Маңғыстау: Теңізбен ұласқан шер дала

11 Тамыз 2020, 10:23 15923

11 мыңнан астам тарихи ескерткіші мен 362 әулие өлкесі бар құтты мекенге саяхатымызды бастаймыз. Теңізбен ұласқан кең дала. Тарихы сырға толы ғажайып әлем. Бұл – Маңғыстау түбегі, бірегей әрі құпияға толы өңір.

Маңғыстау облысы Қазақстанның оңтүстік-батысында кең жайыла орналасқан. Оның аумағы 170 мың шаршы километрден астам. 


Яғни, ол кейбір Еуропа елдерінен анағұрлым үлкен. Мысалға, салыстырмалы түрде алсақ, бір ғана Маңғыстаудың аумағына 6 Бельгия еніп кетеді екен немесе 4 Швейцария, 2 Австрия мен 2 Португалия емін-еркін сыйып кетеді. Бұл бір ғана Маңғыстау жері.


Маңғыстаудың ұшы-қиыры жоқ даласы Каспий теңізімен ұласады, бұл өңірдің бірегейлігі де осында. Еліміздің нақ осы өңірі ғана бес мемлекетпен, атап айтқанда Түрікменстан және Өзбекстан, ал Каспий арқылы – Иран, Ресей, Әзербайжанмен шектеседі. 


Сондықтан болар, Маңғыстауды Қазақстанның «теңіз қақпасы» деп те бекер атамаған. Сонымен қатар, бұл – өнеркәсіптік өңір. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызы, яғни шамамен 20 млн. тоннасы осы өңірдің үлесінде.


Бұған қоса, Маңғыстау облысы туристтік ағынды дамыту әлеуеті жоғары Қазақстанның 10 алдыңғы қатарлы өңірлеріне кіреді. Маңғыстаудың сұлулығын сипаттап жеткізуге сөз жетпейді. 


Деректерге сенсек, бұдан 5 миллион жыл бұрын мұнда Тетис мұхиты тулап, осы өңір су астында жатқан көрінеді. Мұнда ежелгі акулалар, динозаврлар мекендеген дешен ақпарат та жоқ емес. Археологтар осы күнге дейін олардың сүйектерін табуда. Зерттеу аяқталған соң бұл олжа тарихи-өлкетану музейіне табысталады. Соңғы үш жылдың өзінде плезиозавр қаңқасының бөліктерін тапқан бірнеше дерек тіркелген.


Бұл өңірдің табиғаты «қарасаң көзің тоймайтындай» керемет! Осы ежелгі өркениет жері ашық аспан астындағы мұражай тәрізді. Мұнда 11 мыңнан астам тарихи ескерткіш бар, олардың бәрі мемлекет пен халықаралық ұйымдар қорғауында. Ерте дәуірде Маңғыстау арқылы ежелгі Хорезмнен Хазарияға, Волгадағы Булгарияға, Парсыға апаратын Ұлы Жібек жолы өткен.


Маңғыстауды 362 әулие өлкесі деп те атайды. Бұл өңірде сопылықты насихаттаған діни қайраткерлер ұрпаққа рухани мұра қалдырған. Олар салған жерасты мешіттері осы күнге дейін ғалымдар мен теологтарды таңқалдырып келеді. 


Мұндай бірегей нысанды өз көзімен көріп, жолын ашу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар ағылып келуде. Маңғыстауға бір рет аяқ басқан адам міндетті түрде қайта оралуға асығады. Осы өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, көне заман құпиясы және жауынгер халық рухы өзіне елтіп тұрады.


Каспий – достық теңізі

Ақтаудың негізгі көркі мен даңқы, інжу-маржаны, әрине, Каспий теңізі. Жаз бен көктемде қарт Каспий жеңілдік пен тыныштық сыйлайды. Мұнда адамдар жағажайда күн сәулесінен нұр алып, күш жинауға ғана емес, жартастарда бірнеше сағат қатарынан отырып, күнделікті қарбалыстан тынығуға асығады. 


Күзде және қыста қатты толқындар теңіз суына екпін беріп, қоршаған ортаны жігерлендіреді және айналасындағы адамдарға рух сыйлайды.


Тағы бір ерекше жайт – қыста жағалауға аппақ аққулар қоныстайды. Каспий теңізі бес мемлекеттің – Қазақстан, Иран, Түрікменстан, Ресей және Әзірбайжанның жағалауымен шектеседі. 


Бұл мемлекеттер өзара сауда-экономикалық, көлік-логистикалық бағыттарда ынтымақтасады. Каспий – елдер арасындағы бауырлас қарым-қатынастардың өркендеуіне өзіндік үлес қосатын достық теңізі.


Каспий теңізінің табиғи ресурстары бай және алуан түрлі. Теңіз түбінде пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнай мен газдың үлкен кенжатындары шоғырланған. Фауна жануарлардың 1800 түріне бай, олардың 415-і омыртқалы жануарлар. Теңізде және өзендердің сағасында балықтың 100-ден астам түрі мекендейді. 


Жағажайда демалуды ұнататын саяхатшылардың шілде айында келгені абзал. Осы кезде Каспий теңізі 26-27 °C дейін жылиды. Тамыз-қыркүйек айларында термометр бағанасы жоғары көрсеткіштерді сақтайды, ал қазан айында Ақтауда теңіз температурасы айтарлықтай салқын болады.


Ақтау – Қазақстанның ең романтикалық қаласы

Күннің көзі ерекше нұрын төгетін  ұшы-қиыры жоқ далада құз үстінде бой көтерген жас әрі  әсем қала – Ақтау.


Қала 1963 жылы Ленинградтағы жобалау институты әзірлеген бас жоспарға сәйкес салына бастады. Мұнда көрікті орындар жетерлік, бірақ олардың ішіндегі ең ерекшесі – шамшырақ (маяк). Шамшырақ тұрғын үйдің үстінен көрінетін әлемдегі екінші қала – Ақтау. 


Бұған қоса, Ақтау - Қазақстанның теңіз қақпасы. Мұндағы халықаралық теңіз-сауда порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан және әртүрлі құрғақ жүкті, шикі мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған еліміздегі жалғыз порт болып табылады.


Жас әрі көрікті Ақтау өзінің бірегейлігімен тек шетелдік қонақтарды ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінің де тұрғындарын тәнті етуде. 


Бір қызығы, мұнда көшелер атауы мүлдем жоқ десе де болады, тек ықшам аудандар ғана, ал мекенжай деректері телефон нөмірі сияқты тек сандармен белгіленеді. 


Күн санап өсіп келе жатқан әсем Ақтауда 30-дан астам ықшам аудан бар. Қалада табиғи ауыз су көзі жоқ, ол толығымен тұщыландырылған теңіз суымен қамтамасыз етіледі.


Ақтаудың ерекше көрнекті орындарының бірі – халықаралық әуежай. Ол Қазақстан Республикасында тасымалдау көлемі бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін үшінші орында. Әуежай 8 ішкі және 16 халықаралық бағыт бойынша қазақстандық және шетелдік әуе компанияларына қызмет көрсетеді. Ақтаудан Мәскеу, Стамбул, Баку және Киев арқылы әлемнің кез келген жеріне жетуге болады. 


Атап өтетін мәселе, 2009 жылы әуежай «ТМД елдерінің ең үздік әуежайы» байқауына қатысып, «ТМД елдерінің қарқынды дамыған әуежайы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған екен. 


Өңірдің ең басты ерекшелігі, әрине, маржандай Каспий теңізі. Іс жүзінде бұл – Жердегі ең ірі тұйықталған су қоймасы, оны ең үлкен көл немесе ауқымды көлемі үшін теңіз деп те атауға болады. 


Каспий жағажайында демалу маусымы мамырдың соңынан тамыздың соңына дейін созылады. Дәл осы уақытта теңіз суы жылынып, орташа температурасы +18 °C-ты көрсетеді.


Қалада заман талаптарына сәйкес салынған демалыс орындары мен жағажайлардың көптігі соншалық, олардың саны жағынан елордадан кем түспейді деуге әбден болады.


Әттең қазіргі карантин болмаса ғой егерде. Қала ашық аспан астындағы музейге айналғандай. Қазір қала тып-тыныш, терең ұйқыға батқандай әсер аласың.


Ақтау мен оның қарамағында 10-нан астам демалыс аймағы бар. Ең үздік жағажайлардың бірі қала орталығынан 25 шақырым жерде Каспий теңізі жағалауында орналасқан. Бұл аймақтың табиғи ерекшелігі, көркі таңқалдырады, ал теңіз ауасы жанды сергітеді. 


Осы аумақтан айналаға көз салсаң небір керемет құбылыстың куәгері боласың – күн ұядан шуақтап шығып, теңізге нұрын төгіп, тіршілік атаулыны оята бастайды. Осы демалыс кешенінде де үлкен аквапарк, бассейндер, бунгало, виллалар, қонақ үй бөлмелері, кафе, мейрамханалар бар.


Барлық жағажай ақылы деп ойламаңыздар. Ақтауда аумағы таза, кафе, мейрамханалары бар ұйымдастырылған тегін жағажайлар да баршылық. Онда демалушылар үшін жатақ, күннен қорғайтын шатыр, су аттракциондары бар. Бірақ дәл қазіргі уақытта карантин қол байлау болып отыр. Сол себепті осы жаздың қызығы төтенше жағдайға байланысты біраз шектетіліп отыр.


Ақтаудағы танымал орындардың бірі «Жартасты соқпақ». Ол еліміздің бірегей туристтік жобаларына жатады. Қаланың ең басты ерекшелігі – мұндағы көрікті орындарды табиғаттың өзі жаратқан. Теңіз, жартастар, ұлутас, ақ құм – өзіңді мұхит түбімен келе жатқандай сезімге бөлейді. 


Бұл шынымен солай, миллиондаған жыл бұрын осы жерде Тетис мұхиты тасыған дейді-мыс. Осы өңір тек жазда ғана әдемі деу – қате пікір.  Ақтау қаласы – қыста аққу, ал көктемде қоқиқаз қоныстайтын Қазақстандағы жалғыз қала. 


Теңіздің самал желі мен ежелгі ескерткіштер сыры демалушыларды өзіне елтиді, сондықтан болар Ақтауға қонақтар  жыл он екі ай келіп жатады.


Он үш ғасырлық тарихы бар Форт-Шевченко

Бұл қаланың тарихы ерекше. Мұнда адамдар VII-VIII ғасырлардан бастап мекендеген, негізінен оғыз тайпасы. Форт-Шевченко қаласының тарихы Новопетровск әскери бекінісі құрылған 1846 жылдан бастау алады. 


Бұл Закаспий облысындағы орыс бекінісі. 1850 жылдан бастап өзінің 7 жылдық қызметін әлемге әйгілі Кобзарь Тарас Григорьевич Шевченко дәл осы жерде өткізді. Осы өңірде Тарас Григорьевич біраз еңбектерін жазған, олар осы күнге дейін жергілікті музейде сақталған. Қаланың көрікті жерлері Шевченкомен байланысты.


Атап айтсақ, Қазақстандағы жалғыз армян капелласы, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, сондай-ақ Новопетровск бекінісінің қалдықтары қаланың маңызды сәулет объектілері болып табылады. Форт-Шевченко маңында бірнеше археологиялық ескерткіштер бар. Олар негізінен XV-XIX ғасырлардағы қорымдар.


Форт-Шевченко қаласын Маңғыстау облысының орталығымен тікелей автокөлік жолы байланыстырады. Кеңес тұсында қалада Азаматтық әуежай жұмыс істеді, ол жерден облыс пен жақын аймақтарға рейстер жүзеге асырылды. Форт-Шевченконың экономикасы Каспий теңізінің қайраңынан мұнай өндіруге негізделген, ол тек XXI ғасырда ғана қарқынды дами бастады.


Қазақстанның Аризонасы - Бозжыра

«Бозжыра» - Маңғыстаудағы ең есте қаларлық әрі таңқалдыратын ерекше орын. 1000 теңгеде бейнеленген де осы мекен. Бозжыра шатқалы Ақтаудан 298 шақырым жерде Үстірт шоқысының батыс бөлігінде орналасқан. Мұнда жан-жақтың бәрі ақ түске боялғандай. Бозжыраның аспанмен таласқан әктас шыңдары екі азу іспеттес. 


Бозжыраның табиғат жаратқан пішіні Маңғыстау даласына қайталанбас ерекше көрік беріп тұрғандай. Жартастың биіктігі - 200 метрден асады. Бозжыра мезозойлық мұхит Тетистің қарамағында болған, сондықтан археолог ғалымдар оның маңынан тасқа айналған бақалшықтар мен ежелгі акула қаңқасын жиі табады.


Екінің бірі біле бермейтін соқпақ жол саяхатшыны тар алаңқайға жетелейді, дәл осы жерден Бозжыра қамалдар алқабының айрықша көріністері ашылады. Бозжырада айналған сайын түсін өзгертетін хамелеон-қалдық таулар, киіз үй тәріздес тау, тік жартастар, қабырғасы шайылған борлы қабаттар,  тасберіштер, тасқа айналған пішіндер көптеп кездеседі. Бозжыра шатқалын көркемдігі жағынан Аризонаға теңестіреді.


«Тар жол, тайғақ кешкізетін» Бекет Ата жер асты мешіті

Рухани тазарып, жан тынықтыру үшін шөл даламен жүздеген шақырым және төмен қарай мыңдаған баспалдақ... Бекет ата мешітіне бет алған жандар осындай «тар жол, тайғақ кешеді». Адамдар жол қаншалықты қиын болса, соншалықты алар алғысың мол болатынына сенеді. Бекет ата мешіті Үстірт шоқысының шекарасында орналасқан. Ең жақын қала – Жаңаөзеннен мешітке дейінгі арақашықтық шамамен 150 шақырым. Өткен ғасырдың соңында дінге сенушілер осы аралықты жаяу жүріп өткен екен деседі. Бекет ата Атырау облысының Құлсары кентінде 1750 жылы дүниеге келген екен. 14 жасқа толғанда ол Шопан ата зиратына тағзым етіп, жаңа білім меңгеруге, әртүрлі ғылым зерделеуге жолын ашу үшін бата сұраған екен.


Аңызға айналған мынадай оқиға да бар: «Бекет ата Хиуаға оқу үшін аттанар алдында ата-анасының ақылы бойынша Шопан ата мешітінде үш түн қонған. Үшінші түнде Шопан ата Бекет атаның түсіне кіріп: «Қайтқан адам тірілер үшін ешқашан той болмайды. Хиуа қаласына бар. Онда шариғат заңдарына ұлы Бақыржан қажы үйретеді. Сен содан барып ілім ал. Хиуаға дейін сені  ауладағы ат жеткізеді», - дейді. Бекет ата оянып, түс көргенін түсінеді де, есік алдына шығады. Аулада шынымен де ат тұр екен. Сол кезде ол аяң түс көргенін түсінеді. Таңғы намазын оқып, жолға аттанады.


Бекет ата ұзақ уақыт әлемнің түкпір-түкпірінде білім мен ғылымға үйренеді. Соңында Маңғыстау облысына ат басын тірейді. Оның басты қасиеті – халық тағдыры мен өміріне алаңдаушылық, жанашырлық таныту болды. Бекет ата медресе мен мешіттер салуға баса назар аударып, адамгершілік, бірлік және адалдықты дамытуға ерекше көңіл бөлді. 40 жасында сопы дәрежесіне жетіп, балалардың сауатын ашып, жер асты құрылыстарын сала бастады.


Қазақтың діни қайраткері, сопы, ағартушы Бекет Мырзағұлұлы салған  жерасты мешітіне ұқсас ғимарат әлемде жоқ. Бекет ата қорымы құрылысы бойынша бірегей жоба. Мешіттің ішіне өту үшін бір жарым мың метр төмен түсу керек. Мешіт төрт үй-жайдан тұрады: ең бастысында қасиетті асатаяқ сақталған. Қажылыққа келушілер оны айналып, тағзым етеді. Бекет ата осы мешітте жерленген. Ескерткіш кіреберіс дәлізден, ғибадат залы, тұрғын бөлме, қабірханадан тұрады. Орталық бөлме төбесінде жарық беретін шағын тесік бар, ол арқардың мүйізімен жабылған.


Мешітте сонымен қатар әйелдерге арналған бөлме де бар. Онда тек әйелдерге кіруге рұқсат етіледі. Бекет ата 63 жасында қайтыс болған, бірақ оның есімі ел есінде мәңгіге сақталып, игі істері ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Екі жүз жылдан астам уақыт аралығында қажылыққа баратын адамдар жерасты мешітіне келіп тағзым етуде. Барлық адамдар Бекет атаға келер алдында, оның ұстазының мешітіне міндетті түрде барады. Бұл Маңғыстаудың басты қасиетті орнының тағы да бір дәстүрі. Ал Шопан ата жерасты мешіті – өз алдына жеке тарих.  

Шопан ата - сопылықты уағыздаған ұлы ұстаз

Шопан Ата мешіті – Қызылсу жерінде орналасқан ежелгі ескерткіштердің бірі. Дәстүр бойынша, тағзым етушілер алдымен Бекет атаның ұстазы - Шопан ата мешітіне, содан кейін Бекет ата мешітіне барады. Екі мешіт арақашықтығы шамамен 70 шақырым. Шопан ата қорымы тау еңісінде, терең емес жырада орналасқан. Оған жерасты мешіті, Шопан ата қабірі, оғыз-қыпшақ тайпаларының ежелгі құлпытастары кіреді. Шопан ата – қойдың пірі. Бұл есім емес, сопылықты уағыздаған адамдардың ұлы ұстазына қойған аты. Тарихшылардың пайымдауынша, Шопан ата XIII–XIV ғасырлар кезеңінде өмір сүрген. Шопан ата Қожа Ахмет Йассауидің шәкірті болған. Ол туралы аңыздар көп емес. Соның бірі келесідей.


«Бірде Қожа Ахмет Йассауи шәкірттерін жинап алып, тапсырма береді: әркім өз киіз үйінің шаңырағынан жебе жіберіп, сопылық идеяларын насихаттайтын жолды анықтауы қажет. Ол үшін әрқайсысы шопан ретінде жалдануы тиіс екен. Шопан атаның жебесі Баян атты бай ауылының жанындағы Маңғыстау шағын тауына қадалады. Бай шарт қояды. Ол шарт бойынша бірінші жылы Шопан қойды тегін бағады, ал сол мерзім өткен соң оның отарында төлдеген барлық ақ қозылар шопанға алғыс ретінде берілетін болады. Жыл бойы отардағы қойлар тек ақ қозы қоздайды. Онда бай шешімін өзгертіп, есептесуді келесі жылға көшіреді де, қара түсті қозылар шопанға беріледі деп шешеді. Келесі жылы отардағы қойлар тек қара қозы қоздайды. Дәл осы кезде Баян бай оның алдындағы шопан жай адам емес екенін түсінеді. Алғыс ретінде бай оған қызын қалыңдық ретінде беріп, жан-жақты қолдау көрсеткен дейді-мыс. Ал жебе қадалған таудың етегіне Шопан ата мешіт салады».


Ал басқа аңызға сүйенетін болсақ, Шопан ата осы тау етегінде өзінің ұстазы Қожа Ахмет Йассауидің асатаяғын тауып алған екен. Сол асатаяқтан тұт ағашы өскен деседі. Бұл қасиетті ағаш болып саналады, оның жасы қазір шамамен 800 жыл. Мешіт жартас алқабында ойылып салынған. Ол мәдени орталық ретінде жоспарлануы мүмкін. Ескерткіш 12 үй-жайдан тұрады. Әрбір үй-жайдың мақсаты бар. Мысалға, бірі діни рәсімдерге арналған, екіншісі – ағарту қызметіне, үшіншісі – шаруашылық қажеттілікке арналған және тағысын солай кете береді.


Сұлтан-Епе – теңізшілердің қорғаушысы

Сұлтан-Епе – қасиетті Маңғыстау жеріндегі тағы бір жерасты мешіті. Ол Маңғыстау түбегінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі бақалшақтан құралған Қауыш жотасында орналасқан. Сұлтан-епе исламды уағыздаған ұстаз – Қожа Ахмет Йссауидің шәкірттерінің бірі Хәкім-Атаның ұлы болатын.


Аңыздарға сәйкес, Сұлтан-епе теңізшілердің қорғаушысы болып саналады. Каспийде батып бара жатқан теңізшілер одан көмек сұраса, олар міндетті түрде құтқарылады дейді-мыс. Сұлтан-Епе шатқалы өңірдің ешбір жерінде кездеспейтін флора мен фаунаға өте бай. Сұлтан-Епе құдығындағы су Маңғыстау  түбегіндегі дәмі ғажайып сулардың бірі болып саналады. Сұлтан-епе қорымы мешіттің солтүстік-шығысында орналасқан.


Аңыз бойынша, бағзы заманда әкесі ұлдарын өзіне шақыртады. Бәрі бірден әкесінің алдына келеді, бірақ кіші ұлы Сұлтан-Епе араға бірнеше күн салып бірақ келеді. Әкесі оған қатты ашуланады. Сонда Сұлтан-Епе өзінің алыс Каспий теңізінде болғанын, ол жерде қиналған балықшыларға көмектескенін айтып, арқасындағы арқанның іздерін көрсетеді. Содан бері ол әрдайым теңізде апатқа ұшырағандарға қол ұшын беріп, көмекке келеді-мыс.


Жерасты мешітінің жанында тұщы сулы құдық бар, жергілікті шопандар сорғы арқылы оның суымен жануарларды суарады. Мешіт қалыңдығы 2 метрге дейін созылған, жалпы неоген шөгінділері жүйесін құрайтын саз бетінде жатқан жартас қабатының тасқын сумен шайылуы және бұзылуы салдарынан түзілген таяз арна беткейінде жайғасқан.


От иесі - Шақпақ ата

Шақпақ ата Маңғыстаудағы мәдени-мемориалды кешендердің бірі. Бұл жердегі мешіт жартасты мүйісте салынған, сондай-ақ оның жанында қорым бар. Шақпақ ата –  8 ғасырға жуық тарихы бар қасиетті орын. Ескерткіштің сыры мен құпиясы әлі де толық ашылмай, ғалымдардың қызығушылығын арттыруда. 


Бұл мешітке әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар саны толастар емес. Мешіттен басқа мұнда ежелгі дәуір тұрақтары да сақталған. Шақпақ ата Қожа Ахмет Йассауи шәкірттерінің бірі, Маңғыстауға ұстазының асатаяғын іздей келген Шопан атаның немересі екен деседі. Оның екі тырнақты жанастыру арқылы отты жаға білу қасиеті болыпты-мыс. Сондықтан «Шақпақ» деген лақап атқа ие болған (шақпақ от шығару үшін қолданылатын тас).


Бұл ретте  Шақпақ ата туралы аңыздың пайда болуына негіз болған кремний осы өңірде молынан шығарылады. Мешіттің үстіне төртбұрышты құрылыс салынған. Оның қабырғалары әлемнің екі жағына бағытталған, әрбір жағынан терезелер орнатылған. Ол Шақпақ ата мешітінде жауын-шашыннан қорғаныс және мұнара ретінде қызмет еткен.


Мешіттің қабырғаларында сыртынан да, ішінен де көптеген суреттер, жазулар бар, ал өрнектер табиғат-ананың тылсым күшімен қалыптасқан. Шақпақ ата қорымын сыр мен құпиялылық ерекшелендіреді, мұнда келген әрбір адам уақыт ағынын байқамай рухани байып, тарихпен қауышуға керемет мүмкіндік алады.


Әйгілі Шерқала тауы – Арыстан қамалы

Шерқала -  Ақтау қаласынан шамамен 94 шақырым жерде орналасқан, пішіні ерекше, жалғыз тұрған тау. Алыстан көз салсаңыз, бір жағынан ол үлкен киіз үйге, екінші жағынан аяғына басын қойып, дем алып отырған арыстанға ұқсайды. Шерқала тауы да Бозжырамен бірге 1000 теңгеде бейнеленген. Аты аңызға толы Шерқала тауы Маңғыстау облысының табиғи нышаны болып табылады.


Таудың атауы түрікмен тілінен аударғанда «Арыстан қамалы» деген мағынаны білдіреді. Оның биіктігі – 307 метр, тау борлы қабаттардан, құмнан, саз бен әктастан түзілген. Шатқалға көз жүгіртсеңіз, мұнда бұрын таулы өзендер мен сарқырамалар болғанын әбден байқауға болады. Олардың кейбіреуінің тереңдігі 100 метрге дейін жетеді. 


Тауға тек арнайы жабдықпен жарақтанып шығуға болады, ал оны айналып өту үшін кемінде бір сағат уақыт қажет. Шерқала айналасында көлемі әртүрлі шар тәріздес қойтастар бар. Олардың көбі жел әсерінен жарылып қалған. Тау етегінің алқабы өсімдікпен көмкерілген.


Қарақия ойпаты – жаңбыр бұлттарының табиғи генераторы

Қарақия ойпаты теңіз деңгейінен 132 метрге төмен орналасқан әлемдегі ең терең құрлықты ойпаттардың бірі. Қазақстандағы ең құрғақ ойпат және Азиядағы неғұрлым терең ойпаттардың бірі. Ол Ақтау қаласынан шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Қарақияның көркі ерекше. Бұл табиғат сыйы үзік жартастары бар терең шараға ұқсайды. Ойпат өте ерте заманда Каспийдің бір бөлігі болып, мыңжылдықтар бұрын қалыптаса бастаған. Осы күнге дейін мұнда ежелгі тасқа айналған заттарды кездестіруге әбден болады.


Көп жылдар бойы жер астында шөгу процестері жүрген, соның нәтижесінде табиғаттың ерекше қасиетті ескерткіші түзілді. Қазаншұңқыр аумағында жер бедерінің қалыптасу үрдісі әлі де болса аяқталған жоқ. Ойпат әлі де терең бойлай, пішінін өзгертіп, түрленуде. Қазақстан ғалымдары Қарақия ойпатында бірнеше жыл зерттеулер жүргізіп, сусыз ойпат жаңбыр бұлттарының табиғи генераторы болып табылатынын анықтады. Жаз кезінде жоғары ылдилайтын ауадан ойпаттың үстінде бірнеше километрге созылатын жаңбыр бұлттары түзіледі екен. Мұны жасанды спутниктерден алынған фотосуреттер мен жерүсті байқаулары растап отыр.


Ақсақалдардың айтуынша, Қарақияның жартасты шатқалдарында қазына іздеген қарақшылар көп болған екен. Кейбіреуінің жолы болып, көмбе тауып алған деседі. Біраз із кесушілер осы күнге дейін ерекше заттар тауып, мамандар оның құндылығын бағалаумен келеді. Көп нұсқалардың бірінде Қарақияны «Қара аңның араны, аузы» деп аударған.


Айрықты-Шоманай – қамалдар алқабы

Айрықты-Шоманай – қалдық таулар тізбегі. Ел аузында оның атауы Айрықты-Шоманай, бірақ әлемде ол «Айрақты қамалдарының алқабы» деген атаумен белгілі. «Қамалдар алқабы» атауы осы жерде 1851 жылы болған украиндық суретші және ақын Тарас Шевченконың бірқатар суреттерінен қалған естелік. 


Шынымен, осы елді мекен ертегідегі шөлді қалашық тәрізді. Желден морылған тау қалдықтары сүмбілері мен мұнаралары, бекініс қабырғалары мен бағаналары бар орта ғасырлық қамалдарды елестетеді. Таулардың бірінің басына шығып, айналаға зер салсаң, табиғат кереметі ашылады. 


Айрықты алқабы қамалдарынан басқа, Ақтау таулары да көзге ілінеді. Кейде жолшыбай тек аттар ғана емес, тау ешкі-муфлондар да кездеседі. Тау етегінде тасбақалар мен сарышаяндар мекендейді. Ылғалды көктемде осы алқап хош иісті қызғалдаққа оранады. Айрықты тауының борлы жыныстарында ойылып салынған суреттерді кездестіруге болады. Зерттеушілердің бірі оны «Дала әуені» деп те атап кеткен.


Шабыт пен таңғажайыптың сарқылмас бұлағы - Тұзбайыр соры

Бұл - табиғат құбылыстары салдарынан ерекше жаралған көл. Тұзбайырдың әсемдігі мен бірегейлігін сөзбен жеткізу қиын. Оның басты көрікті жері – Тұзбайыр соры. Бұл ағыны жоқ, таяз сулы жер. 


Әктасты жартастар мен сор ортасында тұрғанда өзіңді басқа әлемде жүргендей сезінесің. Қайталанбас керемет көрініс. Табиғаттың бірегей ерекше туындысы. Бұл аймақта тіпті ауаның өзі ғасырлар бойы жел, тұз және су әсерінен әбден қаныққан. Түнде мұнда жұлдызды аспанның барлық сұлулығын тамашалауға болады.


Бор жартастары көптеген шұңқырлар мен терең арналардан тұрады, олар ертегідегі шексіз бағаналар іспеттес. Тұзбайырға алыстан қарағанда үстірттің негізгі алқабына қабысқан екі тау қалдығы бірден көз тартады. Соқпақ жолмен жақындап келген кезде-ақ көз алдыңа ерекше табиғат құбылысы – су мен жел ықпалынан түзілген керемет алқап ашылады. 


Тұзбайырға кез келген көлік түрімен баруға болады. Көзге суыт көрінгенмен, Тұзбайырдың өзіндік флорасы мен фаунасы бар. Сондықтан саяхатшылар бұл жерде көптеген қызықты жаңалықтар ашып жатса, суретшілер мен натуралистер үшін бұл шабыт пен таңғажайып көріністердің сарқылмас бұлағы.


Отпан тау – бірлік отының жағылатын жері

Отпан тау - таулы шың. Елге қауіп төнген сәтте жергілікті тұрғындарды хабардар ету үшін сол шыңда алау жағылған екен. Отпан тау шыңында жағылған от кез келген жерден көрінеді. Отпан тауы Маңғыстаудағы Қаратау тауларының бойындағы ең биігі, теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан. 


Оның жоғарғы жағында Адай батырға 37 метрлік ескерткіш орнатылған. Адай – қазақ халқының ел ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи тұлға және батыр. 2007 жылы оның құрметіне осы «Отпан тау тарихи-мәдени кешені» ашылған болатын. Дәл осы жерде Адай атаның екі ұлы - Келімберді мен Құдайкені бейнелейтін екі стелла бар.


Сонымен қатар күш пен рух еркіндігінің нышаны Ұлы Қасқыр – Көкбөрі мүсіні де орналасқан. Жыл сайын Амал мерекесінде - 14 наурызда Маңғыстау облысындағы қасиетті Отпан тауында дәстүрлі бірлік оты жағылады.


Бағзы заманда рубасылары Отпан Тауға жиналып, халық тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылдаған. Осы жерден ақсақалдар мен данышпандар бата беріп, сарбаздарды соғысқа аттандырған. Қазіргі уақытта Отпан тау монументіне тек Маңғыстау тұрғындары емес, сонымен бірге көрші республикадан (Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан) қонақтар да жиі келеді.


Рухтар мекендейтін Жығылған мүйісі

Жығылған «құлаған жер» деген мағынаны білдіреді. Бұл Түпқараған түбегінің басты көрнекті жері. Жығылған – тастармен көмкерілген, дөңгелек пішінді ойысы бар үлкен тау сілемі. Орыс тілді саяхатшылар бұл аймақты жай ғана «Сәтсіздік» деп атап кеткен. 


«Жығылған» Каспий теңізінің жағасында орналасқан, бірақ басқа жұмсақ әрі тегіс қабаттардан айырмашылығы, ол - жартасты, ал беткейлері жарылған тастармен көмкерілген. Етегіндегі кейбір үйінділер аумағы бойынша ауылдағы кішірек үйдей болады.


Жығылғанның адамдарға сыйлаған ерекше керемет көрінісі – бетінде махайрод мысықтарының іздері және кішкентай жылқы – гиппариондардың батпаққа батқан тұяқтарының таңбалары кескінделген тас тізбегінен құралған қабаттар. Бұл таңбалардың жасы 10-15 миллион жыл. Айналаға танымал бола тұра, Жығылғанның құпия сыры әлі де бар сияқты.  Адамдардың айтуынша, бұл жерде рухтар мекендейді екен.


Торыш - домалақ тастар шашыраған жұмбақты дала

Әлем қазіргі заманғы ғылым, тіпті түсіндіре алмайтын көптеген құпиялар мен құбылыстарға толы. Осы жұмбақтардың бірі - Маңғыстау түбегіндегі шексіз алқапқа шашыраған алып тас шарларының шығу тегі. Торыш шатқалындағы  шарлар алқабы дөңгелек пішінді тастарды өз көзімен көруге қызыққан саяхатшыларды елтеді.


Бұл жерге келген адамдарды мазалайтын негізгі сұрақ - осындай шар тәрізді тастар қалай пайда болды. Ғалымдардың пікірінше, осы шарлар шамамен 120-180 миллион жыл бұрын пайда болған. Олардың ең үлкенінің диаметрі 4 метрге дейін барады. Ғалымдар бұл сұрақтың жауабын 250 жылдан бері іздеп келеді. Алайда, ешқандай нақты жауап осы күнге дейін жоқ.


Шарлар алқабы - Батыс Қазақстанның ең қызықты және ерекше көрнекті жерлерінің бірі. Шар пішінді ғажайып тастар үстірт пен оның беткейлерінде шашырап жатыр. Алып динозаврдың жұмыртқаларына ұқсайтын, ыстық күнмен шағылысқан үлкен тас шарлар мың жылдан астам уақыт бойы қазіргі Қазақстанның аумағында жатыр.


Әрине, мұндай тас жұмыртқаны ешбір жануар ешқашан жарып шыға алмасы анық. Шар көлемдері мен түстері әртүрлі,  негізінен құм мен саздан құралған. Ғалымдар бұл шарларды «түйіндер» деп атайды. Олардың пайда болуын зерделеу барысында «шарлар белсенді тектоникалық жарықтар аймағында жер қыртысында пайда болатын электр разрядтары нәтижесінде қалыптасқан болар» деген пікір айтылды. Шағын тас түйіні айналып, соның айналасында  тау жынысы ұлғая бастап, тасты шарлар пайда болған деседі.

Туризм саласын дамытудағы қарқынды қадамдар

Туризм саласы ел экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі болып табылатыны сөзсіз. Әсіресе киелі, қасиетті жерлері мен тулаған Каспиі бар Маңғыстау өңірінде туризмді дамыту мәселесі алдыңғы қатарда.


Маңғыстау облыстық әкімдігінің ұсынған ақпаратына сәйкес, үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында Маңғыстауға 30 мыңға жуық адам келген болса, оның 25 мыңы еліміздің резиденттері екен, яғни ішкі туризм деңгейінің қаншалықты дамып келе жатқанын көрсететді.


Облыс аумағында саяхаттап келгендерді орналастыратын 90 орын болса, оның 36-сы Ақтауда екен. Маңызды ақпарат. Қазіргі коронавирус ахуалына байланысты, Ақтау қаласының 6 қонақ үйінде уақытша 478 медицина қызметкері (оның ішінде - 10 әскери дәрігерлер) орналастырылған. Есепке алынып отырған осы үш ай ішінде туризм саласында 671,5 млн теңгеге қызмет көрсетілген.


Туризм саласы бойынша 2020 жылдың қаңтар-маусым айлдарындағы салынған инвестиция көлемі 53,4 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бірден 67,8 есеге артқан.


Ақпарат үшін айта кетейік, Каспий теңізінің Маңғыстау облысы жағалауында 4 балаларды сауықтыру лагері, 19 демалыс базасы (Ақтау қаласында – 18, Қарақия ауданы Кендірлі аумағында 1 демалыс базасы), 7 жеке демалыс жағажайы орналасқан. Облыста 44 туристік фирма тіркелген болса, оның ішінде 17 туроператор, қалғаны – негізінен авиа, темір жол билеттерін сатумен айналысатын турагенттіктер.


Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы экономикасының шикізат емес секторы іс-шараларының туризм саласын дамыту бойынша 3 негізгі бөліктен тұратын жоспар жасақталып, сол бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олар:

-         туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру;

-         туристік өнімдерді құру және туристік объектілерді танымал ету;

-         инфрақұрылым мен сервисті дамыту.


Бірінші бағыт бойынша «Aktau Resort Hotel» көпфункционалды туристік қонақ үй кешенінің 1-ші кезеңі іске қосылып, қонақ үй кешені 30 шілдеден бастап алғашқы қонақтарын қабылдай бастады. Жоба құны - 60 млрд тенге, жұмысқа 469 адам қабылданды.


Екінші бағыт бойынша Маңғыстаудың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында, бірегей бренд-бук, логотип, Ақтау қаласының туристерге арналған жолкөрсеткіші, жағажай картасы жасақталған. Оған қоса Маңғыстау облысының туристерге арналған жолкөрсеткіші және картасы, брелок, магниттер, фотокарточкалар жинағы әзірленді.


Арнайы әзірленген буклетте Маңғыстау облысының ең көрікті деген 10 жері, қызмет көрсететін мекемелер және тағы басқа ақпараттар орналастырылған.


Қазіргі әлемдегі жағдайға байланысты бұрын жоспарланған бірқатар туристік іс-шаралар: Каспий тур Фест, Туроператорлар үшін ақпараттық тур, Балаларға арналған «Өз еліңді таны» акциясы бойынша экскурсиялар, Алматы, Мәскеу қалаларындағы туристік көрмелерде өңірдің туристік әлеуетін таныстыру, сервис пен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында мейрамхана бизнесінің кәсіпкерлері үшін семинар-тренингтер өткізу сияқты бірқатар шаралар жоспардан алынып, шегерілді.


Дегенмен, өлкенің тарихы мен мәдениетін, туристік, тарихи-мәдени жерлерді таныстыратын өңірде сертификатталған кәсіби гид-экскурсия жасаушылардың тапшылығына байланысты, гид-экскурсия жасаушыларға арналған семинар-тренингті жыл аяғына дейін, карантиндік шектеулер алынғаннан кейін өткізу жоспарланып отыр.


Үшінші бағыт бойынша теңіз жағалауын газ, ауыз су, электр желісі және автомобиль жолымен қамту жұмыстары әлемдік стандарттарға сай келетін жаңадан бой көтерген қонақ үйге дейін атқарылды.


Сонымен бірге, өңірде туристік нысандарға апаратын сервистік нүктелерде 12 санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату бойынша бюджеттен 144 млн. теңге қарастырылып, Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында жұмыстар басталып кетті.

Рауан Искалиев
Бөлісу: