Македониялықтарға «Алтын адам» көрсетіледі

1 Шілде 2019, 19:05 9493

«Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрме шілденің 11 күні ашылады

Тұңғыш рет өткізілетін халықаралық көрмені Қазақстан Республикасының ұлттық музейі ұйымдастырып отыр. Тура бір айға жалғасатын  көрме Солтүстік Македония Республикасының Ұлттық археологиялық музей залында ашылмақ. Мұндай шара «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі»  халықаралық көрме жобасы аясында өткізілмек. Жобаның басты мақсаты шетелдік көрерменді еліміздің тарихи-мәдени бай мұрасымен жақынырақ таныстыруға бағытталған. Көрмеге  сырт киімі алтын жапсырмалы және  құс түріндегі алтын іспеттес конус пішінді  бас киімді Алтын адамның реконстуркциясы қойылмақ. Сонымен қоса,  келушілер көрмеден  5-ғасырдағы  сақ жауынгерінің экспозициясын да тамашалай алады.

Әсіресе бұлардың ішінде  күміс тостаған экспозициясының алар орны ерекше.  Өйткені Есік қорғанынан табылған ескерткіштің  руна жазуымен жазылғанын байқауға болады. 

Арада жарты ғасырға жуық уақыттан соң  ұлттық музей  халықаралық шеру жариялап отыр. Ауқымды шара аясында аталмыш көрме Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея және Өзбекстан елдерінде болып өтті. Енді ұйымдастырушылар ерекше көрмені жыл соңына дейін  жер шарының тағы бес мемлекетінде өткізуді  жоспарлап отыр. Бұған Ұлттық музей қорынан  бас-аяғы  292 шедевр үлгілері ұсынылады. Көздің жауын алатын бұл жауһарлар  Еуразия дала мәдениеті туындыларының  тек аз ғана бөлігі екенін айта кетейік.

Жалпы «Алтын адам»  1960 жылдардың соңында Алматы маңайындағы Есік қорғанынан табылған. Танымал археолог Кемал Ақышев тапқан сақ патшасының сүйегі баға жетпес олжаға бағаланған болатын. Сөйтіп, оған «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, нәтижесінде «Ғасыр жаңалығы» деп жалпақ жұртқа танылды. Бүгінде ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері еліміздің елтаңбасының бір бөлшегіне айналса, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылған.

Сонымен қоса, қорғаннан әшекейлер мен тұрмыстық заттар сынды төрт мыңнан астам алтын бұйым табылды. Қорымдағы заттардың топографиясынан зерттеушілер сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығарды. Енді  ол  алда өтетін  көрме  қонақтарының  назарына ұсынылмақ.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: