Профориентология – бұл кәсіптік бағдарлау процестерін зерттейтін және адамдарға мансап пен кәсіпті дұрыс таңдап, табысты болуға көмектесетін ғылым. Елімізде диплом алған түлектердің 60 %-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Себебі, мамандықты ата-анасының қалауы бойынша немесе беделі мен ақшасына қызығып, үлгі тұтатын адамына қарап таңдай салатындар жетерлік. Профориентолог маман Жадыра Тойбайдың айтуынша, мамандық таңдауға 7-сыныптан бастап кірісу керек. Баланың автопортретін жасап, эмоционалды интеллекті мен қарым-қабілетін бағалайтын тесттен өткізген жөн. Кәсіби маманнан кәсіп таңдауда қалай қателеспеу керек екенін сұрап білдік.
Еl.kz: Жадыра ханым, профориентология саласына қалай келдіңіз? Бұл жаңа мамандықтың негізгі міндеті қандай?
Жадыра Тойбай: Профориентология саласына келгеніме 10 жылдай уақыт болды. Бұған ең басында өзім докторантураға оқуға түскеннен кейін ЖОО-да магистранттар мен бакалавр студенттеріне сабақ бере бастадым. Сол кезде магистратураға түсіп отырған студенттердің өзі мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін көрдім. Өз мамандығы бойынша оқымайтынын, мамандықтан қателескенін көрдім. Жалпы магистратура деген не, оны бітірген соң қайда жұмыс істейді деген сияқты негізгі сұрақтарға жауап бере алмағандықтан және көбіне өз қалауындағы мамандығы емес, мүмкіндігі болған салаға түскенін байқамай қалу мүмкін емес еді. Сонымен қатар, бакалаврда оқып жатқан студенттер де «грант болса болды» деп түсе салғанын, 2-3 курсқа жеткенде сала таңдаудан қателескенін түсінгендіктен, мамандығын ауыстыра алмай қиналып жүргенін, түлектердің көпшілігі мамандық таңдауда қателесіп жүргенін байқадым. Сондықтан осы саланы зерттеп, қандай мамандық таңдауға болады, адамның қабілетін қалай анықтауға болады, сол қабілеті мен психологиялық портретіне сай келетін мамандықтардың тізімі қандай, ол мамандықтар біздің елімізде оқытыла ма деген сияқты ұзақ ізденістердің нәтижесінде осы салаға келдім. Профориентологтар жұмысы қоғамның, ұжымның белсенді әрі саналы мүшесін қалыптастыруға бағытталады. Ол жеке тұлға үшін таңдау жасамайды. Таңдауды жеке тұлға өзі жасайды. Жеке тұлғаның психологиялық портретін жасай алады. Интеллектінің деңгейін, мотивациясын анықтап, олардың мамандық таңдауда қателеспеуін қадағалайды. Қоғамның ұстанымын есепке алады, бірақ міндетті түрде жеке тұлғаның қызығушылығын, құндылығын, құқығын ескереді. Шынайы, тиімді психодиагностика тәсілдерін қолданып, ешқандай бағалау түрінде емес, дәлелді түрде кеңестер айтады.
Еl.kz: Елімізде бұл мамандыққа сұраныс қандай? Бүгінге дейін қанша балаға консультация бердіңіз? Көбіне кімдер көмегіңізге жүгінеді?
Жадыра Тойбай: Жалпы профориентологтардың кеңесіне көптеген адамдар жүгінеді. Соңғы екі жылдықта қатты белең алды деп айта аламыз. Өйткені, қазір көптеген ата-аналар мен ұстаздар оқушыларына, талапкерлеріне кәсіптік бағдар беруші мамандарға баруға кеңес береді. Бүгінге дейін 2 мыңға жуық балаға консультация өткіздім. Оның 90%-ы ҰБТ тапсырғаннан кейін жинаған балына сәйкес «Қандай оқу орнына түсе аламын? Қандай мамандықта грантта немесе ақылы түрде оқи аламын?», деген сұрақпен келді. Заман талабына сай қазіргі таңда профориентолог мамандарға сұраныс артты. Бірақ, бұл салада білікті мамандар көп деп айта алмаймын. Енді-енді басқа пән мұғалімдері қайта машықтанып, маманданып, осы салаға келіп жатыр. Алыс-жақын шетелдерде оқып келіп жатқандар бар. Бірақ әлі де толыққанды арнайы әдістеме бойынша жоғары оқу орындарында бұл мамандық оқытылмайды. Сонда да елімізде профориентатор мамандар баршылық. Профориентологтың көмегіне көбінесе ата-аналар қауымы жүгінеді. Ата-ана өзінің баласына «Қалай мамандық таңдаймын? Қайда оқытамын? Кім болып шығады?» деген сұрақтармен келіп жатады. Бірақ, ата-аналардың көбі 11-сыныпқа келіп, ҰБТ-ның барлығын тапсырып, қандай мамандыққа түсеміз деп тақалғанда ойланады. Ал негізінен мамандыққа баланы 7-сыныптан бастап баулуымыз керек. Өйткені, мамандық деген адам өмірінің 1/3 бөлігін құрайды. Яғни, егер де бір күнде 24 сағат болса, біз соның кем дегенде 8 сағатын жұмыста өткізіп жүрміз. Күнделікті уақытымыз өтіп жатыр, осы салада табыс табамыз. Міне, сондықтан да адам өміріндегі ең маңызды таңдаулардың бірі екені түсінікті. Оған бей-жай қарамай, ертерек қимылдау керек. 11-сыныпқа келгенде ғана ойланбай, 7-сыныптан, ең кеш дегенде 9-сыныптан бастап баланы болашақ мамандығына бейімдеу керек. Бейімдеу үшін қабілеттерін зерттеу керек. Қабілетіне сай мамандық тізімі анықталады. Содан кейін ғана бала таңдайды. Мамандық таңдау дегеннің өзі – адам бірнәрсені таңдау үшін оған бірнеше нұсқа ұсыну керек. Сол кезде ғана бала дұрыс таңдау жасай алады.
Еl.kz: ҚР профориентологтар ассоциациясы қалай құрылды? Қанша адам мүше? Ассоциацияның жұмысы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
Жадыра Тойбай: Қауымдастықтың құрылғанына 1 жылдан аса уақыт болды. Қазіргі таңда ассоциацияның құрамында 150-дей профориентологтар бар. Барлығымыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Бұл қауымдастықты құрудағы мақсатымыз – барша профориентологтардың басын бір арнаға тоғыстыру, тәжірибе алмасу, пікірлерімен және идеяларымен бөлісу. Елімізде кәсіптік бағдар беру саласын дамыту. Шетелдік мамандардың тәжірибесін елімізге әкелу. Мамандық таңдауда қолданылатын дұрыс әдістемені қолданысқа шығару. Сонымен қатар, профориентация саласына келетін мамандарды оқыту немесе қайта квалификациялау.
Еl.kz: Осы салада мамандарды оқытып, шығарасыз. Нәтижесімен бөлісе аласыз ба?
Жадыра Тойбай: Иә, қазіргі таңда осы профориентологтар қауымдастығының базасында кәсіби бағдар берумен айналысатын білікті мамандарды дайындауды қолға алып жатырмыз. Көбінесе мектепте жұмыс істейтін, ҰБТ-ға дайындық және балаларды дамыту орталықтарында жұмыс істейтін мамандар келіп, профориентация технологияларымен танысып, біздің әдістемеміз бойынша оқып, дәрістерді тыңдап жүр. Бітіргеннен кейін арнайы сертификаттарын алып, тіпті, мектептерге, жекеменшік мектептерге, әртүрлі орталықтарға жұмысқа орналасып жатыр.
Еl.kz: Студенттер мен түлектердің өмірінде кәсіптік бағдар берудің маңызы қандай?
Жадыра Тойбай: Жалпы кәсіптік бағдар беру – кез келген адамның өмірінде үлкен рөл атқаратын сала. «Алдымен жар таңдаудан, екінші мамандық таңдаудан қателеспе» деген ұлтымыздың өсиетті сөзінде де айтқандай, адам өміріндегі ең маңызды таңдау болады. Мамандықты таңдау кезінде психологиялық портретіміз бар, эмоционалдық интеллектіміз бар, соның барлығын есепке алып, біздің қабілетіміз бен денсаулығымызға байланысты қай сала бізге жақын, қай сала бізге ұнайды, қабілет-қарымымызға қарай сол салаларға барғанымыз дұрыс. Ал оны анықтау үшін профориентацияның арнайы сауалнамалары, тесттері қолданылады. Сондықтан да осы кәсіптік бағдар беру ол балалардың да, ересек адамдардың да өмірінде өте маңызды рөл атқарып жатады. Тіпті, жастары 30-дан асса да, тіпті, былтыр жасы 34-ке келген азамат консультация алып, стоматология мамандығына дайындалып, грантқа түсті. Кезінде жүрегі қаламаған мамандыққа түскен, жұмысына барғысы келмейтін ересек адамдар да кәсіптік бағдар бойынша кеңес алып, әрі қарай өзіне керекті саласын таңдап, сол бойынша жұмыс істеп немесе арнайы кәсіп ашып, бизнес бастап жатқандар бар. Егер адам денсаулығына бей-жай қарамай, қалауындағы жұмысын істеп, табыс тапқысы келсе қабілетіне сай мамандығын таңдағаны абзал.
Еl.kz:Оқушыларға мамандық таңдауға көмектесу үшін қандай әдістер мен құралдар қолданылады?
Жадыра Тойбай: Оқушыларға өздеріне ұнайтын 5 түрлі мамандық пен оған қажетті 5 түрлі қабілетті жазуды сұраңыз. Әркім өз пікірін сыныптастарының алдында қорғасын. Соңында оқушылардың пікірін сұрап, қорытынды жасап беруге болады. Оқушылар өзіне ұнайтын мамандық пен қабілет туралы ойлана бастайды. Оқушыларға «Аптаның 6 күнінде 6 түрлі мамандықпен жұмыс істеуге рұқсат берілсе, қандай мамандықпен жұмыс жасап көрер едің?» деген сұрақ қойыңыз. Ол мамандықпен қандай жұмыс істейтінін, оның қоғамға пайдасын жазсын. Осылайша оқушыларды мамандықтармен таныстыруға болады. Оқушыларға психологиялық, өздері анализ жасап, зерттеп көруге болатын осындай түрлі ойын түріндегі тапсырмалар беру арқылы мамандықтар әлемі туралы білімдерін, ізденуге құлшыныстарын ашуға ашуға болады. Біріншіден, баламен осы кезге дейін немен айналысқаны, нәтижесі, оқу үлгерімі, достары, сыныбы, мектебі туралы әңгімелесеміз. Әңгіме барысында бағыттаушы сұрақтар қойып, маңызды сәттерін, баланың бойындағы анықтау қажет артықшылықтарды жазып аламыз (адамдармен қарым-қатынас, депрессия, өзіне деген сенімділік тағы басқа деңгейі) Екінші кезекте жеке тұлғасын сипаттайтын тест береміз. Өзіне-өзі анализ жасауға тест береміз. Қорытындысын салыстыра отырып, клиенттің автопортретін жасаймыз. Үшінші, өзіне ұнайтын 5 түрлі мамандық пен оған қажетті қабілеттер туралы сұраймыз. Төртінші кезеңде, мамандық таңдауға арналған авторлық тесттен өтеміз. Нәтижесінде шыққан мамандықтарға, өзіне ұнайтын 5 түрлі мамандыққа оқушының портретін қатар қоя отырып талдау жасап береміз. Оған лайықты болатын мамандыққа бөлінетін грант саны, грантқа өту баллы, қандай университеттерде оқытылады, нарықта қандай мекемелерде вакансиялар бар екенін айтамыз. Таңдап алынған мамандықтың болашағы, артықшылығы туралы да ақпарат береміз.
