Малға берер дымы жоқ. Батыс Қазақстандық шаруаларға көмек керек

27 Маусым 2023, 13:20 788

Әлемдегі киіктің 90 пайызы Қазақстанда сақталған. Оның абсолютті басым бөлігі – Батыс Қазақстан облысындаға Орал популяциясы. Алайда киіктер Батысқазақстандық шаруаларға залал келтіріп отыр. Осылай деген депутат Абзал Құспан киіктерді қорғаудың шараларын жүзеге асыруды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Киіктерді қорғау жұмысы 2003 жылы қолға алынғаны белгілі, ол кезде киік саны БҚО –да 6.500-ге дейін түсіп кеткен болатын.

Ешқандай шетелдің көмегінсіз, Қазақстандық, әсіресе Батысқазақстандық ғалымдар мен сала мамандарының еңбегі арқасында Орал популяциясы биыл 2 млн-нға жетті, экология мин-ің есебінше, 1, 6 млн., БҚО ауылшаруашылығы мамандарының есебінше 2.5 млн-ға жеткен, мен орташа есеппен 2 млн деп алып отырмын. Бұл сөзсіз қуанатын жағдай әрине, бірақ киік санының шамадан тыс еселеп өсіп кетуі, бірнеше жылдан бері Батысқазақстандық шаруа қожалықтарына үлкен материалдық шығындар әкелуде. Биыл бұл жағдай өзінің критикалық ең соңғы нүктесіне дейін жеткелі отыр, - дейді депутат.

Арифметика тілімен сөйлесек,  жазғы мезгілде әрбір киік   күніне 6-7 кг шөпті азық қылады, яғни екі миллион киік көктем-күз кезінде 100 мыңдай тонна шөпті жеп жояды.

Сонда шаруа қожалықтарының малына не қалады?! Және мәселе тек шөппен шектелмейді, орташа есеппен әр киік күніне 5 литрге дейін су ішеді, сонда әр тәулік сайын 10 мың тонна су тұтынатын 2 миллион киік көктем-күз аралығында жергілікті су ресурстарын 2,4 млн тоннаға сарқиды деген сөз. Тағы да қайталап айтамын, бұл ауадан алынған сандар емес, Батысқазақстандық ауылшаруашылығы мамандарының өзара бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесіндегі нақты есеп, - дейді Абзал Құспан.

Биылғы жыл – ерекше жыл, әдетте шаруаға жайсыз болып келетін Қоян жылы. Қазір қоянның жазы қуаңшылықпен басталып жатыр. Осы онсыз да аз шөпті киік жеп бітіруі жақын, сондықтан биыл БҚО оңтүстік бағытында орналасқан 5 ауданының қожалықтары мен мал иелері жарытып шөп шауып, қысқа мал азығын жеткілікті дайындай алмайтыны анық. Олар: Жәнібек, бөкейордасы, Жаңақала, Казталов және Ақжайық аудандары.

Сондықтан алдағы қоянның қысында (2023 жылдың желтоқсаны – 2024 жылдың ақпаны) малға берер дымы жоқ болғандықтан, Үкіметтен көмек болмаса жұт қаупі төніп тұр.

Депутат Үкіметтен нақты қандай көмек керек екенін айтып берді:

Киіктің санын жергілікті шаруашылықтарға зияны тимейтіндей қылып шектеу (тиісті заңнамалар қабылдау бойынша бастамалар көтеру, ұсыну, қабылдату);

Киіктің шаруашылыққа келтірген залалын – толық, әділ және жедел өтеудің пәрменді тетіктерін қалыптастыру;

Биылғы қоян жылының қысынан малды аман шығару мақсатында киік өрісі болып табылатын ауданның мал иелеріне мал азығын дайындау үшін республикалық бюджеттен (немесе сатып алу үшін) жедел түрде субсидия бөлгізу.

Алдыңғы екі пункт бойынша зерттеу құжаттары, тиісті НҚА дайындау үшін уақыт керек екені түсінікті.

Ал үшінші пункт, яғни субсидия мәселесі  кезек күттірмейтін мәселе! Әрі елімізде мұндай практика бар, мысалы Ақтөбе облысында соңғы үш жылда ірі қара малына - 30 мың, саулық қойға - 8 мың, жылқыға - 8 мың теңгеден облыстық бюджеттен  қаржы бөлініп келеді. Неге екенін білмеймін, БҚО-да ондай тәжірибе көптен бері жоқ. Бірақ биылғы малдың жем-шөбіне қажетті субсидияны жергілікті бюджет көтере алмайды. Батысқазақстандық ауыл шаруашылығы мамандарының есебінше қажетті субсидия кемінде 10 млрд теңгені құрайды, - деді Абзал Құспан.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: