МӘМС жүйесі операциялардың ауқымын кеңейтті – нейрохирург

19 Қазан 2023, 17:50 1602

Елімізде нейрохиругияның даму деңгейі өте жоғары. Әлемнің озық клиникаларында жоқ операциялар бізде жасалады. Оталардың орташа құны - 7-8 млн теңге. Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгелі күрделі нейрохирургиялық араласулар қарапайым халыққа қолжетімді бола түскен. Қазір ел азаматтары өз қалтасынан ақша шығарып, шетелге бармайды. Ми ісіктері, Арнольда-Киари ауытқуы, паркинсон және дистония ауруларына шалдыққан пациенттер еліміздің жетекші нейрохирургия бөлімдерінде емделеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері операциялардың ауқымы кеңейе түсті. Қымбат жабдықтар сатып алынып, жұмыста жоғары технологиялар кеңінен қолданылатын болды. Бұндай жақсы үрдіс тек Астана, Алматы секілді ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де кең таралған. Соның нәтижесінде еліміздің кез келген өңіріне барып операция жасай аламын. Тіпті, аудандардағы әріптестермен де тәжірибе бөлісіп тұрамын. Атап айтар болсам, Қазалы ауданы, Аягөздегі әріптестеріміз осындай жоғары технологияларды қолданады. Қазір күрделі нейрохирургиялық операциялар халыққа қолжетімді бола түсті. Осының бәрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жемісі, – деді нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев бізге берген сұхбатында.

Дәрігердің пікірінше, МӘМС жүйесінің нәтижесінде тарифтер қайта қаралып, бәсекеге қабілетті бола түскен. Тиісінше, операцияларға жұмсалатын қаржы көлемі де өскен. Мәселен, мидағы микрохирургиялық және эндоскопиялық операцияларға жұмсалатын ақша 3 есе өсіп, қазір 2 млн теңгеге жетіп жығылады. Бұл ел азаматтарына заманауи медицинаның барлық мүмкіндігін пайдалануға жол ашып отыр.

Жалпы, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Осылайша, бір тұрғынға жұмсалатын шығындар да көбейді. Бұрын бір адамға 56 мың теңге қарастырылса, қазір бұл көрсеткіш 122 мың теңгеге тең.

Сол секілді стационарлық көмекті қаржыландыру да 2,4 есе ұлғайды. Стационарды алмастыратын көмек қызметтерінің көлемі 3 жылда 1,5 есе (620 мыңнан 920 мың қызметке дейін) көбейген. Күндізгі стационарларды қаржыландыру кейінгі 3 жылда 2 есе (38,3 млрд теңгеден 77,7 млрд теңгеге дейін) өсті. Жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыдандыру да 2,5 есе ұлғайған. Ал мұндай қызметтер көлемі 2,8 есе өскен.

Елімізде нейрохирургияның даму деңгейі өте жоғары. Әлемнің озық клиникаларында жасалатын операциялар бар. Меніңше, біздегі нейрохирургиялық бөлімшелер олардан кем емес. Әрине, балалар нейрохирургиясы одан әрі дамуды талап етеді. Бүгінде бұл бағыт Алматы және Астана қаласында жолға қойылған. Дегенмен Түркістанда, Шымкентте, Ақтөбе облысында, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Семейде балалар нейрохирургиясы бөлімшелері ашылғанын қалаймын. Астанада 30 төсектік балалар нейрохирургиясы бөлімшесі еліміздің барлық баласын жоғары технологиялық көмекпен қамтамасыз ете алмайды. Алматыда жұмыс істеген кезде біз кедергіге тап болдық, балалар бөлімі жоқ. Басқа аймақтарда шартты түрде балалар нейрохирургия бөлімшелері бар. Бірақ оларда жабдық жағынан мәселе бар, күрделі нейрохирургиялық көмек көрсете алмайды. Дәрігерлер пациентті Астанаға немесе Алматыға жіберуге мәжбүр. Бұл көмекке жету үшін балалар жүздеген шақырым жол жүруі керек, – деді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Нейрохиругтың пікірінше, елімізде шамамен 7 млн бала бар. Жаңа туған нәрестелер арасында гидроцефалия патологиясы жиі кездеседі. Бала туғаннан кейін аталған патологиямен күресуді жалғастырады. Ми тамырларының аневризмасы ауыр диагноз емес. Әрбір облыс орталығында пациентке операция жасалуы мүмкін.

Сондай-ақ интракраниальды артериялардың тарылуын емдеуде жеткілікті тәжірибеміз бар. Тері астына өтетін артерия тігілген кезде жасалатын операция әлемнің барлық елінде жасалмайды. Біздің елде ол күнделікті хирургияға айналды. Қазақстанда омыртқа хирургиясы жолға қойылған. Азаматтарымыз өз қалтасынан ақша шығарып, шетелге бармайды. Ми ісіктері, Арнольда-Киари  ауытқуы, паркинсон және дистония ауруларына шалдыққан пациенттер еліміздің жетекші нейрохирургия бөлімдерінде емделеді. Орташа құны 6 млн тұратын тамырішілік араласулар еліміздің барлық дерлік клиникаларында жасалады. Елімізде 20 инсульт орталығы бар. Онда нейрохирургиялық, тамырішілік көмек көрсетіледі. Пациенттер оған шұғыл жеткізіліп, қажет медициналық көмекті МӘМС есебінен тегін ала алады», – деді нейрохирург.

EL.KZ
Бөлісу: