Мәңгіліктің іргетасы неде?

23 Қазан 2014, 07:23

Ұлытау төрінде болған сұхбаттан кейінгі ой!

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келіп, тәуелсіз Қазақстанның өн бойында сайран салып жүрген бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік ұғымының шын мәніндегі қадірі мен қасиетін ұмытып кетіп жататынымыз жасырын емес. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген нақыл сөздің мәні де дәл осы ұғымға келіп саяды. Ал қазақ үшін тәуелсіздік бұл алтыннан да қымбат. Бұл ұғым ішінде батырларымыздың қаны, бабаларымыздың жаны, игі жақсыларымыздың өмірі сақтаулы. Аналарымыздың құрсағындағы ұрпағына тілер тілегі де осы тәуелсіздік. Еркіндіктің байрағын да шеті де, шегі де жоқ көк аспанмен түстестіре желбіретуіміз сондықтан. Қазақ елінің еркіндік мен тәуелсіздікке қол жеткізуіне жол ашып берген, елінің жүрек лүпілін жоғарыдан үнсіз сезіп отыратын, қазақ халқының аяулы перзенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да осы тәуелсіздік үшін тер төге отырып күреске түскенін білеміз. Бұл тұста оның атқарған еңбегінің өлшеуі бір ғана тәуелсіздік мәнінің аясына сыйып кететіндей. Себебі ол елі үшін қызмет етсе, елі оны ерім деп еміренеді. Ұлытау баурайында болған Елбасымен болған мәнді сұхбаттың мәні де осы мағынаға келіп саяды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде болған толғанысты сұхбатында елдің тәуелсіздігі туралы толғана отырып: «Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек» ─ деген еді. Оның тәуелсіздігімізді ешкімге жығып бере алмайтындығымыз туралы айтқан пікірлері зиялы қауым үшін ойға қонымды, санаға сіңімді. Қазақ даласы тұнып тұрған тарих болса, қазақтың қанында да дәл осы тәуелсіздікке қол жеткізе алмай күңіренген ауыр күрсіністің демі бар.

Қашанда еркіндік деп күреске түскен батырларымыз бен қол бастаған қолбасшыларымыз да қазақ елінің өз даласында сайран салып, өз көгінің астында қырандай еркін қалықтай самғағанын аңсап еді. Талай сырттан қаумалаған өзге ұлттардың теперішін көрген бабаларымыз да балаларының қазақ ауасымен еркін тыныстағанын тілеген. Елбасы Ұлытаудағы кездесуде: «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны ұсындым. Мәңгілік ел болу үшін бәрін жасап жатырмыз» - деуі арқылы мыңдаған ғасырлық тарихы бар қазақ елінің мәңгілік жасағанын қамтамасыз еткісі келеді.

Мәңгілік ел болуы үшін жоғары адамгершілік пен ұлы мақсаттарға жету жолындағы құрбандық керек. Егер қазақ бойындағы осы қасиеттер жиынтығын көргіміз келсе, тәуелсіздік ұғымының қадірін білетін, отар менен еркіндіктің аражігін ажырата білетін ұрпақ өсіруде бірге болайық. Сонда бұл біз ойлағаннан да жеңілдей түседі. «Біріге көтерген жүк жеңіл» екенін ұмытпайық.

Айгерім Сматуллаева.

Бөлісу: