«Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмі америкалықтардың көзімен..

29 Қыркүйек 2014, 05:41

Америкалық досым Криспен бірге «Мәскеу көз жасына сенбейді» («Москва слезам не верит») атты фильмді қарадық.

Америкалық досым Криспен бірге «Мәскеу көз жасына сенбейді» («Москва слезам не верит») атты фильмді қарадық. Оның үстіне бұл фильм Оскарды жеңіп алған. Досым орыстың классикалық әдебиетін жақсы көреді, енді міне орыстың үздік фильмдерімен танысып жатыр. Фильмді бастан-аяқ ағылшынша субтитрмен қарап шықты. Фильм аяқталған соң Крис маған қоятын бірнеше сұрағы бар екендігін айтты.

– Оксана, мен түсінбедім, Катя (кейіпкер) үлкен фабриканың директоры бола тұра, қол астында үш мыңға жуық адам жұмыс істей тұрып неге құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі үйде (жатын бөлмені есептемегенде) тұрады? Бұл деген масқара ғой? Екі адам бір бөлмелі пәтерде тұру деген... Оған қоса үлкен кәсіпорынның директоры қонақ күтетін бөлмеде жазылмалы төсекте жатады. Мұны қалай түсінем?

– Енді Крис, бұл Кеңес үкіметі кезінде болған оқиға. Ол кезде біз бәріміз де осылай өмір сүрдік. Мен бір бөлмелі үйде ата-анаммен, сіңліммен бірге тұрдым. Сіңлім екеуміз қонақ күтетін бөлмеде дәл сондай жазылмалы төсекте жататынбыз.

– Енді сенің ата-атаң Катя (фильмдегі кейіпкер) сияқты үлкен кәсіпорын басқармаған қарапайым адамдар ғой?

– Ол кезде бай-кедей деген түсінік болған жоқ. Адамдардың барлығы тең болған.

– Енді өзің айттың ғой, ол кезде коммунистер үшін артықшылықтар болған деп. Катя (кейіпкер) үлкен жетекші қызметте бола тұра коммунист болмағаны ма? Сосын Николайдың анасы «Сонда мейрамханалардағы тағамдар өте дәмді ме?» деп не үшін сұрайды? Сонда сіздерде мейрамханаларда тамақ дәмсіз бе, дұрыс қызмет көрсетілмей ме? Егер тұтынушыға дұрыс қызмет көрсетпесе мейрамханалар қалай шығынға ұшырамай жұмысын жалғастырып жатыр?

Мен желкемді қасып кідіріп қалдым. Ал Крис болса сұрақтарын үсті-үстіне жаудыртты.

– Неге ол үлкен ұжымды басқарғанмен, үнемі бұзыла беретін көлікпен жүреді. Оның жалақысы жақсы көлік сатып алуға жетпей ме?

Мен жигули автокөлігінің сол кездерде үлкен мәртебеге ие болғанын айтқаныммен, Кристі сендіре алмадым. Ол сұрақтарын жалғастырды.

– Оксана, маған мынаны айтшы! Катя – сұлу, көрікті, ақылды. Барлық жетістіктерге өз күшімен жетті. Қыз тәрбиелеп отыр. Сөйте тұра өзін бақытсыз сезінеді. Соның бірі жанында күйеуі жоқ болғандықтан ба? Күйеуі Гоша әйелі өзінен көп ақша табатын болған соң салы суға кетіп әйелін баласымен тастап кетті? Ал Катя болса оны ұмытудың орнына Мәскеу көшелерін кезіп, өзі кінәлі адам құсап іздеп жүр. Күйеуін көзіне жас алып еске алады. Бірақ екеуінің қатынасы бұрынғыдай болмайтынын біледі. Бәрібір Катя күйеуінен көп пайда табады. Неге оның күйеуі отбасын сақтап қалу үшін әйелінен көп пайда табуға тырыспайды? Менікі дұрыс емес пе? Неге фильм авторлары әйел қанша биікке көтерілгенмен, жанында күйеуі болмаса қоғамдағы мәртебесі төмен етіп көрсетеді? Осыны маған түсіндіріп берші!

 

Кристің өзі өмірде не тыныдырыпты деп жаман ойламаңыздар! Ол үш баланың анасы. Каратэден қара белбеу иесі. Жасы 58-де болса да 45 жастағы әйелдер сияқты жас көрінеді. Ешқандай пластикалық операция жасатпаған. Күйеуі хирург-ортопед. Бақытты отбасы. Өзен жағасында он бөлмелі зәулім үйде тұрады. Психология ғылымдарының докторы.

Мен Криске барлық жағдайды түсіндіріп беру үшін сонау 17 жылдардан бастап тарихты қопара бастадым. Менің жауаптарым табысты, бақытты америкалық әйелді қанағаттандыра алмады. Екеуміз бұл мәселе туралы әлі кейін сөйлесетін болып шештік. Крис соңында тағы мынадай пікір білдірді:


– Оксана, сенің ол жақтан кетіп қалғаның қандай жақсы болған! Сенің әлгі фильмдегідей бейнеңді елестетудің өзі қиын. Жалпы фильм тұтастай алып қарағанда жаман емес, сендердің кеңестік кезеңдегі тарихтарыңнан біраз хабардар болдым. Тағы көруге тұрарлық сіздерде қандай фильм бар?

Авторы – Oksana Lexell.

Бөлісу: