«Мал өлексесі далада шашылып жатыр»: депутат Арқадағы жұтқа байланысты дабыл қақты

3 Сәуір, 16:42 853

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Ұлытау, Қарағанды және Ақмола облыстарында жұттан малы қырылып жатқан шаруалардың жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзіне қарағанда, шаруалардың малы бір жарым айдан бері белгісіз індеттен қырылып жатыр, бірақ оған құлақ түретін ешкім болмай тұр. Тіпті малдың өлексесі далада шашылып жатқан көрінеді.

Арқада мал қырылды, қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл тұрғындары бағып отырған малының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына бір жарым айдан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай далада шашылып жатқаны қаншама?!  Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды.  Мұндай қыспақ жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды, - дейді ол.

Сатыбалдиннің айтуынша, жауапты органдар биылғы Ұлытау облысындағы табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстардың жұтқа әкеліп соғатыны туралы болжам жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмаған. Бұған мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғыртты себеп деп отыр. Тіпті депутаттардың жұт туралы ескертуіне Ауыл шаруашылығы министрлігі де жүрдім-бардым қараған.

Әріптесім, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылық министрлігі «малдың жаппай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады. Жұт жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймынға» балап отыр, - деді ол.

Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында зардап шеккен шаруалардың шығынын өтеуді, Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялауды талап етті:

Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малын санаққа енгізуге рұқсат беру (халық аузында «зеленый корридор» деп аталып кеткен);

Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау;

Жұттан титыққан шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау;

Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, малға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыру қажет.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: