15 Сәуір 2015, 04:57
Мерекелік іс-шараға Қазақ студенттері Ассоциациясы мен Азия Халықтарының Мәдениеті мен Тілдері бөлімінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Батаева Сәуле Әбдірахманқызы жауапкершілік алып, Висконсин-Мэдисон университетіндегі Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия орталығының қолдауымен (CREECA) Ingraham Hall ғимаратында өтті.
Қазақы қонақжайлық дәстүрі бойынша мерекелік шара есігі келем деушілерге ашық болды.
Алдымен мерекелік шараның ресми бөлігі болды. Алғашқы сөз Мэдисондағы Қазақ студенттері ассоциациясының президенті Мейірбек Әшірғазиевке берілді, ол, қонақтарға Наурыз мерекесінің тойлану тарихы мен мән-мағынасын таныстырып өтті.
Келесі сөзді АҚШ-тағы Қазақстан студенттері альянсының Astana EXPO-2017 халықаралық көрмесін насихаттау жөніндегі хатшысы Мамырхан Қасымов жалғады. Мамырхан Astana EXPO-2017 көрмесінің тақырыбы – «Болашақ энергиясы» екенін атап өтіп, ол идеяның ата-бабамыздың Наурыз мерекесін тойлау философиясымен астасып жатқанын ашып айтты. Наурыз мерекесінің басты идеяларының бірі табиғатты аялау екенін, осы мақсатта ежелден наурыз мерекесінде көптеп тал егу, бұлақ көзін ашу, өскелең ұрпақты қоршаған ортаны таза ұстауға баулу сынды дәстүрлері қалыптасқанын алға тартты. Көрме 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі арасында өткізіліп, оған 5 миллион адам келеді деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Сөзінің соңында шара қонақтарын елімізге Astana EXPO-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға шақырды.
Ресми бөлімнен соң, мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Концерттің шымылдығы Мэдисон техникалық институтының студенті Сүндетхан Қасымовтың орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылды. Домбыра шанағынан төгілген күйдің мазмұнын еліміздің әсем табиғаты мен бай дәстүрінен сыр шертетін бейне ролик толықтырды.
Қонақтар ду қол шапалақ ұрып, күйге ыстық ықыласын жасырмады. Келесі кезекте сахнаға қазақ студенттерінің тобы шақырылды. Олар «Өз Елім» (авторлары: сөзі – Қадыр Мырза Әлі, әні – Нұрғиса Тілендиев) әнін қалықтата орындап, кештің сәнін кіргізді.
Кеш жүргізушісі Мамырхан Қасымов қонақтарға Наурыз мерекесі – махаббат пен жаңару мейрамы, осы уақытта жастар бір-біріне сезімдерін білдіреді, жігіттер сүйген жарына ән арнайды деп түсіндіре келіп, сондай керемет махаббат тақырыбындағы әндердің бірі «Сенің көзіңді» орындау үшін ортаға Висконсин-Мэдисон университетінің студенті Брайн Килгурды шақырды.
Елімізге кеңінен таныс бұл әнді Брайн өзіндік өңдеуде электрогитарамен әдемі орындап берді.
Мерекелік шара барысында ән-күймен қоса, әзілге де орын болды. Висконсин-Мэдисон университетінің студенттері Жошуа Дюфур пен Генри Миса Алдар Көсенің басынан кешкен оқиғаларының бірін баяндайтын «Өлген қазан» атты шағын қойылым ұсынды.
Қазақ тілін үйреніп жүрген қос студент қойылым аяқталған соң, көрермендерге қысқаша түсініктемені ағылшын тілінде жасап берді. Мерекеге жиналған қонақтар қазақ қызының мың бұралған биін де тамашалады. «Ата толғауы» атты мағыналы би көрінісін Назарбаев Университетінен тағылымдамаға келген Роза Смағұлова орындап берді.
Шағын концерттік бағдарламаның шымылдығы Висконсин-Мэдисон университетінің Қазақ Тілі пәнінің оқытушысы Сәуле Әбдірахманқызы Батаева мен осы университет қабырғасында тағылымдамадан өтіп жүрген Досан Қаумен және бір топ жастардың орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.
Мерекелік көңіл-күй көтеріліп, кеш қонақтары ұлттық астан дәм татуға дастарханға шақырылды. Наурыз мейрамын тойлаудың заңды жалғасы ретінде, қонақтарға бой жазу үшін ұлттық ойындар ойнатылды. Қыздар жағы қазақы әуен ырғағымен биден жарысса, жігіттер жағы, қол күрестен күш сынасты. Жеңімпаздарға сыйлықтар ұсынылды.
Қазақ елінің өткені мен болашағын таныстыруға арналып жинақталған көрме материалдары келушілер назарына ұсынылды.
Мерекелік шарадан кейін келген қонақтардан кештен алған әсерлері, Наурыз мерекесін тойлау жайындағы пікірлерін білмек ниетте сұхбатқа тарттық.
Юлай Шәмілоғлы, Висконсин-Мэдисон университеті, Азия тілдері және мәдениеті департаментінің профессоры.
— Құрметті профессор, Висконсин-Мэдисон университеті қабырғасында Наурыз мерекесі бұған дейін аталып өтіп пе еді? Аталып өткен жағдайда, тойлау барысы туралы айтып берсеңіз.
— Бұдан жиырма жыл бұрын Наурызды мүлдем тойламадық. Тек жеке адамдардың үйлерінде атап өтетін едік. Бертін келе CREECA (Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия орталығы) ұйымдастыруымен мерекелейтін болдық. Бірақ, бастапқы кезде аз адам қатысатын. 4-5 жыл бұрын шағын 10-15 адамдық қана шара болатын. Менің таң қалғаным, бүгінгі мерекелік шараға алғаш рет 80-ге жуық адам қатысып отыр.
— Сіздің түсінігіңізде Наурыз мерекесі қандай мейрам?
— Мен оқушы кезімде, Наурыз мейрамы туралы кітаптардан көбірек оқып, біле бастадым. Онда Ирандағы дәстүрлер туралы оқыған едім. Кейіннен Ирандағы дәстүрлермен танысып, олардың Қазақстанда, Өзбекстандағы дәстүрлерімен айырмашылығын, ұқсастықтарын анықтадым. Әрине, қыс бітіп, көктемнің келгеніне бәріміз қуанамыз. Бауырлас халықтар қуанып, Наурыз мейрамын кеңінен атап өтіп жатқан кезде, біз де қосылып тойлағанды жөн көреміз. Алайда, Наурыз мерекесі бізде бертін келе тойлана бастағанына байланысты, осы мерекеге қатысты ықылас сіздердегідей үлкен деңгейде емес. Ол жағынан біз сіздерге қосыламыз.
— Наурыз мерекесіне орай, түркі халықтарына, соның ішінде Қазақстан халқына өзіңіздің тілегіңізді білдірсеңіз.
— Дүниедегі жағдайды ескере отырып, барлығымызға бақыт, денсаулықпен қатар, қазіргі таңда өте маңызды болып отырған бейбітшілік тілеймін! Наурыз құтты болсын!
Карлин Педерсон, Висконсин-Мэдисон университеті, Халықаралық достық орталығының ағылшын тілі мұғалімі
— Бүгінгі мерекелік шарамыз туралы әсерлеріңізбен бөліссеңіз.
— Әрине, мерекелік шара маған қатты ұнады. Өте жақсы әсер алдым. Өзімнің Қазақстанда өткізген уақытымды еске салды.
— Сіздің ойыңызша, Наурыз мейрамының Мэдисон қаласында кеңінен атап өтілуінің мүмкіндігі қандай?
— Иә, мүмкіндігі зор деп ойлаймын. Себебі, көп адамдар Қазақстан жайында, Наурыз мейрамы жайында кеңінен білуге құштар.
— Өз сөзіңізде Қазақстанға барғаныңыз жайында айтып өттіңіз. Біздің елімізге қашан бардыңыз? Немен айналыстыңыз?
— Мен Қазақстанда 1992-1995 жылдар аралағында тұрдым. Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік университетінде сабақ бердім.
— Қазақстаннан келгеніңізге біраз уақыт болыпты. Алдағы уақытта Қазақстанға баруға ниетіңіз бар ма?
— Иә, ниетім бар. Бүгінгі таныстырылымнан кейін, 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО көрмесіне қызығушылығым артты. Сапарымды сол уақытқа жоспарлайтын боламын.
— Наурыз мерекесіне орай Қазақстан халқына тілегіңізді білдірсеңіз.
— Мен Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін!
Генри Миса, Висконсин-Мэдисон университетінің студенті
— Генри, бүгінгі шарада көрініске қатысып, қазақ тілінде өз өнеріңді көрсеттің. Қазақшаң жақсы екен. Қазақ тілін үйренгеніңе қанша болды?
— Мен қазақ тілін үш жылдан бері үйреніп жүрмін. Менің негізгі мамандығым орыс тілі мен әдебиеті. Бірақ, мен болашақта тарих саласына ауысқым келеді. Орта Азия елдерінің тарихы қызықтырады. Соның ішінде Қазақстан ұнайды, қазақ тілі ұнайды.
— Наурыз мейрамына арналған тілегіңді айтсаң.
— Наурыз құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Былтырғы жазда Қазақстанда болдым, алдағы жазда да Қазақстанға бару жоспарымда бар, сол себепті Қазақстанда кездесейік дегім келеді!
Өз кезегінде, Мэдисондағы Қазақ қауымдастығы, Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, тәуелсіз елімізге өркендеу, береке-бірлік және ырыс-ынтымақ тілейді! Күніміз шуақты, еліміз қуатты болсын!
Репортажды дайындаған: Досан Қаумен