20 Маусым 2016, 10:20
– Мақпал апай, қазір сіздің әлеуметтік желілердегі белсенділігіңізді байқап жүрміз. Аккаунтыңызда өзіңіз отырасыз ба?
– Иә, «инстаграмда» өзім отырамын. Қызым Мерей жақында маған «инстаграмнан» жеке аккаунт ашып беріп, оған қалай кіру керектігін, сурет пен видео жүктеу жолдарын үйреткен еді. Алғашында еш нәрсе жазбайтынмын, тек суреттерді жүктеп отырдым. Бұл өзі кәдімгідей уақытты алатын дүние екен. Қайсыгүні «өлең жаттауым керек» деп «инстаграмды» 10-15 күн жауып тастағанмын. Сөйтсем, жұрттың бәрі «қайда жоқ болып кеттіңіз, біз сізді сағынып қалдық!» деп хат жазыпты. Байқағаным, әлеуметтік желі халыққа күнделікті өзіңнің қандай шаруа бітіргеніңді, қайда барғаныңды айтып, есеп бергенге жақсы екен.
Тыңдармандардан күніне неше түрлі пікірлер келеді. Көпшілігі менің қасым мен орамалыма тиіседі. Кеше біреу «басыңыздағы орамалды алып тастаңызшы» деп жазып жіберіпті. Сондай-ақ, «қасыңызды қап-қара қылып боямаңызшы» деп айтатындар да көп. Жас кезіміздегі қап-қалың қасымызды татуаж жасаймыз деп құртып алдық, енді осылай боямасқа амал жоқ. Ал орамал жауынды күні де, былайғы кезде де шашты түйіп, сыртынан тартып алып жүргенге өте ыңғайлы. Мұнын бәрін қайсыбір тыңдарманға түсіндіріп жатамын, пікірлерін өшірсем, қайтадан жазып қояды.
– Сол «инстаграм» арқылы сіздің туған ауылыңызға жиі барып тұратыныңызды біліп отырамыз.
– Иә, мен ауылыма жыл сайын барып тұрамын.
– «Зейнетке шыққан соң, әкем салған үйге келіп тұрамын» деп жазғаныңыз қалжың сөз бе, әлде, рас па?
– Шынымен сөйтемін.
– Сонда ән айтпайтын қоясыз ба?
– Жоқ, шақырса, келіп айта беремін. Қазірдің өзінде шақырмай отыр ғой, қайтесің енді?!
– Қызыңыз Мерейдің Лондонда білім алып келгенінен хабардармыз.
– Мерей осыдан біршама уақыт бұрын Лондонға барып, ағылшын тілінің бір айлық курсында оқып келді. Ол жақтағы ұстаздары Мерейді «өте алғыр бала екен!» деп мақтапты. Қызым шетелден келгелі бері өзгеше көңіл-күйде жүр. Қазір оның оқуға деген талпынысы одан сайын күшейді. Биыл сыныбының топбасшысы болып сайланғалы бері Мерейдің белсенділігі күрт өсті. «Бір өлең жазып қоймайсың ба?» десем, «жоқ, мама, менде қазір уақыт жоқ. 6-7 сағат бойы сабақ оқимыз» дейді. Мен қызыма үнемі «білімді болсаң, мыңды жығасың! Жақсы оқығаның өзіңе жақсы!» деп айтып отырамын.
– Мерей екеуіңіз орындайтын «Ана мен бала» әнін Естай Әлікеевке тапсырыспен жаздырдыңыз ба?
– Жоқ, оны Естай маған өзі жазып алып келді. Ән бізге бірден ұнады. Естай әннің аражировкасын да өзі жасады.
– Қызыңыздың әп-әдемі даусы бар екенін байқадық.
– Даусы бар, бірақ, Мерей әншілікті қаламайды. Әнші болудың оңай еместігін менің жағдайымнан көріп жүр. Әншіге уақытылы ұйқы, бап қажет екендігін жақсы біледі. Маған «мама, қалай шаршамайсың? Демалшы, тойға бармай-ақ қойшы!» дейді. Мен оған «сені, бауырларымды асырау үшін үйде отыра алмаймын» деп айтамын. Қызым қазір ағылшынша, кәрісше әндерді бірден қағып алып, айта береді. Мерейдің ритмі мықты әрі даусында әдемі бір тембр бар екен. Бірақ, қазір оның даусы – қалыптаспаған дауыс. 13 пен 14 жастың арасында даусы мутациядан өтеді, сосын барып қалыптасады.
– Сіз дуэтте не нәрсеге баса мән бересіз?
– Мен ешқашан біреумен дуэт айтам деп талпынған адам емеспін. Әншілер «апай, сізбен ән айтқымыз келеді» деп өздері іздеп келеді. Мен оларға «жақсы ән тапсаңдар, бірігіп орындайық» деймін. Осы уақытқа дейін «Нұр-Мұқасан», «Серілер» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Әлішер Кәрімов, Ақбота Керімбекова және тағы басқа әншілермен дуэт айтқан екенмін.
– Сізді ел «қолы ашық, жомарт жан» дейді.
– Аллаға шүкір! «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөздің жаны бар. Өзім жақсы сыйласатын кісілерден, маған шын көңілімен қалтқысыз қызмет көрсететін жандардан барымды аямаймын.
– Автокөлік жүргізесіз бе?
– Жоқ, мүлдем рөлге отырып көрген адам емеспін. Қайбір жылы әнші Бүркіт маған жүргізуші куәлігін сыйлаған еді, ол үйде естелік болып тұр. Кезінде Зәкеңнің өзі «жануля, мен тұрғанда көлікті қайтесің? Әдемі қалпыңда әніңді айтып жүре берсеңші» деген еді. Мен тіпті өзімнің рөлде отырғанымды елестете алмаймын. Анекдот айтып, тарқылдап күліп келе жатып, бір жерге кіріп кетем бе, құрсын! (күлді). Жалпы, мен техника жағына жоқпын, мынау телефонның тілін 2 айда әзер үйрендім.
– Тойға қаншалықты жиі барасыз?
– Тойларға қонақ ретінде де, ән салуға да көп барамын. Той мен концерттің еш айырмашылығы жоқ. Тіпті, тойдың жауапкершілігі көптеу, сол жердегі адамдардың бәрімен суретке түсесің. Ал сахнада саған ешкім жоламайды, көрерменнен алыста тұрасың. Тойға келген ағайын менің жаныма жетіп келіп, қолымнан алады, суретке түседі. Бұл – халқымның маған деген құрметі. Қасыңа ентелеп келіп тұрған тыңдарманға «қолтаңба бермеймін, суретке түспеймін» деп айту ұят нәрсе деп ойлаймын. Бала-шаға, кемпір-шал демеймін, жиналған жұрттың алдында жанымды салып ән шырқаймын.
– Ән айтып болған соң, халыққа басыңыз жерге жеткенше иіліп беретін сәлеміңізді сіздің ерекшелігіңіз деуге болатын секілді.
– Бұл – бала кезден қалған әдет. Алғаш 4 жасымда ауылдың сахнасына шыққанмын. Сол кезде шешем маған « ән айтып болған соң, халықтың алдында басыңды иіп, рахмет айт!» деп үйреткен. Ал жерге отыра қалып сәлем беруді өзім ойлап тапсам керек. Қазір кейбір кісілер маған «сіз Халық әртісісіз, сонша иіліп сәлем салмасаңыз да болады ғой» дейді. Сонда да бұл әдет қалмады, сахнаға шыққанда иілуге бейім тұрамын. Бірақ, бұдан жапа шегіп жүргенім жоқ.
– «Әнші емеспін, әннің өзімін», «қазақтың ерке қызымын» деп ән саласыз. Бұл жолдар тура сіздің болмысыңызға арнап жазылғандай. Ән сөздерін арнайы тапсырыспен жаздырасыз ба?
– Жоқ, мен тапсырыспен ән жаздырмаймын. Әлгінде өзің айтқан екі әннің де авторы – Мұхит Қасқырбаев. Ақын, композиторлар әнді маған өздері жазып әкеледі. Мені өз ойларында солайша елестетіп отырып жазатын болуы керек. Осыдан біршама уақыт бұрын Жұлдызай Ысқақтың сөзіне жазылған Гүлмира Саринаның «Әлемім сенсің әдемі» атты жаңа әнін орындадым. Бірақ, оның ішінде менің тағдырым туралы айтылмайды. Әннің өзі де, сөзі де сондай әдемі, хит болатын шығар деп ойлаймын. Гүлмира «апай, әнімді құлпыртып жіберіпсіз!» деп риза болды.
– Қайбір жылы бір концертіңізде еліміздің түкпір-түкпірінен келген Мақпал Жүнісовалар өнер көрсеткен еді. Қазір Мақпал Жүнісовалардың саны қаншаға жетті?
– Білмеймін, санаған жоқпын, қазір олармен онша хабарласпаймын. Өйткені, ол қыздарды концертке шақыруын шақырып алып, артынан бәлеге қалған жайым бар. Концертте біраз Мақпал ән айтты, бірақ, олардың бәрін бірдей эфирден көрсеткен жоқ. Теледидардан концертті тамашалағанда, әні эфирден қысқартылған Мақпалдар «мені көрсетпеді» деп жылапты. Бала ғой, енді. Олардың ата-аналары маған звондап, «менің Мақпалым ана Мақпалдан жақсы айтып еді. Неге оны көрсетпедіңдер?» деп өкпелерін айтты. Бұл менің қолымда тұрған дүние еместігін айтып, мән-жайды барынша түсіндіруге тырыстым. Негізі, жас таланттарға қолымнан келгенше қолдау көрсеткім келген еді. Сол оқиғадан кейін қорқып қалдым. Қызымды өсіріп, өзімнің басымды аман алып жүрсем де жетеді дедім. Шын талантты болса, ол қыздар бір күні бәрібір бір жерді тесіп шығады деп ойлаймын. Сол концертте 32 Мақпал Жүнісованы көрдім, кейбірі маған әлі де хабарласып тұрады. Әлі күнге дейін қыздарына Мақпал деп, егіз балаларына Заманбек, Мақпал деп ат қойып жатқандар бар.
– Шәкірттеріңіз бар ма?
– Жоқ, мен ешқашан сабақ бермеген адаммын. Концерттер мен гастрольдік сапарлар, одан қалды, басқа түскен қиындықтар да көп болды. Мен сабақ беретіндей жағдайда болған жоқпын. Жолдасым қызметтен босаған кезде қасында біраз отырып қалдым. Ер-азаматыңды тастап кетіп, «мен гастрольге кеттім, сабақ беруге кеттім» деп қаңғып жүрмейсің ғой. Оның үстіне, Зәкең өзі қызғаншақтау адам болды. Шуақты күндерде де, қиын-қыстау кезеңде де жолдасымның жанынан табылдым.
– Көптеген жастар сізге еліктейді, сіз секілді танымал болғысы келеді. «Адамдар, кешіріңдер!» деген әніңізде айтылатын «Ешкімде жоқ ерекше өмірдің, ешкімге ұқсамайтын тағдырдың» иесі болудың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?
– Жалпы, менің тағдырыма қызығудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Кейде тілек айтқанда «жастарға менің тағдырымды емес, маған деген құрметті, абыройымды берсін!» деймін. Әйтпесе, қайдан оңай болды дейсің? Саясат дегеннің өзі құйтырқы нәрсе ғой. Ал саясаткердің жары болу тіпті қиын. Зәкең маған өмірде мықты болуды, өз-өзіңді қорғай білуді үйретіп кетті. Ол кісінің атын адам ретінде де, азамат ретінде де биік қоямын. Осы күнге дейін күйеуге шықпай жүргенімнің де себебі – осында. Өйткені, мен елдің бәрін Зәкеңмен салыстырамын. Қазақтың жігіттерінің арасынан әлі күнге дейін жақсы дос таба алмай келе жатырмын. Жақсы дос табу мен күйеуге шығудың айырмашылығы жер мен көктей. Мен күйеуге шықпаймын, қызым да оған рұқсат бермейді. Қысқасы, ондай жоспарым жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.