Мұрын жырау

27 Тамыз 2014, 03:51

Мұрын жырау

Патша өкіметінің отарлаушылық саясатына негізделген іс-əрекетіне көнбеген Маңғыстау халқы 1870-1873 жылдары көтеріліс жасағаны белгілі. Көтерілісті патша өкіметі күштеп басады. Көтерілісшілерге қару жасаумен шұғылданған, керек десеңіз найза, қылыш, мылтық жасауға дейін барған шеберге отарлаушылардың қандай көзқараста болары айтпаса да түсінікті. Түбектің бірқатар ауылдары Хиуа хандығы аумағына, өзбек, түркімен, қарақалпақ аумақтарына қоныс аударады. Күйзеліске ұшыраудың салдары осы болатын. Қарақалпақ жеріне əкесі Сеңгірбектің отбасы да ауған. Халық дүрбелеңге шыққан 1870 жылы бала Мұрын, болашақ ұлы жырау 11 жаста екен. Араға он жыл салып, 1880 жылы Бозашы түбегіне, туған жеріне оралады. 1897-1899 жылдары, қайтадан қарақалпақ жеріне көшіп барып, Хожеліде тұрады. Хожеліде өткізген екі жыл ішінде екі ұлы қайтыс болады. Оның алдында Дəметкеннен көрген алты баласының үшеуі дүние салған-ды. Сөз жоқ, мұның бəрі өте ауыр қайғы. Рухы биік Мұрын жыраудың өзі қайғы-күйіктен шөккендей күйге түседі. Ел алдында жыр айтуға зауқы соқпай қояды да, туған жері Маңғыстауға қайта көшеді. Бұл жолғы қонысы Форт- Шевченко қаласы болып еді. Қала іргесінен тау-тастан үш бөлмелі үй жəне ұста дүкенін тұрғызып алады. 1907 жылы зайыбы Дəметкен дүние салып, жалғыз қызы Тұрлан екеуі ғана қалады. Одан кейін алған əйелі Жанша (Жансалқам) 1940 жылы дүние салады. Сосын, жалғыз қызы Тұрлан мен күйеу баласы Дүйсенбайдың қолында болады. Бұлар Форт-Шевченкодан 16 шақырымдай Асан дейтін жерді мекендеген. Теңіз беттегі аласа үй еді. Бұл үй Киров көшесінің 20-шы үйі аталынды. Даңқты жыраудың жарты ғасыр өмірі осында өткен деседі жергілікті өлкетанушылар. Мұрынның өз сөзімен айтқанда, “Осы кезден бастап, жыр, əңгімені тек əдейі шақырған жерде, əдейі ұйымдастырылған жиындарда айтатын болдым”.

Бір ескере кетер жай мынау: академияға Мұрынның өзі 1942 жылы Н.Ұйықбаев арқылы жолдаған өмірбаянында 1859 жылы, ал 1949 жылы жіберген материалдарында 1860 жылы 15 қаңтарда тудым деген дерек бар. Жыраудың бейіті басындағы құлпытаста Мұрын Сеңгірбекұлы 1860 жылы туып, 1954 жылы тамызда дүние салғаны көрсетілген.

Мұрын жыраудың баласы Дəуітбай Мұрынұлы бұл күндері Ақтау қаласы іргесіндегі Дəулет елді мекенінде, Мұнайлы ауданында тұрады. Мұрынның кіндігінен тараған ұл перзенттері қарақұлақ болар шақтарында көз жұмады. Сонсоң өзінен тұяқ қалмайды да Тұрлан деген қызынан туған жиені Дəуітбайды өз атына жаздырып, бала қылып алған. Сексеннің сеңгіріндегі Дəуітбай Мұрынұлымен 2009 жылдың сəуірінде оның құттыханасында болып, дидарластық. Аса талантты ата Мүрекең жөніндегі материалдар жəне деректермен таныстырды дейді Қабекең.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: