— Сәлеметсіз бе, Максим. Сіздің қазақ тілін жетік білетініңізді жақсы білеміз. Ол туралы талай рет сұхбаттарыңызда айтқан болатынсыз. Айтыңызшы, сіз күнделікті өмірде қай тілде ойлайсыз? (іштей өзіңізбен қай тілде сөйлесесіз)
— Сәлеметсіз бе. Әрине өмірімде түрлі жағдай орын алады, байқағаным қос тілде де іштей ойланамын, алайда өмірде, күнделікті жағдайда қазақ тілін жиі қолданатын адам ретінде қазақ тілінде іштей сөйлесетінім басымдырақ болар.
— Сіз кезінде «Нысана» бағдарламасын жүргізген болатынсыз. Журналист ретінде Сізді бүгінгі қоғамда қандай мәселелер толғандырады?
— Сегіз жылдай тілшілік қызметте жүріп, көп нәрсеге көз ашылды, «Нысана» өмірімде орын алған ерекше жоба, өте керемет ұжым, креативті басшылық, барлығы да өз уақытында, өз деңгейінде халыққа жеткізілді, қызықты тақырып сол кезде үлкен сұранысқа ие болды. Әрине бүгінде тілшілерді қызықтыратын, қоғам үшін аса маңызды мәселе көп. Осы орайда қоғаммен қарым-қатынаста болып, халықтың назарына күнде тақырып ұсыну ерекше жауапкершілікті жүктейді. Жалпы ақпараттық қауіпсіздікте тілшілердің орны ерекше екенін әлемдегі соңғы оқиғалар көрсетіп отыр, біз маман ретінде осы сәтте қаншалықты бәсекелестіке қабілеттіміз, кез келген жағдайда халыққа мәселенің мән жайын өзіміздің тұрғыдан жеткізе білеміз бе? Осы мәселе қатты толғандырады.
— Қазіргі уақытта «Apex Consult» компаниясын басқарып отырсыз. Түсінуімше бұл PR және коммуникация саласындағы қызметтерді ұсынатын компания. Осы туралы толығырақ айта кетсеңіз?
— Жалпы 2012 жылдан бері мен PR саласына ауысқаным рас. ТВ - өмірімнің ғажап бір бөлігі, алайда өзгерістерді жаным талап еткен соң, бетбұрыс жасадым. «APEX Consult» компаниясында медиа-директор болып қызмет атқардым, тек өз салам бойынша жұмысты жүргіздім, ал жалпы басшылық басқа азаматта болды. Содан соң жеке жобалардың көбейіп кеткеніне байланысты ол жерден өз еркіммен кеттім. «Бәйтерек»ұлттық басқару холдингінде орталық аппарат сарапшысы болдым, содан соң арнайы ТВ-жобалармен айналыстым.«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» арнайы интерактивті жобасын жүргіздім, өмірім қызыққа толы, күннен күнге шығармашылық ортам кеңейіп жатыр. Оған тек куанам.
— Өз басым Сізді фоторепортер ретінде танимын. Суреттеріңіз қатты ұнайды. Көбіне Астананы түсіресіз, не себепті?
— ТВ саласынан кеткелі шығармашылыққа бір табан жақын болғым келіп, фотоаппаратты құшақтай жүріп, суретпен айналысып кеттім. Сапалы дуние жасау үшін білім қажет, сондықтан қашықтан Нью - Йорк фотография институтында білім алып жатырмын. Екі жылдан кейін бітірем, Құдай қаласа, ал әзірше фотостудентпін))). Ал объективке Астанамыздың жиі ілігетін себебі – осында қызмет жасаймын, осында тұрамын сегіз жылдан бері.
— Бүгінгі таңда ақпаратты көбіне визуалды қабылдайды, яғни мәтін екінші орынға түсіп қалды. Сізді «мультимедиялы журналист» деп атауға бола ма?
— Ия болатын шығар, өйткені бүгінде ол уақыттың талабы, олсыз болмайды. Визуалды контент жасау, елге жеткізудің сыры көп, оны білмесем PR саласында жүру қиын.
— Өмірлік 5 ұстанымыңыз?
1. Өзіңе қандай қарым қатынасты тілейсің, сол карым қатынасты басқаға көрсет!
2. Барлық меселеге сенімсіздікпен қара, факт тексерілу керек!
3. Ақпаратты қабылдайтын аудиторияға адал бол!
4. Сыйлағанның құлы бол!
5. Өмірде өз орныңды тап, соған лайықты бол!
— Жас журналистерге, фоторепортерларға қандай кеңес берер едіңіз?
— Абай болыңыздар, ақпарат жеткізу кәсібилікті қажет етеді. Білімі бар адам үшін ол пайдасын тигізетін құрал, ал мұқият қарамағанға жойқын цунамиге айналуы әбден ықтимал. Біз әрдайым ақпарат арқылы біреуге әсер етеміз, жауапкершілік болмаса, сапалы қызмет жасалмаса - кесірін тигізуіміз мүмкін. Бүгінде кейбір БАҚ өкілдері біреудің, басқа елдің ақпараттық науқанының жетегінде кеткенін де байқаймыз. Бұл меніңше, ақпараттық қауіпсіздіктің мәселесі, оған ерекше назар аударылу керек. Өз жолы, өз санасы, өз мәдениеті бар елміз. Біз бірміз, арамызға ешкім сызат түсіре алмас, БАҚ саласы да қос тілді болса да, бір ойлы болғаны абзал. Ал, фотоконтент жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Айтатын бір ғана нәрсе: өзіңізді фотографияда емес, өзіңіздеріңіздің жаныңыздағы фотоөнерді сүйіңіз. Сонда барлығы сәтті шығады.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Қаламқас НҰРМАҚОВА.