Мал-мүлік пен қымбат бұйымдарды декларацияда көрсету керек пе

16 Қаңтар, 13:31 1129

Мемлекеттік кірістер комитеті жалпыға бірдей декларациялау туралы маңызды сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың кезекті кезеңі басталды. Бұл кімдерге қатысты? Декларацияны тапсырудың мерзімі қандай?

2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті.

Декларацияны тапсыру мерзімі – 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін.

 

Декларацияда неге 10 000 АЕК-ке дейін қолма-қол ақша көрсетіледі?

Қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 2023 жылы өсіп, 86%-ды құрады. Ересектерден басқа, балаларға карта ресімделеді.

Айналыстағы қолма-қол ақшаның болмашы сомасын ескере отырып, әрбір азамат декларациялау кезінде 34,5 миллион теңгеден (10 000 АЕК) аспайтын сомаға қолма-қол ақшаны көрсетуге құқылы.

Қалған 34,5 млн теңгеден асатын ақша банктік үзінді көшірмемен (есепті жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша) куәландырылады, бұл болашақта ірі сатып алуларды растау үшін қажет болады.

 

Салық органдары шетелдік көздерден түсетін кірістерді қалай біледі?

Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап қазақстан азаматтарының шетелдік банктердегі шоттарына түскен кірістері туралы ақпаратты алуда. Бұл ақпарат Қаржылық шоттар туралы ақпаратпен автоматты түрде алмасу жөніндегі құзырлы органдардың көпжақты келісімі (бұдан әрі – CRS) шеңберінде келіп түседі.

Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және т.б.

 түсетін мәлімет:

- банк шоттардағы ақша қаражатының қалдығы;

- алынған дивидендтер сомасы;

- шот бойынша алынған сыйақы (пайыз) сомасы;

- активтерді сатудан түскен түсім сомасы және басқа да кірістер.

Анықтама үшін: Ағымдағы жылы шетел банктеріндегі кірістерді камералық бақылау қорытындысы бойынша 568 азамат 3,0 млрд.теңгеге салық төледі.

 

Жоғары лауазымды шенеуніктер кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қашан жариялайды?

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (11-бап) сәйкес декларацияда көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік органдардың кадр қызметтері өздерінің ресми интернет-ресурстарында орналастырады. Мұндай ақпаратты жариялау 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін басталады.

Анықтама үшін: «А» корпусының саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдарын атқаратын адамдардың, Парламент депутаттарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, судьялардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқару функцияларын атқаратын адамдардың мәліметтері жариялануға жатады.

 

Декларацияны қате толтырсам не болады?

Азаматтар кез келген қателер мен дәлсіздіктерді қосымша декларация беру арқылы өз бетінше түзетуге құқылы.

Бірінші рет декларацияны ұсынбау немесе ақпаратты анық емес көрсету ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі.

Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанған жағдайда, уақтылы тапсырмағаны үшін – 55 380 теңге (15 АЕК), мәліметті анық емес көрсеткені үшін – 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Салықтардың төленбеуіне әкеп соқтырған бұзушылықтар үшін айыппұл төленбеген салық сомасының 200%, бұзушылық қайталанған жағдайда 300% құрайды (салық салу объектісін жасырған кезде).

 

Қымбат гауһар алқаны да көрсету керек пе?

Жауап: Құны 3,45 миллион теңгеден (1000 АЕК) асатын кез келген қымбат тұратын мүлікті, егер 2023 жылғы 31 желтоқсандағы бағалау құны болса, декларацияда көрсетуге құқығыңыз бар.

Бағалау декларация тапсырылғанға дейін (15 қыркүйекке дейін) кез келген күні жасалуы керек, оны кез келген бағалау компаниясында жасауға болады.

 

Декларацияда қарыз шарты қалай көрсетіледі?

Банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілуге ​​жатпайды.

Бірақ басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы басқа борыштық міндеттемелер, сондай-ақ өтеуге жататын қарыздар көрсетіледі.

Бұл ретте, Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылуға тиіс (Салық кодексінің 631-бабының 2-тармағы).

Шарттарды нотариалды куәландыру жеке тұлғаның берешегі мен міндеттемелерінің сомасын сенімді түрде көрсетуді қамтамасыз етеді.

Шарттарды куәландыру тәртібі «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-тарауымен регламенттеледі, нотариаттық іс-әрекеттер жасау мерзімдері 40-бапта айқындалған.

Бастапқы декларацияны бергенге дейін нотариалды куәландырылған болуы керек (тапсыру мерзімі 2024 жылдың 15 қыркүйегі), себебі қарыздар мен міндеттемелер тек бастапқы декларацияда көрсетіледі, толықтырулар қабылданбайды (Салық кодексінің 211-бабы 5-тармағы (7) тармақшасы).

 

Мерейтойларда, үйлену тойларында және басқа да мерекелерде берілген сыйлықтар декларациялауға жатады ма?

Құны бірлігіне 3,5 млн. теңгеден (1000 АЕК) асатын қымбат сыйлықтар (ақша, пәтер, автомобиль және т.б.) өтеусіз алынған мүлік ретінде декларацияда көрсетіледі.

Егер сыйлықтар жеке тұлғалардан алынса, оларға салық салынбайды.

 

Декларацияға үй жануарларын көрсету керек пе?

Декларацияда азаматтар өз еркімен құны бірлігіне 3,5 миллион теңгеден (1000 АЕК) асатын асыл тұқымды малдарды декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар.

Мемлекеттік кірістер органдары ауыл шаруашылығы және үй жануарлары туралы ақпаратты уәкілетті органдардан алады.

 

Декларацияны қалай тапсыру керектігін кезең-кезеңімен түсіндіре аласыз ба?

Декларацияны толтыру бойынша нұсқаулықтар МКК-нің сайтында жалпы декларация бөлімінде орналастырылған.

 

Декларацияны тапсырмаса не болады?

Бірінші рет декларацияны ұсынбау немесе ақпаратты анық емес көрсету ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі.

Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанған жағдайда, уақтылы тапсырмағаны үшін – 55 380 теңге (15 АЕК), мәліметті анық емес көрсеткені үшін – 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Салықтардың төленбеуіне әкеп соқтырған бұзушылықтар үшін айыппұл төленбеген салық сомасының 200%, бұзушылық қайталанған жағдайда 300% құрайды (салық салу объектісін жасырған кезде).

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: