Қазақстанда балет, би ансамбльдерінің, мемлекеттік цирк артистері мен үрмелі аспаптар оркестрлерінің музыканттары ай сайын әлеуметтік көмек алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Жамбыл облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты.
Осы жайында салалық кәсіподақ жиындарында, азаматтарды қабылдау кезінде, сондай-ақ халықпен кездесулер барысында да жиі айтылып келді. Белгілі бір жасқа жеткенде, физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктерге байланысты көптеген артистер зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді. Себебі, 20-25 жылдық кәсіби қызметтен кейін көп жағдайда кәсіби ауруларға ұшырайды. Осыған байланысты министрлік сала ардагерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында ай сайынғы арнайы көмек тағайындады, - деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.