Мәулен Әшімбаев референдумға қатысты

5 Маусым 2022, 09:54 1220

Фото: Baq.kz

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев республикалық референдумға қатысты, деп хабарлайды El.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Сенат спикері Ұлттық академиялық кітапханадағы 111-учаскеде дауыс берді.

Бүгін еліміз үшін өте маңызды күн. Жалпыұлттық референдум барлық облыста өтіп жатқанын білесіздер. Оған үлкен дайындық  жұмыстары жасалды. Дайындық жұмыстары ашық әрі әділ ұйымдастырылды деп айтуға болады, - деді Әшімбаев.

Әшімбаев референдумды өткізуді Конституцияның негізгі қағидасының орындалып жатқаны ретінде қарастыру керегін айтты. 

Конституциямыздағы ең негізгі қағидалардың бірі - биліктің бастауы халық. Сондықтан референдумды Конституциямыздың негізгі қағидасының жүзеге асырылуы деп те қарауға болады. Себебі еліміздің дамуы үшін өте маңызды сұрақтар, мемлекеттік құрылымымызға байланысты мәселелер жалпыұлттық референдумға шығарылып, халықтың таңдауына беріліп отыр. Еліміз қалай дамиды, мемлекетіміз қандай болуы керек деген негізгі қағидаларды халық өзі қарап, негізгі шешім қабылдайды. Сондықтан референдумды Конституцияның негізгі қағидасының жүзеге асырылуы деп қарастыру керек. Референдумды әділ әрі ашық ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырма бергені белгілі. Сол себепті елімізде белсенді жұмыс жүргізілді. ОСК мен жергілікті комиссиялар дайындық жүргізді. Бүгінгі референдумға 270-ке жуық шетелден бақылаушы келді, - деді ол.

Әшімбаевтың айтуынша, шетелден келген байқаушылардың арасында депутаттар да бар. Олар елордада ғана емес, өңірлерде де бақылау жүргізіп жатыр. 

Сонымен қатар қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері де референдум қалай өтіп жатқанын бақылап жатыр. 

Референдум әділ, Конституция мен халықаралық стандарттарға сай өтеді деп сенеміз. Мұндай мәселе халықтың өз таңдауына беріліп жатқандықтан ел азаматтарының дауыс беруі өте маңызды. Мұны біздің ұлт ретінде жетілгендімігіміздің көрсеткіші деп қарастыруға болады. Референдум учаскелеріне келіп, дауыс беруге азаматтарды шақырамын, - деді ол.

Бөлісу: