7 Тамыз 2014, 10:16
– Сiз – «Айқын» газетiнен ойып тұрып орын алған «Жатыпатар» сатиралық бетiнiң тұрақты авторысыз. Сiздiң шығармаларыңызды бiздiң оқырмандарымыз тағатсыздана күтiп, iздеп жүрiп оқитыны да рас. Сондықтан Сiздi газет ұжымы жəне оның мыңдаған оқырмандары атынан ер жасы – елуге толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз.
– Мен «Айқын» газетiнiң тұрақты авторы ғана емес, сонымен бiрге тұрақты оқырманымын. Ал өзiм сүйiп оқитын басылымның ұжымы мен оқырмандары менi елеп-ескерiп, мерей-тойыммен құттықтап жатса, оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Белгiлi сықақшы Көпен Əмiрбектiң «сатириктер үндiс халқы сияқты өте аз» дегенi бар едi. Сiз сол аз халық өкiлдерiнiң бiрi де бiрегейiсiз. Шырайлы Шымкент жұрты Сiздiң мерейтойыңызды құда күткендей аяқтарынан тiк тұрып, атап өткенiн құлағымыз шалып қалды.
– Естiген құлақта жазық жоқ. Оның рас. Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында шығармашылық кешiм дүркiреп өттi десем де болады. Ол үшiн осы кешiмдi өткiзуге белсене араласқан азаматтар мен өнер сүйер қауымға айтар алғысым шексiз. Дүйiм халық, мұқым ел жиналған бұл шараға Алматы жəне Шымкент қалаларындағы əзiл-оспақ отауларының əртiстерi мен өнер жұлдыздары қатысты. Бұл есеп беру кешiмдi қыста, яғни өзiм туған желтоқсан айында өткiзсем де болар едi. Бiрақ халықты аядым.
– Түсiнбедiм. Халықты аяғаны несi?
– Қыстың көзi қырауда оқырмандарымды дiрдектетiп, «жаңғақ» шаққызғым келмедi. Өйткенi Шымкентте жылу қыста емес, жазда берiледi.
– Қашанда əзiлiңiз əзiр тұрады. Ал ендi сатираға қай кезде бет бұра бастадыңыз?
– Тырнақалды туындыларымды сегiзiншi сыныпта оқып жүрген кезде жаза бастадым. «Жазушы болды деген осы» деп негiзгi сабақтарды ысырып қойып, сатиралық шығармаларды жата жастанып, бiрiнен соң бiрiн «кемiрдiм, мүжiдiм». Тiптi, сабақ үстiнде оқуды да əдетке айналдырдым. Бiр күнi сынып жетекшiм Өмiрбай ағай көрiп қойып, құлағымды бұрап, басым-ды 180 градусқа қаратқан. Рақмет саған, Өмiрбай ағай!
– Бала күнiңiзде кiм болуды армандадыңыз?
– Ұлы ақын, заңғар жазушы болғым келдi. Леонардо да Вин-чи секiлдi қылқалам иелерiнiң қатарынан орын да iздеп көрдiм. Оларға елiктеп қыздың да, мұздың да, тұздың да суретiн сал-дым. Əсiресе, қыл-қыбыр мен жын-жыбырдың суретiн керемет салушы едiм. Түлкiбастағы Абай атындағы мектептi сценарий бойынша бiтiрген соң, менi бiреу күтiп жүргендей Алматыға асығып, ҚазМУ-дың журналистика факультетiне оқуға түс-тiм. Мұнда да қол қусырып қарап жүрмедiм. Факультеттiң «Жас толқын» атты қабырға газетiн шығардым. Ақын Мəди Қайыңбаев «Жас толқынға» деген арнау өлең жазды. Үшiншi курста оқып жүргенiмде «Жiбек желi» атты ұжымдық жинаққа сатиралық шығармаларым ендi. Сондағы қуанғандығым соншалық, төбем көкке бiр-екi милиметр жетпей қалды. Сөйтiп өзiмдi «классик» санап жүргенiмде сыншы Бақыт Сарбалаевтың «Қызыл алма» атты кiтабында қатты сыналдым. «Жас талапкер Мұхтар Шерiмовтiң шығармасынан күн де, жүн де шықпайды. Сатираны қоя салғаны дұрыс» дептi. Мен «ол айтты екен» деп қоя салмадым. Сатираға бұрынғыдан да бетер ғашық болдым. Сол жылдардағы «Қымызхана» əзiл-оспақ телетеатрына интер-медиялар жаздым. Университетте оқып жүрiп төрт том кiтап шығардым.
– Əзiлiңiз болар. Əйтпесе, қазақ сатирасының атасы атанған Оспанхан Əубəкiровтiң төрт томдығын Үкiмет пен əкiмдi асарға шақырып жүрiп, əлi күнге дейiн жарыққа шығара алмай жүрмiз.
– Осағаңның төрт томдығын жарыққа шығармау – елдiгiмiзге сын. Ал ендi өзiмнiң əлгi томдықтарыма тоқталсам, ол əншейiн төрт қалың дəптер. Соның бiрiншi бетiне суретiмдi жабыстырып, бiрiншi томға «Мыжбанның мəселесi», екiншi томға «Ықы, ықы, ыштырр», үшiншi томға «Əй, қайда жүрсiң?», төртiншi томға «Қышынып барамын» деп ат қойып, шекесiне «Мұхтар Шерiмов» деп түрлi-түстi қаламмен аты-жөнiмдi қисайта жазып қойдым. Сол арманым биыл орындалды. Таяуда «Нұрлы əлем» баспасынан төрт томдық шығармалар жинағым жарық көрдi. Ол туралы сiздердiң газеттерiңiз жазды. Бұған дейiн «Құдағи құшақтай бередi» атты жинағым оқырмандарға жол тартқан болатын.
– Қазiргi қазақ сатирасы туралы не айтасыз?
– Сатираның жiлiк майын теоретик Темiрбек Қожакеев «жалап-жұқтап» қойған. Қазiргi қазақ сатирасы туралы өз пiкiрiмдi айтсам, əлi де баяу дамып келедi. Елең еткiзердей жаңалық жоқ. Сатира əлсiз, қауқарсыз. Сол баяғы ұсақ-түйек мəселелердi мүйiздейдi. Əлеуметтiк мəселеге тiсi батпайды немесе таланты тəлтiректеп жатады. Кейбiр сатиралық əңгiмелерге жүрегiң айниды. Онысы лирикалық əңгiмеге де келмейдi. Қысқа қайырғанда, қазiргi сатираға мынадай элементтер жетпейдi: 1.Форма (қалып). 2. Əдiс. 3. Сатиралық тiл. 4. Сөз ойнату. 5. Сарказм немесе əзiл. 6. Негiзгi нысана, мақсат. 7. Сəттi түйiн. Жазылған сатирада айтылар ой күңгiрт болса, мақсаты мəнсiз, қауқары əлсiз, сөздерi – сұйық, жазуы – тұйық болса, ондай əңгiменi «халтура» деп аталады. Мысқылды сатирамыз да, əзiл əңгiмемiз де жетiсiп тұрған жоқ. Баспасөз беттерiнде шығып жатқан əзiл-сықақ əңгiмелер орын толтыру үшiн берiлiп жатқан дүмбiлез дүниелер. Ондай авторлар үшiн мен ұяламын. Ал олар ұялмайды. Оқырманның обалы олар үшiн көк тиын.
– Соңғы кездерi сатиралық хикаят, романдар шыға баста-ды. Бұл – тасымыздың өрге домалағанын бiлдiрмей ме?
– Оның рас. Бiрақ сол сатиралық хикаят, романдардың бiр сөйлемiн оқып, жымидыңыз ба? Ащы айтылған мысқылына күрсiндiңiз бе? Бəлкiм, «сатиралық» деген сөздi сызып тастап, жай ғана «хикаят» дей салса жарар ма едi? Мұндай кiрпiш кiтаптар кiмге керек?
– Сiздiң уайымыңызға «уланып» қалғандаймыз. Сонда қазақта сатириктер жоқтың қасы ма?
– Е, жоға. Мен жалпы жағдайды айтып отырмын. Əйтпесе есiмi елге белгiлi сатириктер Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Толымбек Əлiмбекұлы, Еркiн Жаппасұлы, Алпысбай Боранбайұлының «оптом» оқырмандары бар. Олар сатираның сүтiн емiп өскендер ғой.
– Сатирик болғаннан кейiн Сiз қоғамды, адамды сы-найсыз, мiнейсiз. Ал өзiңiзге айтылған сынды қалай қабылдайсыз?
– Сатирада кек сақтау – əлсiздiктiң белгiсi. Мəселен, Сабыр-бек Олжабай менiң бiр дүниемнiң өңiн айналдырып, əзiл əңгiме жазды. Жергiлiктi газетке наз айтып, мақала жазып едiм, менi сiлкiлеп, «нашар сатириксiң, бiр-ақ кiтап шығарғансың» деп бiрнеше мақалалар сериясын жариялады. Мен ренжiген жоқпын. Бiр жиында жолыққанда, құшақтап көрiстiм. Онда тұрған не бар? Сабырбек жазды екен деп, нашар сатирик болып кетпейтiн шығармын. Ол да кек сақтамайтын, ақ көңiл жiгiт. Қазiр де екеумiз араласып тұрамыз.
– «Тамаша», «Күлкi керуенi», «Шаншар», тағы да бас-қа əзiл-оспақ отауларының белсендi авторы екенiңiздi жақсы бiлемiз. Ал ендi сол комедия театрлары туралы ой-пiкiрлерiңiздi бiлдiрсеңiз.
– Несiн айтасың, жылағың келедi. Анекдоттар – сахнада! Дөрекi қимыл, дөрекi сөз. Құдайым-ау, сол да күлкi болып па? Сахнаға жалаңаш шығу не масқара?! Жұрттың көзiнше ұятсыз сөз айту да өнер ме?! Ал театр жетекшiлерiнiң уəжiне құлақ түрсек, бiз – авторлар сахнаға лайықтап жаза алмайды екенбiз. Жаздық, жазып жүрмiз. Оу, кешiрiңiз, сiз режиссер екенсiз, ен-деше дəмдi дүниенi сахнаға неге лайықтап жiбермейсiз? Сосын олардың бiр жаман əдетi – көркем дүниеңдi, сатиралық тiлiңдi сызып тастап, өздерiнше «керемет өңдеп» жiбередi. Демек, олар сатираның теориясын бiлмейдi. Гүлжан Қалыбекованың «Күлкi керуенiн» менiң ұйымдастырғанымды екiнiң бiрi бiлмейтiнi анық. Ол да газеттерге сұхбат бергенде менiң аты-жөнiмдi атамайды. Əйтпесе сол театрдың атын қойып, алғашқы қойылымның бүкiл сценарийiн жазып, сөз сөйлеген мен едiм ғой. Өкiнiшке қарай, сол «Күлкi керуенi» қазiр құрдымға кеттi. Неге? Өйткенi олар авторларды менсiнбейдi. Өздерi би, өздерi қожа, өздерi жұлдыз. Сондай-ақ, «Шаншардың» театр болып қалыптасуына да септiгiм тидi. Жүсiп Ақшораев пен Уəли Əбдi-райымовты Шəуiлдiрден алдырып, сахнаға шығардым. Оларға рақмет. Аракiдiк болса да мұны айтып жүредi. Демек, оларға «жұлдыз» ауруының вирусы жұқпады деген сөз.
– Соңғы кезде Сiздi қандай ой мазалап, не толғандырып жүр?
– Бiзде Шəкен Аймановтан кейiн комедиялық фильмдер түсiрiлген емес. Ал бары өз деңгейiне жетпеген. Алдағы уақытта сондай фильмдер түсiрiлсе екен деймiн. Сосын дарынды сықақшыларды дер кезiнде марапаттай алмай жүрмiз. Көлде-нең көк аттылар алып жатқан сыйлықтар сатириктерге бұйыр-май-ақ келедi. Соған қарағанда бiз тоқалдан туған сықыл-дымыз.
– Əңгiмеңiзге рақмет!