Маман кеңесі: Суыққа аллергиясы бар адамдар қалай сақтану керек

11 Қараша, 17:43 893

Қыс мезгілі жақындап, күн суытқанда кейбір адамдарда аллергиялық реакцияның пайда болуы жиі кездеседі. Бұл жағдай суықтық есекжем немесе суықтан шығатын аллергия деп аталады. Суық аллергиясы – дененің төмен температураға немесе суық ауаға, суды, мұзды немесе суық заттарды тікелей ұстауға жауап ретінде туындайтын аллергиялық реакция. Әдетте, бұл аллергия қыстың суық айларында немесе температураның кенеттен төмендеуі кезінде күшейе түседі. Аллерголог Әйгерім Бақытжанқызы суық күнде аллергиясы күшейетін адамдарға кеңес айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Суықтан шығатын аллергияның себептері

Суықтан шығатын аллергияның нақты себептері әлі толық анықталмаған. Дегенмен ғалымдар, мамандар иммундық жүйенің қалыптан тыс реакциясы негізгі себеп болуы мүмкін деп санайды.

Аллерголог Әйгерім Бақытжанқызы бұл жағдай суық температураға тері мен ағзаның аса сезімтал реакциясы екенін түсіндірді.

Бұл аллергия көбіне суық ауа райында қармен немесе салқын суға жанасқанда пайда болады. Суықтан туындайтын аллергиялардың негізгі түрлері: суық есекжемі (уртикария) және суықтың нәтижесінде пайда болатын экземаны айтсақ болады. Суық есекжемінде теріде қызарған бөртпелер, қышу, бөрітпелер және ісіну пайда болуы мүмкін. Ал экзема кезінде тері қабыршақтанып, құрғап, қышу және жарылу белгілері байқалады, - дейді маман.

Суықтан аллергияға бейім факторлар:

Тұқым қуалаушылық: Егер отбасында аллергиямен ауыратындар болса, адамның осыған бейімділігі артуы мүмкін.

Иммундық жүйенің әлсіздігі: Жиі суық тиіп ауыратын немесе созылмалы аурулары бар адамдарда аллергиялық аллергиялық реакциялар пайда болуы ықтимал.

Басқа да аллергиялық аурулардың болуы: Астма, есекжем немесе басқа аллергиясы бар адамдарда суыққа аллергия жиі кездеседі.

Инфекциялар: Кейде суық аллергиясы вирустық немесе бактериалдық инфекциядан кейін пайда болуы мүмкін.

Суық аллергиясының белгілері

Суық аллергиясын анықтау үшін суық сынама қолданылады. Мұз текшесі 5-10 минут бойы теріге қойылады, содан кейін реакция бақыланады. Егер теріде қызару, қышу немесе күлдіреу байқалса, бұл суық аллергиясының белгісі болуы мүмкін. Дегенмен, бұл диагнозды нақтылау үшін дәрігер аллергологпен кеңесу маңызды.

Аллергияның алғашқы белгілері суық ауаға шыққаннан немесе суыққа жанасқаннан кейін бірнеше минутта басталуы мүмкін. Негізгі белгілері: терінің қызаруы, қышу, ісіну, әсіресе бет, қол және ашық дене бөліктерінде көрінеді. Аллергияға әсіресе терінің жоғары сезімталдығы, генетикалық бейімділік, иммундық жүйенің әлсіздігі сияқты факторлар әсер етеді. Созылмалы есекжем көбіне суыққа жанасудан кейін не салқын ауа-райында сыртта жүргенде дереу пайда болады және суықтан алыстаған соң немесе жылы жерге кірген соң белгілері жойылуы мүмкін. Ал атопиялық дерматит пен экзема созылмалы сипатта болып, әртүрлі себептерден туындайды. Олардың белгілері суыққа байланысты емес және аллергиялық реакция ұзақ уақыт бойы сақталуы мүмкін, - дейді Аллерголог Әйгерім Бақытжанқызы.

Маманның айтуынша, суық аллергиясының асқынуы сирек болса да, кейбір жағдайларда анафилаксиялық шокқа алып келуі мүмкін. Ұзақ уақыт бойы әсер еткенде дене суық температураға қатты сезімтал болып, иммундық жүйенің реакцися әлсіреуі мүмкін.

Аллерголог қажет болған жағдайда TempTest деген аппарат арқылы нақты қай градустан бастап симтомдар басталатынын тексеруге болатынын айтты. Бірақ қазақстандық мамандар бұл тәжірибені қолданбайтынын жеткізді.

Суық аллергиясы уақыт өте келе жазыла ма?

Созылмалы есекжем кейбір адамдарда уақыт өте келе жойылуы мүмкін, алайда кейбір науқастар өмір бойы осы аллергиядан зардап шегуі ықтимал. Дәрігердің тағайындауымен ғана антигистаминды дәрілермен бақылауға алуға болады. Әсіресе, қыстың суық айларында өзіңізді қорғап, иммунитетті нығайтып, теріңізді дұрыстап күту арқылы аллергияның әсерін азайтуға болады.

Созылмалы есекжем бар адамдарға жылы киіну, бет пен қолды жақсы қорғау, суық күндері жылы қолғаптар мен шарфтар кию ұсынылады. Сыртқа шығар алдында арнайы суыққа арналған кремдерді қолданған жөн. Бөлме температурасын тұрақты деңгейде ұстау да маңызды. Антигистаминдер терідегі қышуды басу үшін тиімді болып келеді. Кей жағдайларда дәрігер стероидты жақпа майлар тағайындауы мүмкін, - дейді Әйгерім Бақытжанқызы.

Бұл аурудың нақты тағаммен байланысы болмағандықтан, тағамнан еш шектеу жоқ.

Аллерголог егер белгілер күшейіп немесе жиілеп кетсе, аллергологқа міндетті түрде қаралып, кеңес алу керек екенін ескертті.

Жалпы алғанда, дәлелді медицина бойынша қазіргі уақытта созылмалы есекжемнің күрделі сипаты бар екенін болжайды, онда генетикалық бейімділік, аутоиммундық процестермен және қоршаған орта факторларымен біріктірілуі мүмкін, бірақ генетикалық себеп негізгі немесе жетекші фактор болып саналмайды, - дейді ол.

Суық аллергиясы иммунитетпен, терімен тікелей байланысты болғандықтан мамандар кейбір косметикалық өнімдерді қолданбау керек екенін айтты.

Мәселен, суықтан қорғану үшін құрамында спирт немесе қышқылдар бар косметикадан аулақ болу қажет. Себебі олар теріні құрғатып, тітіркенуді күшейтеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, арнайы суыққа арналған кремдерді қолданған жөн. Мұның өзін дәрігердің тағайындаусыз сатып алып, пайдасы тимей, ақшаңызды желге шашып жүрмеңіз.

Киімге мән беріңіз

Егер аллергияға бейім болсаңыз, сіздің теріңіз жүннен жасалған киім мен тонға және киім бояғыштарға реакция беруі мүмкін. Сол себепті таза ішік туралы ұмыта беруіңізге болады. Аллергия тудырмайтын материалдар таңдап, оны аллергиктерге арналған арнайы ұнтақпен жуыңыз.

Теріңізді қорғаңыз

Ең алдымен суықтан немесе желден қорғанып, қымтанып жүріңіз. Егер көзіңіз зардап шегіп жатса, қорғаныс үшін көзілдірік киюден қысылмаңыз. Сондай-ақ, теріге арнайы кремдер жағып, ерінге гигиеналық далап қолданыңыз. Жуынуға да арнайы заттар алып, сезімтал теріңізді күнделікті сабынмен жуып, жарақаттап жүрмеңіз. Бассейнге жазылуға кеңес бермейміз, себебі хлорлы су аллергияны одан сайын өршітіп жібереді.

Диета ұстаңыз

Тіпті, тамаққа аллергияңыз болмаса да, диетаға отыру керек. Өз рационыңыздан реакция өршітетін тағамдарды сызып тастаңыз. Олар: цитрусты, шоколад, балық, жұмыртқа мен бал.

Мұрныңызды тұзды сумен шайыңыз

Құрамында теңіз суы бар субүргіштер дерттен айықтырмаса да, жағымсыз симптомдарды басуға көмектеседі. Олар қымбат тұратындықтан, оның орнына қарапайым дәріханалық физраствор алған жөн. Оны үй жағдайында бір литр суға бір қасық шай қасығымен араластырып, пайдаланса жеткілікті.

Миражан Махан
Бөлісу: