Мағауия Хамзин жеткізген «Қоңыр қаз» күйін сахнаға қайта шығарғым келеді – Қайрат Айтбаев

20 Тамыз, 17:00 1065

Қазақ халқында күй өнерінің алатын орны ерекше. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың рухани болмысы, мәдениеті мен дүниетанымының көрінісі болып саналады. Осы орайда күй өнері мен күйшінің шеберлігі жайында Мәдениет саласының үздігі, күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Қайрат Айтбаевпен әңгімелескен едік.

El.kz: Қайрат мырза, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Алдымен оқырмандарға алғаш домбыраға деген қызығушылығыңыз, махаббатыңыз қалай оянғаны жайлы айтып берсеңіз.  

Қайрат Айтбаев: Бала кезімізде әр ауылдың әр үйінде домбыра тұратын. Ең алғаш бір әуенді домбыраға салған күні қызығына түскенім сонша, саусағымның басына су жүріп кеткен еді. Ол кезде жасым шамамен алты-жетіде болды. Сол шақта «домбырамен күй шерткен адамда не арман бар екен?» деген ойда жүретінмін. Домбыра  қазақы тәрбие көрген адамның жан азығы.

El.kz: Кез келген адамның бірінші жеткен жетістігі ерекше есінде қалады ғой. Сіз де жеңімпаз атанған сәтте өзгеше сезімге бөленген боларсыз. Сол кезді бір есімізге түсірсек...

Қайрат Айтбаев: 2008 жылы Тәттімбет атындағы республикалық байқауға қатыстым. Сөйтіп, ол жерден бас бәйгені жеңіп алдым. Қазақ ССР-інің халық әртісі, дирижер, профессор Алдаберген Мырзабеков сахнада жүлдені табыстап тұрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шықтың, құлыным» дегені әлі есімде. Жастық шақта мақтау сөзді «дәрумен» секілді қабылдаушы едік қой. Кейін ойлап қарасам, Алдаберген ақсақал сол кезде-ақ мойныма үлкен жүк артып жіберген екен. Әйгілі музыканттың сөзі шынға айнала ма, желге ұша ма, әлбетте, ол менің тынбай ізденуіме, өнерге деген адалдығыма тікелей байланысты болады.

El.kz: Сіздің күйші Жанғали Жүзбайдың шәкірті екеніңізді білеміз. Ұстазыңыз кезінде сабағын қалай өткізетін еді?

Қайрат Айтбаев: Өнерпаздар арасында білімдар адамдар сирек кездеседі. Жанғали ағамыз интеллектуал күйші. Күй үйрету барысында зекіп сөйлегенін көрмеппін. Күй тартысыңнан бір кемшілік байқаса, «Қайрат, мынауың дұрыс, тек мына жерін былай қып жіберсең болды, тіпті қатып кетейін деп тұр» деп айтатын. Сабақ өтуінің өзінде үлкен мәдениеттілік бар. Айтып тұрған ескертпесі үлкен мәнге ие, кілтипаны көп күйдің құпиясы болса да, көркем түрде түсіндіретін.

El.kz: Жоғары оқу орнында оқытушы болып қызмет етіп келе жатқаныңызға біраз жыл болып қалды. Университеттен бөлек тәрбиелеп отырған шәкірттеріңіз бар ма?

Қайрат Айтбаев: Мен Қазақ ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі ән» кафедрасында оқитын студенттерге «Домбыра» пәнінен сабақ өткіземін. Егерде күйшілерді бапта десе, қуана келісер едім. Әзірге ондай ұсыныс болған жоқ. Алматы қаласында Қытайдан келген Мұрат Сұлтанбай деген шәкіртім тұрады. Қолымнан он шақты күй алды. Бет алысына көңілім толады.

El.kz: Репертуарыңызда қанша күй бар? Оның ішіндегі сүйікті күйлеріңізді атап өтсеңіз.

Қайрат Айтбаев: Былтыр Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы репертуарымды сұратқанда, жетпістен астам шертпе күйдің тізімін бергенмін. «Мына күйді сүйемін, мына күйді жақтырмаймын» деу әбестік болар. Табиғатына жақын күйді дәл табу – музыкалық сезімталдыққа байланысты. Болмысымнан алыс күйді тартпаймын, Жаяу Мұсаның ««Көгаршын» көңіліме қонған әнім, Сүйеді сұлу әнді менің жаным» дегеніндей жаныма жарығын түсірген күйді тартамын.

El.kz: Үлгі тұтатын күйшілеріңіздің қатарында кімдер бар?

Қайрат Айтбаев: Өз басым Әбікен Хасенов, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиев, Рүстембек Омаров, Мағауия Хамзин сынды күйшілерді үлгі тұтамын. Бұл күйшілерде даналық, жігер мен нәзіктік, сұлулық пен өткірлік бар. Хас өнерпаздар қайғылы күйді тартса да, мұңға салынбайтын қайсар мінезі байқалып тұрады.

El.kz: Күйші үшін домбыраның сапасы, дыбысы, құрылымы аса маңызды. Осы  ретте аспабыңызды қалай таңдайсыз? оны кім жасайды?

Қайрат Айтбаев: Бұл – үлкен әңгіме. Жақсы домбырадан ағаштың дыбысы емес, күмбірі естіледі. Күмбірлеген домбырасы бар күйші өзін бақытты сезініп жүреді. Қазақта да өз Страдивариы мен Гварнерилері болған. Бұрынғы шеберлер мен қазіргі шеберлердің домбырасының арасында алшақтық бар. Әбікен Хасенов шерткен Қамар Қасымов домбырасының дыбысы келмеске кеткен. Ол бояу мен қазақтың қоңыр тіршілігінің куәсіндей болған домбыраның мақпал үнін қазір таппайсың. «Неге өмір бойы Мағауия Хамзин домбырасын жетілдірумен айналысты?» деп ойлайтынмын. Сүйтсем, ескі шеберлер жасаған шешен домбыраны іздеген екен ғой. Жуырда Павлодар облысындағы Ақсу қаласы домбыра күнін атап өтті. Кішігірім көрме ұйымдастырыпты. Көрмеге Байғабыл Жылқыбаев пен Темірболат Арғынбаевтың домбырасын қойған. Екі домбыра да сайрап тұр.  Бас пернеден сағасына дейін бір қалыпты дыбыс береді. Тұншықпайды, демікпейді. Саусақтың басын қинамай-ақ дыбыс құбылып, бұлдырап кетеді. Бізге керемет сиқыр іспетті көрінетін Әбікен Хасенов сынды күйшінің шеберлігінің бір ұшы аспапта тұр екен деген ойда қалдым.

Мен домбыраны арнайы жасатпаймын. Шеберлерді аралап жүріп, жүздеген домбыраның арасынан таңдап алғанды жөн көремін. Ұстап жүрген екі домбырам да шешен.

El.kz: Бүгінгі жас буынның қатарындағы күйшілердің өнеріне көңіліңіз тола ма? Олар бұрыннан келе жатқан қазақтың күй өнерінің көрінісін халыққа лайықты деңгейде көрсете алып жүр ме?

Қайрат Айтбаев: Қырықтан енді астық қой. «Кейінгі жас өнерпаздар» деп көсемсіген бізге жараса қоймас. Бұл сұраққа аман болсақ, 20-30 жылдан соң жауап бере жатармыз.

El.kz: Қазіргі таңда кейбір өнер  иелерінде неғұрлым домбыраны тез тартсам, соғұрлым күйді күшті орындап жатырмын деген түсінік қалыптасқан. Алайда әрбір күйдің жеткізгісі келетін өзіндік мән-мағынасы бар емес пе?! Біз бүгінде күйдің тілін түсінуден ажырап қалмадық па?

Қайрат Айтбаев: Шын күйші күйдің темпін дәл табады. Тыңдаушының деңгейі жалпы мемлекеттік деңгейде жүргізілген мәдени саясатымызға сай болады. Жүйелі түрде жеңіл-желпі өнерді алға шығарып, күй өнерін кейін шегерсе, оның тілін түсіну тұрмақ, күйшіні таппай қалуымыз ықтимал.

El.kz: Кейбірі сахнада күйшілердің аяғын айқастырып отыруын мәдениетсіздікке балап жатады. Сіздің бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?

Қайрат Айтбаев: Орындықта отырып, оң аяғын сол тізесінің үстіне қойса, домбыраны ұстау ыңғайлы болады. Бұл тәсіл Ахмет Жұбанов кезінен бастау алған. Ең бастысы, күйші сахнаға шығып, тізерлемесе болды. Әйтпесе, өнерпазды тізерлеткен дәуір деген ат қалады ғой.

El.kz: Әңгімеміздің соңында алдағы уақытқа құрған жоспарыңызды айтсаңыз.

Қайрат Айтбаев: Арқа күйлерінен Астанамызда жеке концерт беруді ойластырып жүрмін. Мағауия Хамзин жеткізген «Қоңыр қаз» күйін сахнаға қайта шығарғым келеді.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: