МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ДОСТЫҚ ҮЙІ – БЕС ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫ БАС ҚОСҚАН ТАРИХИ ҒИМАРАТ

20 Маусым 2019, 11:16 5032

Ұлы дала көшпелілеріне сай кеңдік халқымыздың әрбір іс-әрекетінде өз көрінісін табады. Маңғыстау облысының қоғамдық өмірі әркез сан түрлі республикалық және халықаралық деңгейдегі маңызға ие оқиғаларға толы, олардың барлығы, сайып келгенде, рухымыздың кеңдігін асқақтата түсетіндей. 


Елбасының тапсырмасы бойынша көпұлтты халықтың басын бір жерде тоғыстыратын бүкіл Қазақстан бойынша Достық үйлері бой көтере бастады. Маңғыстау облысындағы «Достық үйі» 2017 жылы әлеуметтік бағдарлама шеңберінде салынды. 


Бұл көп функциялық үй 21 этномәдени бірлестікті бір шанырақ астында біріктіреді. «Достық үйі» классикалық стильде салынған және композициялық арка жолмен біріктірілген 3 блоктан тұрады. 


Ғимарат іші колонналар мен күмбездер, пилястр, жан-жақты сатылар секілді классикалық элементтерімен айшықталған. 


Айта кетер болсақ, бірінші қабатта 100 адамға шақталған дөңгелек зал, 400 көрерменге арналған концерт залы, баспасөз мәслихаты бөлмесі, Елбасының арнайы кеңсесі, төрт президентік кабинет орналасқан. 


Сонымен қатар осы қабатта Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ауған ардагерлері, кітапхана залы, асхана және этномәдени бірлестіктердің көрме залы жұмыс істейді.


Мысалы, жоғарғы деңгейдегі мәжіліс залы заманауи құралдарымен жабдықталған. 

Мемлекеттер басшыларының және басқа елдердің мемлекет және үкімет басшыларының, министрлер мен шетелдік делегациялардың өкілдерінің сапарларына қатысуға мүмкіндік беретін конференцияларды жазу және декодтау, сондай-ақ синхронды аударма және сандық акустикалық кері байланысты реттеу үшін бірқатар модульдер орналастырылған. 


Екінші қабатқа 21 этномәдени бірлестіктер жайғасқан. Мұнда бірнеше үкіметтік емес бірлестіктер, ән мен бидің шығармашылық топтары, 50 адамға арналған конференц-зал, 90 адамға шақталған кинотеатр, отбасылық орталық жұмыс істейді. 


Үшінші қабатта «Қоғамдық келісім» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жаңғыру жолы» жастар өңірлік штабы, зейнет жасындағыларға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы», Аналар кеңесі мен медиаторлар өздерінің қызметін белсенді жүргізуде. 


2018 жылдың тамыз айында «Достық үйі» ғимаратының жоғары деңгейдегі мәжіліс залында 5-ші Каспий саммиті өтті, онда бес мемлекет басшылары: Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түрікменстан кездесіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы, Каспий теңізіндегі ынтымақтастық және аймақтық халықаралық мәселелер талқыланды. 


2018 жылдың 14 қарашасында Маңғыстау облысы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылау бойынша «Қоғамдық келісім» КММ, өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшыларына арналған практикалық семинар-кездесу өтті. 


2019 жылдың 12-13 наурызында «Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұраларын зерттеудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 


Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қарттарымызға әр апта сайын қазақ тілін үйрету курсы, жаңа технологиялармен жұмыс жасауды, шахмат, тоғызқұмалақ секілді ойындарды үйрету курстары тегін жүргізіледі. 


Этномәдени бірлестік мүшелері келген қонақтарды өз кабинеттерінде орналасқан ұлттық киімдері мен ұлттық музыкалық аспаптары және көрмеге қойылған ұлттық жабдықтарымен таныстырады. 


Олардың шығармашылық топтары мерекелік концерттер мен ұйымдастырылған іс-шараларда өнер көрсетумен қатар, республикалық, халықаралық деңгейдегі конкурстарға белсенді қатысады. 


Тарихи ғимаратқа айналған Достық үйіне мектеп оқушылары, студенттер және әскери бөлімше сарбаздары экскурсиямен саяхат жасайды. 


Маңғыстау облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы бойынша «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырады. 


Сонымен қатар Достық үйі ғимаратында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлердегі іс-шаралар өткізіледі. 


Сыртқы архитектурасымен де көздің жауын алатын Достық үйі ғимараты қазіргі таңда әсем қала Ақтаудың көрнекі жерлерінің қатарында екені сөзсіз.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: