МӘМС-ің болмаса, тиісті медициналық қызметтерді ала алмайсың – Нартай Аралбайұлы

18 Наурыз, 15:41 626

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы МӘМС-ке ақша бөлудің негізі қалмағанын айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Депутат бұған дейін әріптестерімен бірге «ең болмағанда осынша сапасыз жасалған дүние қайтадан бір ізге түсіп түзелгенше, халықтың қанын ішпей мүмкін тоқтата тұру керек шығар» деп айтқан сөзін еске алды.

Бәрі орнына келгеннен кейін жүйені жүзеге асыру керек шығар дедік. Бірақ енді оған ешкім құлақ асқан жоқ. МӘМС-ке қосылмаған 3,5 млн азаматымыз бар. Осы азаматтарды біз қалай қамтамасыз етеміз? Өйткені ауруханаларға барған кезде МӘМС-те болмасаң, тиісті медициналық қызметтерді ала алмайсың. Бұның шешімі ретінде министрлік тарапынан әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлықсыз, дағдарыс жағдайында қалған әлеуметтік жағдайы әлсіз азаматтардың жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландыру жолы айтылды. Бірақ бұны да толыққанды шешім деп айта алмаймыз, өйткені бюджеттің қаржысы онсыз да тиісті әлеуметтік салаларға жетпей жатқан кезде МӘМС-ке ақша бөлудің қандай негіздемесі бар?, - деп депутат сауалын денсаулық сақтау министріне қойды. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандықтардың 84 пайызы ғана МӘМС-ке тіркелгенін атап өтті. Оның 11,6 млн-ы мемлекет тарапынан қаржыландырып отыр.

3,5 млн халыққа қатысты осының алдында да тиісті ұсыныстар жасалынды. Дағдарысқа ұшыраған отбасыларды цифрлық карта есебінен жергілікті бюджеттен қаржыландыру мәселесі бар. Мұнда басында үш категорияны қаржыландыру мәселесі көтерілген. Бұл 100 млрд теңгеге жуық қаражат және 2,5 млн халыққа көрсетілетін қосымша көмек.  Бірақ жалпы декларациялауды басталуына байланысты 2,5 млн емес, негізі ең соңғы категориядағы деректер бойынша 192 мың азамат, яғни 13 млрд теңгені қажет ететін азаматтарды жергілікті атқарушы органдар есебінен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, - деді министр.

Миражан Махан
Бөлісу: