрылуына болады. Ал қарсы бағыттан бұрылатын көлік оның оң жағынан өтуі керек.  

Арнайы жолақпен қоғамдық көліктер ғана емес, салмағы 5 тоннадан асатын және 8 жолаушылық орыны бар басқа да автобустар жүре алады.

Автокөлік терезесіне қалқа (дефлоктор) орнатуға рұқсат беріледі. Сонымен қатар машинаға үстіңгі жүкқойғыш орнату немесе тіркеме жалғау оны қайта жабдықтау болып есептелмейді.  

Жұмыртқаны сырттан әкелуге тыйым

1 мамырдан бастап Қазақстанға тауық жұмыртқаларын автокөлікпен әкелуге тыйым салынатын болды.

Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқаларын (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатуралық коды: 040721) әкелуге алты ай мерзімге уақытша тыйым салынды, – делінген АШМ хабарламасында.

Бірақ бұл тыйым еліміздің аумағы арқылы тауық жұмыртқасын алып өтушілерге жүрмейді. Соның ішінде Еуразия экономикалық одағына мүше бір мемлекеттен осы одақ құрамындағы екінші мемлекетке Қазақстан арқылы өткізуге қолданылмайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер аталған азықты жеткізуге уақытша тыйым отандық өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілгенін айтты. Өйткені министр бұйрығы күшінде болатын алты айда елде жұмыртқаға сұраныс төмендеп кетеді. Бұл кезде халықтың қажеттілігі өнеркәсіптік өндіріс және үй шаруашылығы өнімдерінің нарыққа көптеп шығуы арқылы қанағаттандырылады. Осы жағдайдан жұмыртқа арзандап, ол құс фабрикаларының жұмысына кері әсер етеді. Яғни мұндай кәсіпорындардың тиімділігі төмендеп кетеді.

Аталған кезеңде бұл саланы тығырыққа тірейтін тағы бір жайт бар. Ол – күннің жылы кездерінде жұмыртқаны сақтау мерзімінің қысқаратындығы. Осы мезгілде бұл өнімді алу көлемі артатыны мәлім. Бұл қоймаларда тауық жұмыртқасының шамадан тыс жиналуына әкеп соғады. Ал ол ысырапшылдықты тудырады.

Астана әуежайындағы ұшу мен қонуға шектеу

Астана халықаралық әуежайында 1 мамырдан бастап ұшақтардың ұшуы мен қонуына шектеу қойылмақ. 

2024 жылдың 1 мамырынан бастап түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін Астана әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге жабу жоспарланғанын естеріңізге саламыз. Осыған байланысты Астанадан және Астанаға орындалатын әуе компаниялары рейстерінің кестесіне өзгерістер енгізілуде, – делінген әуежай баспасөз қызметінің хабарламасында.

Әуежай өкілдері жолаушылардан сапарын ертерек жоспарлауды және әуе компанияларының анықтамалық қызметтері мен хабарламаларын, қосымшалар мен әуежай қызметтерін және басқа да барлық тиісті ақпарат көздерін пайдалануды сұрап отыр.

Қоғамдық көлікпен тегін жүру

1 мамырдан бастап Шымкентте мектеп оқушылары қоғамдық көлікпен тегін жүретін болды. Бұл туралы Tolem электронды жүйесін жүзеге асырып отырған компания өкілдері хабарлаған еді. Ақпаратты Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков растады. Осылайша, үшінші мегаполисте автобус және троллейбуспен тегін және жеңілдікпен жүретіндер қатары артып жатыр.

Жақында оқушы картасы жолақысы тегін болады. Бұл мектеп оқушылары картаны тіркеу үшін валидаторға міндетті түрде қою қажет, бірақ картадан ақша шешілмейді. Бұл өзгерістер 1 мамырдан бастап күшіне енеді, – деп жазылған Tolem-нің хабарламасында.

ONAY Теміртауға жетті

Ал Қарағанды облысындағы Теміртау қаласының қоғамдық көліктерінде 1 мамырдан бастап электронды төлем жүйесі іске қосылады. Шаһар әкімдігі, сондай-ақ, алдағы айда қалалық автобустарда жол жүру ақысының мөлшері өзгеріссіз қалатынын хабарлады.

Мамыр айында қалалық автобустарда жол жүру тарифі өзгеріссіз қалады. Жол жүруді ONAY! жеке көлік картасымен тіркеу кезінде «Республикалық жеңілдік» иелеріне(марапатталған көп балалы аналар мен бірінші топтағы мүгедектерге рәсімделеді) – жол жүру тегін. Жол жүру ақысын «7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар» картасымен тіркеу кезінде толық тарифтің 50 пайызы төленеді. Қолма-қол ақшамен төлеген кезде барлығы үшін 70 теңге, – дейді әкімдіктегілер.

Жеңіс күніне орай ардагерлерге берілетін төлем

Елімізде биыл Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне Жеңістің 79 жылдығына орай қомақты қаржы төленетін болды. Төлемдер мөлшері – 1,5 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін.

Мұндағы айырмашылық аймақтар мен республикалық маңыздағы қалаларға байланысты. Мысалы, Жеңіс күніне орай берілетін ең көп төлемді Ақмола облысындағы ардагерлер алады. Оларға 3 миллон теңгеден төленуге тиіс. Бұл өңірде 6 қарт майдангер тұрады.     

Осындай төлем жөнінен екінші орында Қызылорда облысы тұр. Мұнда 2,5 миллион, дәлірек айтқанда, 2 510 560 теңгеден төленеді.

Бұл өңірде соғыс ардагерлерінің ең үлкенінің жасы 102-де екен. Бірақ олардың саны туралы айтылмаған.

Үшінші орында бірнеше қала мен аймақ бар. Олар – қарт жауынгерлерге 2 миллион теңгеден төлейтін Астана (7 ардагер), Алматы (44 ардагер) және Шымкент (2 ардагер) қалалары мен Алматы (7 ардагер), Ақтөбе, Карағанды (12 ардагер) және Павлодар (7 ардагер) облыстары.

Ал 1,5 миллион теңгеден бөлгендер – Батыс Қазақстан (14 ардагер) және Жетісу (4 ардагер) облыстары.

Соңғы қоңыраудың жаңа форматы

Мектептердегі соңғы қоңырауға қатысты жылда бір жаңалық шығатын болды. Былтыр ол 1 маусымда соғылды. Ал алдыңғы жылы тамызда Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын екі аптаға ұзартып, 31 мамырда аяқтау туралы шешім қабылдаған еді. Соңғы қоңырау осы күнге бекітілді. Алайда кейінірек Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай түлектердің қуанышты шарасын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен қабаттастыруға болмайтынын айтқан соң, ол 1 маусымға ауыстырылды.

Өткен жылғы жағдай осылай болған еді. Ал биыл соңғы қоңырау тіпті соғылмайтын болды. Оның орнына еліміздің барлық мектептерінде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаттары өткізілмек. Бұның өзі тағы 25 мамырға емес, 24-іне белгіленген. Өйткені соңғы қоңыраудың баяғыдан қалыптасқан дәстүрлі күні биыл демалыс күніне, яғни сенбіге сәйкес келіп тұр.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мұндай шешім қабылдауға еліміздің басым бөлігінде болған алапат су тасқыны себеп екенін алға тартты.

Айта кетейік, елде осы оқу жылын 3,8 миллионнан астам ұл-қыз тәмамдайды. Олардың 186 мыңы – түлектер.

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: