Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу қашан басталады?

30 Мамыр, 17:09 1251

Елімізде 1 маусымнан бастап магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау басталады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тіркелу ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 2024 жылғы 8 шілдеге дейін жүргізіледі. Тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.

Тіркелу кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды. Үміткерлер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (8 шілдеге дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру орны бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады. Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 13 шілдеде қолжетімді болады, - делінген хабарламада.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл.

Шығармашылық мамандықтар бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттарды қабылдау 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен жүзеге асырылады.

Биыл бейінді магистратураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді бейінді магистратураға түсуге ниетті үміткерлер «Оқуға дайындығын анықтауға арналған тест» бөлімінен босатылды. Осылайша, олар тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 балды құрайды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: