М.Құл-Мұхаммед: 75 адамдық комиссияның артында 17 млн халықтың мүддесі тұр

14 Мамыр 2016, 09:10

Пікір

Жер реформасына қатысты мәселенің талқылануына жарты жыл уақыт бар, осы ретте комиссияның әрбір мүшесі не болмаса белгілі бір топтың, партияның, қоғамдық ұйымның, үкіметтік емес ұйымның өкілі өз пікірлерін жазбаша немесе ауызша комиссия отырысында талқыға салу керек.

 

«Бұл 75 адамдық комиссия болғанымен, олардың артында 75 мың адамның мүддесі тұр. Тіпті, 17 млн халықтың мүддесі тұр деуге де болады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз 100 пайыз дауыс беріп, 100 пайыз қол көтеретін коммунистік заманнан өтіп кеткенбіз. Демократиялық елдердің барлығында кез келген мәселені талқылаған кезде көпшіліктің дауысына қарай, ыңғайына қарай жығылады. Бұл да қоғамда бар нәрсе. Бірақ, аз дауыс болды екен деп кейбір азаматтардың халықтың атынан айтқан пікірлері ескерілмеуі керек деген сөз емес. Әрбір пікір ескерілуі керек. Заңның әрбір бабы бойынша Елбасының айтып отырған тапсырмасы халықтың ортасына барып түсіндірілуі тиіс. Ертең ол да болады. Әртүрлі топтың пікірін ортаға салып, бәріміз бірдей соны талқылауымыз керек. Солардың барлығы ескерілуі қажет», - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

М.Құл-Құхаммедтің пікірінше, Комиссия қандай да болмасын бір шешімдер қабылдаса, оның барлығы халықтың ұсынысы ретінде қаралуы керек. Яғни, Парламентке баратын ұсыныстардың өзі осында әбден пысықталып алуы керек. Сондықтан Комиссияның ең алғашқы отырысын береке-бірлікпен жұмыс істеуге шақырды. Айтылған пікірлердің арасындағы қарама-қайшылық болса, оларды шешу үшін арнайы редакциялық комиссия құруды ұсынды.

«Керек десеңіз 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні қабылданған Тәуелсіздік туралы Конституциялық Ата заңымыз 3 күн бойы талқыланып, келісімге келе алмаған кезде, комиссия құрылған. Сол комиссияның атынан баяндама жасалған. Содан кейін барып, Тәуелсіздігімізді жариялағанбыз. Егер ортақ пікірге келе алмай жатсақ, осындай комиссия құрып, соны комиссияның шешуші отырысында қарап, әрбір бабын талқылап, ортақ шешімге келгеніміз дұрыс деп ойлаймын», - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімдіктерінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің мүшелерін оған жер мәселесін Қазақстанның әрбір облысында қалаларында, аудандарында көтеріп жүрген, халықтың пікірін айтып жүрген азаматтарға осы мәселелерді кеңірек түсіндіруге қосылуы керек екенін айтты.

Бөлісу: