14 Желтоқсан 2016, 03:44
«Мұхиттан бір тамшыға». Ұйымдастырушылар көрмені бұлай деп атауының себебін де түсіндірді. Олардың айтуынша балаларды «мүмкіндігі шектеулі» деп бөліп жаруға болмайды. Әр баланың бойында ерекше қасиет бар. Тек оны көре білу қажет. Сондықтан ұйымдастырушылар көрмені мүмкіндігі шектеусіз балалардың «Мұхиттан бір тамшыға» көрмесі деп атады.
Көрмеге жүзге тарта жұмыс қойылған. Олардың ішінде түрлі психологиялық ауытқушылықтары бар, даун синдромымен туылған балалардың жұмыстарын байқауға болады.
Мамандардың айтуынша баланың ойында не бар екенін білу үшін оған қағаз, қалам беріп, салған суреттерін бақылау қажет. Сондықтан ауытқушылығы бар балаларды емдеуде арт-терапияның мүмкіндігі мол.
Айжан Бақтыбаева, «ОкеанАрт» орталығының үйлестірушісі:
— Көрмеге 4 жастан – 19 жасқа дейінгі балалардың еңбектері қойылған. Арт-терапияның мақсаты баланы психикалық тығырықтан шығару, ішіндегі эмоциясымен бөлісуіне көмектесу болып табылады. Бұл үйірмеге физиялогиялық тұрғыда сау балалармен қоса, денсаулығында ауытқушылық бар балалар да қатысады. Мұндай балаларға орталықта тегін емделуге мүмкіндік бар.
Психологтардың тәжирбесінде арт-терапиямен ғана шектеліп қалмай, шығармашылығын дамытып, белгілі суретші болған балалар да бар. Сондай-ақ, үйірмеге тек қана балалар ғана емес, олардың ата-аналары да қатысуға мүмкіндік бар. Өйткені, «таяқтың екі ұшы болады» демекші, баланың ем қабылдағаннан кейінгі әрекеті тікелей ата-анасына байланысты. Сондықтан екі айда бір рет орталықта ата-аналарға арналған семинар өткізіледі.
Мына бір суретте арт-терапияға келген 5 жасар балаға психологтар «анаңның суретін салып берші» деген тапсырма береді. Бала анасын жарылғыш «бомба» етіп көрсетеді. Зерттей келе баланың ойынша үйінде бомбалар тұрады екен. Бұл оның жанұясымен өте қиын қарым-қатынаста екенін көрсетеді. Жарты жыл терапиядан кейін баланың жағдайы біршама жақсарған.
Көрме 18-қыркүйекке дейін жалғасады.
Рүстем ӘЛПИ
Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