«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстанда мамыр айында ауа райы қандай болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мамандардың дерегінше, биыл мамырда еліміздің басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болады. Тек Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу және Абай облыстарының шығысында ауа температурасы көпжылдық орташа мәндер шамасында сақталады.
Жауын-шашын мөлшері де көп аймақта қалыпты деңгейден төмен болмақ. Тек солтүстік-батыс, солтүстік өңірлерде, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстігінде және Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу мен Абай облыстарының шығысында жауын-шашын мөлшері нормаға сай күтіледі.
Айдың бірінші онкүндігінде еліміздің басым бөлігінде найзағайлы жаңбыр жауады, жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауылдар болуы мүмкін. Кей күндері жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады.
Температуралық ауытқулар:
Айдың соңына қарай оңтүстік пен оңтүстік-шығыста температура +36°С-қа дейін жетуі мүмкін. Алайда кей кезеңде ауа температурасы +20…+25°C-қа дейін төмендейді. Арктикалық ауа массалары әсер еткен жағдайда, топырақ бетінде -2°С-қа дейін үсік жүруі ықтимал. Синоптиктер мамыр айында ауа райының құбылмалы болатынын ескертеді.