30 Маусым 2014, 12:07
Менi ислам мифологиясындағы өлген адамның о дүниеде ақ-қарасын анықтайтын Мәңкүр, Нәңкүр есiмдi перiштелердiң қызықтырғанына да көп болды. «Құранда» бұл перiштелердiң есiмi аталмайды. Есесiне, халықтық мифологияда жиi кездеседi.
Әдетте, әлемдiк мифология үлгiлерiнде о дүниенiң иесi, өлiлер патшалығының әмiршiсi ретiнде алғашқы адамның аталатындығы белгiлi. (Э.Б.Тайлор, Первобытная культура. Москва, 1989, стр 425-428). Үндi «Ведасындағы» Яма да (Манудың егiзi), «Авестадағы» Има да, Алтай, моңғол халықтарындағы Ерлiк-номын хан да (Өлгеннiң егiзi), герман, фин мифологиясындағы Манн мен Маналар да жергiлiктi халықтың дiни түсiнiктерi бойынша жер бетiнде тәңiрi жаратқан алғашқы адамдар болып табылады. Құдай дәрежесiне көтерiле дәрiптелетiн мұндай алғашқы адам жайлы аңыз-түсiнiктердi Оңтүстiк пен Солтүстiк Американың үндiс тайпаларынан да, мұхит халықтарынан да, Африканың жабайыларынан да, Камчатканың ендiгi құрып бiткен байырғы халықтарынан да ұшыратуға болады.
Иудаизм, христиан және ислам теологиясы әлемнiң барлық халықтарында дерлiк кездесетiн осындай дiни-мифологиялық түсiнiктен құлан-таза ада деуге бола ма?
Бiздiңше, болмайтын секiлдi. Құранда Алла-тағаланың перiштелерден өзiнiң жердегi өкiлi Адам атаға тағзым етуiн өтiнгенi туралы әңгiменiң бар екендiгiн былай қойғанда (Iбiлiс қана тағзым етуден бас тартады), Мәңкүр-Нәңкүр есiмдi қос перiштенiң тасасында да монотеизм талабына орай дамытылып, өңделген алғашқы адам жайлы политеистiк байырғы мифологиялық түсiнiктiң жатқандығы аңғарылады. Исламға дейiнгi байырғы халық түсiнiгiнде Мәңкүр мен Нәңкүр перiште емес, алғашқы адамдар едi.
Құрандағы әңгiмелердiң «Тәуратпен» сабақтас екендiгi, ал «Тәураттың» Таяу Шығыс, Кiшi Азия халықтары мен үндiарий және прототүркiлердiң дiни-мифологиялық түсiнiктерiнiң мол мұрасы негiзiнде қалыптасқандығын ескерсек, бұлай болуы заңды да.
Бiз прототүркiлер арасында Нұх пайғамбар Нама есiмiмен белгiлi болды деп санаймыз. Үндiлердегi Ману да, Яма да, ирандықтардағы Има да, герман, фин мифологиясындағы Манн мен Мана да осы кiсi. Яма мен Има Нама есiмiнiң сәл ғана бұрмаланған түрi. Ал Ман мен Ману есiмдерi Нама немесе Нам атауын оңнан солға қарай оқу, дыбыстау негiзiнде пайда болған деп бiлемiз. Бiр кезгi абыз-ақындар о дүние мен бұл дүниенiң, ақ пен қараның, аспан мен жердiң ара-қатынасын, байланысын түсiндiруде осындай әдiс-тәсiлдерге сүйенiп отырғаны құпия емес.
Тек ман емес, нама, неме сөздерi де көне түркiлерде адам мағынасында ұғынылған секiлдi. Өйткенi санскритте Нара, яғни адам, ер адам мағыналарын бiлдiретiн сөздiң барлығы, бiзде де адам ұғымына қатысты нәресте, немере сөздерiнiң кездесетiнi мұндай да топшылау жасауға мүмкiндiк бередi. Бiздiңше, кезiнде Алтай өңiрi мен Қазақстан территориясынан Кiшi Азияға жылжып, одан әрi Апеннин түбегiне қоныс аударған хэттер өздерiмен бiрге топан су және ақ пен қарадай егiз ағайынды екi жiгiт – Ман мен Нам туралы әфсананы ала кеткен. Хаттушас, әлде Троя, бәлкiм Сардының берекелi базарлары мен атақты керуен-сарайларында бұл әңгiмелердi олардан Израильдiң ойы сергек, қиялы ұшқыр, ақынжанды ұлдары сан рет тұщынып естiгендiгi ақиқат. Кiм бiледi, олар бұл әфсананы Өлең жыраудың (тарихта аты сақталған кiшiазиялық ең көне ақын) өз аузынан есту бақытына да ие болған болар. Асылы, бұл Авраам-Ибрагим пайғамбар өлген әйелiне «Хэт балаларынан» табыт сатып алатын уақытпен тұстас кездер.
Ағайынды Ман мен Намның жолы Кiшi Азияда екiге бөлiнедi. Бiрi германдықтарда алғашқы адам әрi өлiлер патшалығының әмiршiсiне айналса, екiншiсi семиттерге сiңiп, топан су жайлы әфсананың басты кейiпкерi болып шығады. Байырғы есiмiн әйелi Намаға қалдырып, Ной-Ноах ныспысымен «Тәуратқа» енедi.
Алтай, Жетiсу, Каспий мен Арал бойынан хэттерден кейiнiрек қозғалған үндiарийлер мифологиясында ағайындылардың есiмi қарама-қарсы бағытта көрiнiс тапты. Ман немесе Ману топан су жайлы аңыздың кейiпкерi болса, Нама-Яма-Има о дүние мен өлiлер әлемiнiң иесi ретiнде дәрiптеледi.
Бағзы бiр кездерi топан су туралы әфсананың дүниеге келуiне себепшi болған Каспий мен Арал бұл күнде томаға-тұйық. Арал өлiм аузында жатса, егiзiнiң халiне ашынғандай қарт Каспий анда-санда ғана адуын мiнез танытып ыңыранып қояды.
Бүгiнгi ұрпақ бұл өңiрден талай-талай халықтар көшкендiгiн, олардың бiрi тағдыр жазмышымен Ұлы далаға қайта оралып, Ұлы далаға сай ерлiк iстер мен жасампаз бастамалардың ұйытқысы болғандығын, оған қос теңiз бен қария Қазығұрттың куә екендiгiн бiлгiсi де жоқ. «Библия» мен «Ведаларда» Ұлы далада дүниеге келген аңыздар айтылатындығын, ендiгi жерде олардың бүкiл адамзаттық рухани қазынаға қосылған қомақты үлес екендiгiн пайымдағыларды да келмейдi.
Сөз соңы
Хэт империясының елтаңбасында көк төсiнде қалықтай ұшқан қыран мен шапақты күн бейнесi бедерленiптi. Бiздiң бүгiнгi көк туымызда да осы символдар. Кездейсоқтық па? Олай болмаса керек. Бұны бiр кездерi Таяу Шығыс, Кiшi Азия мен Элладаның рухани өрлеуiне себепшi болған бабаларымыздың шалқар шабыты бүгiнгi ұрпақтарының бойынан да табылады деп ырымдасақ жөн. Солай екендiгiне сенгiң келедi.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»