Сондай-ақ қабілетіне сай келетін мамандықты анықтайтын авторлық тест пен жеке тұлғаның психологиялық портретін (экстроверт/интроверт, сенсорик/интуит, логик/этик, рационал/иррационал) қызығушылығын, интеллектін анықтайтын тест тапсырады.
Еl.kz:Алдағы 5 жылдықта қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?
Жадыра Тойбай: Онлайн-терапевт, пациентке алдын ала диагностика жүргізіп, түрлі анализдерін тапсыртады, сырқатын анықтап, қажетті маманға жібереді. Инженер-генетик тұқым қуалайтын ауруларды емдеу тәсілдерін, өнімді көп беретін әрі төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарын, мал тұқымдарын шығарумен айналысады. Ұшқышсыз құрылғылардың операторы, дрондардың ұшу картасын, техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жасайды. Нанобиотехнолог жасанды интерфейстер мен материалдарды тірі организммен біріктіру жолдарын қарастырады. NFT аналитик инвестициялық бағдарламалардың болашағын бағалау және анализ жасаумен айналысады. Медиаполиция маманы әлеуметтік желідегі құқық бұзушылықты тергеумен айналысады. Инженер-бағдарламалаушы кодпен, С+, С++, Java, Phyton арқылы бағдарлама жазады. Big-Data Үлкен деректерге талдау жасайтын маман, деректердің құрылымын жасайды, жіктейді, деректердің көзге көрініп тұрған және көрінбейтін байланыстарын анықтайды. Анализ нәтижесін жаңа өнімдер, технологиялар, заттар жасауда, т.б. салаларда қолданады. Фудтех маманы жаңа азық-түлік түрлерін, жасанды ет пен лактозасыз сүт және сүт өнімдерін алмастырғыштарды, кондитерлік тәттілерді, глютенсіз десерттерді, тағы басқа нәрселерді ойлап шығарады. 3Д жобалаушы, зергерлік, медицина, авиамеханика, құрылыс саласы өнімдерін 3Д модельдеумен айналысады.
Еl.kz:Мамандық таңдауда қандай факторларды ескеру керек? “Кім болам?” деп жүрген талапкерге айтар кеңестеріңіз болса…
Жадыра Тойбай: Мамандық таңдайтын кезде ең алдымен өзіңіздің қабілетіңіз бен жүрек қалауын ескеру керек. Таңдағаннан кейін сіздің мамандығыңыз қаншалықты сұранысқа ие екенін зерттеу керек. Көбінесе сұраныстағы мамандыққа машықтанбай, сұранысқа ие маман болуға талпыну керек дегім келеді. Өйткені, нарықтағы сұраныс бойынша мамандық меңгеріп, оған сіздің қабілетіңіз жетпей жататын болса, онда сіз ол салада ұзақ жүре алмайсыз. Табысыңыз артпайды. Егер сіз сұранысқа ие емес, бірақ өзіңіз сол саланың мықты маманы болсаңыз, сол бағытты жақсы көріп тұрсаңыз, сіз онда сұраныстағы маман бола аласыз. Ал сұраныстағы маман қандай қызметте болсын, қандай жұмыста жүрсін, ол маманды бәрі жұмысқа шақырады. Жұмысын жақсы көріп істеген сайын мансапта өсіп, өз орнын табады.
Еl.kz: Кәсіби бағдар беру процесінде студенттерге, оқушыларға тиімді қолдау көрсету үшін университеттермен және мектептермен ынтымақтық орнату ойда бар ма?
Жадыра Тойбай: Профориентологтар қауымдастығы қазіргі таңда ҚР Жоғары оқу орындар қауымдастығымен ресми серіктестік құрып, бір бағытта жұмыс істеуді бастады. Яғни, біз аталмыш қауымдастықтың құрамына кіретін ЖОО-на барып, профориентациялық кеңес жүргізе аламыз. Сондай-ақ қазір көптеген мектептер арнайы шақырту жіберіп жатыр, сол арқылы біздің мамандар тегін семинарлар өткізіп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы онлайн консультациялар мен ақпараттар береміз.
Еl.kz:Сұхбатыңызға рақмет!