28 Шілде 2014, 11:00
Мүсiреп шешен Солтүстiк Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Қараағаш ауылы жерiнде өмiр кешкен. Мүсiреп қонысының орны осы уақытқа дейiн сақталған.
Мүсiреп Арғынның Қанжығалы атасынан тарайды. Алдай Керей елiне кiрме, жас кезiнен Тоқсан бидiң ағасы Сексен батырдың баласы Бекентайдың жалшысы болады.
Ақынжанды, шешен, серi, саяткер болған. Мүсiреп Бекентай байдың басты адамдарының бiрi болады. Ғабит Мүсiреповтың «Ұлпан» романында жазылғандай, сол төңiректе екi Мүсiреп болады. Бiрi – Ғабеңнiң атасы түрiкпен Мүсiреп, екiншiсi – сөз етiп отырған Алдай Мүсiреп. «Азырақ асыға сөйлейтiн, азырақ асыра сөйлейтiн» («Ұлпан». 8-бет).
Кезiнде Мүсiреп шешен айтты деген сөздер ел iшiнде көп айтылып келген. Шешеннiң бiр бататолғауын жазушы Қойшығара Салғаринөзiнiң«Көмбе»(361363бет) романында былайша баян еткен:
«…Естулерiң бар шығар, мына өзiмiздiң Тоқал Арғында ертеректе сөзге ұста, еменнiң қарсы бiткен бұтағындай қыңыр мiнезi бар Мүсiреп деген шешен болған. Өзi кедей екен. Сол Мүсiреп бiрде жолаушылап келе жатып Керейдiң атақты байы Бекентайдың отарлап жатқан қалың жылқысының үстiнен түседi. Жолсоқты болып қажып келе жатқан соң Мүсiреп жылқышылар қосына соғып, бiраз тынығып алуды қош көрiп, ат басын әдейi бұрады. Келсе, ортасында Бекентайдың ерке баласы Жүсiп мырза бар, жылқышылар бiр тоқтының етiн қаужап жатыр екен.
Қара қосқа сәлем берiп кiрiп келген Мүсiрептi отырғандар жаратпайды, келiңiз деп асқа шақырмайды. Мүсiреп те емiнбей бос жерге барып жайғасады. Қостағылар тамаққа тойып, әбден сен же, мен же болған кезде ғана Жүсiп келген кiсiнi жаңа аңғарғандай: «Ау, мына ақсақал құр қалыпты ғой, ет берiңдер», – деп жiгiттерiне айтады да, өзi әбден қырым ет қалдырмай мүжiлген басты әкеп, «мүжiңiз, ақсақал» деп алдына қояды.
Мейман болып келiп, мазаққа ұшырағанына назаланған Мүсiреп табаққа қол салмайды. Жүсiп Мүсiрептiң киiм киi сiнен Арғын екенiн бiлiп:
– Қане, Арғыным, тойып келсең, асты тоғың басылған соң iшерсiң. Ал қазiр бата бер, – деп қолын жаяды. Сонда Мүсiреп ойланбастан:
Тiлесең бата Арғыннан,
Сиырың өссiн тарғылдан,
Жылқы өссiн сарғылдан.
Келемежбен бата тiлесең,
Өмiрiң өтсiн зарығумен,
Күнiң өтсiн тарығумен.
Адаспас сапар жөндiкi,
Таусылмас дұға кеңдiкi.
Атамыз Арғын – халық ағасы
Тiлеу болған халыққа.
Арғын, Қыпшақ бас қосса,
Төменгi орын сенiкi,
Жоғарғы орын менiкi.
Таңда мақшар болғанда
Жетi тозақ сенiкi,
Сегiз жұмақ менiкi.
Орның тозақ болған соң
Былшыл сөзiң ненiкi?
Дәм айдап келдiм қосыңа,
Көрсеткен сыйың осы ма?
Сенен көрген сыйымды
Арғын, Қыпшақ бас қосса,
Айтармын талай досыма.
Бес-он малдың арқасында атқа мiнiп,
Бекентайың дарқан болған.
Шотайың аз ғана күн
Жұртына қалқан болған.
Әлiн бiлмей аға жұртқа тiлiн тигiзiп,
Ақырында оның талқан болған,
Бiлмедiңдер сендер халiмдi,
Сыйламадыңдар кәрi шалыңды.
Абайлай жүрiп анық бас,
Қуатың халыққа мәлiм-дi.
Мүжiп әкеп бас қойдың,
Жемесiн деп ас қойдың.
Мiнеки деп ұсынбай,
Шайыңды iшiп дәс қойдың.
Сұрамасаң да айтайын,
Менiң атым – Мүсiреп,
Құрмет қылсаң болмай ма
Келген соң қосқа түсiрiп?
Самаурынмен шай iшiп
Ақ батамды бермес пе ем.
Дұғамды қаршыға ұшырып,
Келемежге не бата,
Сөзiмде жоқ еш қата.
Сақалымның ағы ұрғыр,
Ер жiгiтiн бағы ұрғыр.
Адал досың арам боп,
Айналып келiп тағы ұрғыр.
Жасы үлкен деп сыйламай,
Келгеннен қойдың мазаққа,
Тәңiрiм салсын азапқа.
Менi Құдай жаратса,
Бұл дүниеде қор болып,
Қиямет күн болғанда
Түсерсiң бәлем тозаққа, – деген екен Мүсiреп шешен.