МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ

30 Маусым 2014, 11:49

Арда ағам Ислам Әбішевке арнаймын.

Арда ағам

Ислам Әбішевке арнаймын.

Будда бiрде

дүниеге келгенде

Дастанға детектив көзiмен қарасақ

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алғаш тудырған ақын, бiзге жеткен кейiнгi нұсқаларды жырлаған әрiптестерiндей емес, өзi пайдаланып отырған материалды мүлде басқаша түсiнген. Екi ғашықтың қайғы-қасiретке толы мұңлы хикаясы түбi сәттi, қуанышпен аяқталатындығына оның ешқандай күмәнi болмаған десе де болады.

Бiздiң мұндай «бүйректен сирақ шығару» iспеттi батыл болжам пiкiрге келуiмiзге не себеп? Мазмұны оғаштау осындай әңгiме айтуымыздың өзiмен-ақ бiз Ұлы Дала даналығы тудырған ғажайып махаббат дастанының құнын түсiруге тырысып отырған жоқпыз ба?

Олай болса, мұнымыз күпiрлiк болады ғой.

Жоқ,бiздiңше, тiптен де олай емес. Ойымызды жеткiзу үшiн болжамымызға тиянақ болар дәлел-дәйектерiмiздi ретiмен ор­­таға салуға тырысып көрейiк. Жоғарыдағыдай жорамалға иек артуымызға не себеп болғандығы да сонда анықтала түсер.

Иә, бүгiнгi той-домалақ, қуанышқа бас қосқан отырыс-жиындарда:

– Сейфiл-Мәлiк, Жамалдай

Бейнетiңе көнсем-ай.            

Қозы Көрпеш, Баяндай

Бiр молада өлсем-ай!

– деген жыр жолдарын (Әсеттiң «Iнжу-маржан» әнiнен) сiз де, бiз де жиi-жиi естiп жүрмiз.

Соңғы екi жол, тұтас алғандағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры ғана емес, оның кейiпкерлерiнiң есiмдерiнiң өзi де асқақ махаббат сезiмiнiң халықтық асыл үлгiлерiне айналып кеткендiгiн айғақтап тұр. Iштей берiк сүйiспен­шi­лiк­тiң байламы, дегенiне жетпей тоқтамайтын ғашықтықтың асыл сертi болса осындай-ақ болар дейсiң. Осындай махаббат дастанын тудырған халықтың кемеңгерлігіне риза боласың. Ғасырлар қойнауында кемелiне келiп, толысқан осындай дүниенi өзiңнiң басқа бағытта түсiндiргiң келетiндiгiңе бiр сәт жүрексiнесiң де...

Дегенмен сен бүгiнгi ұрпақтары естiп жүргендей емес, дастанды Ұлы Дала төсiнде алғаш тыңдау бақытына ие болған ата-бабаларының жыр мазмұнын бұлардан мүлдем басқа қырынан танығанына сенiмдiсiң.

Рас, жырдың қай заманға, қай ғасырдың еншiсiне тиесiлi екендiгi әлi күнге дәл анықталған жоқ. Жуық арада анықтала қоюы да екiталай. Бұл мәселемен анау жылдары абыз ғұламамыз Әлкей Марғұланның бас қатырғаны белгiлi. Бүгiнгi тарихымызды түгендесек деп маңдайларын тауға да, тасқа да ұрып жүрген Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай секiлдi ағаларымыздың да бiраз еңбектенгендерi мәлiм.

Ең бастысы, зерттеушiлердiң бәрi де жырдың дала төсiне ислам келгенге дейiннен көп бұрын пайда болғандығына күдiк келтiрмейдi.

Мiне, осы арада бiз жыр кейiпкерлерi мен оларға махаббат дастаны арқылы мәңгiлiк ғұмыр сыйлаған алғашқы ақынның қандай сенiмге бас игендiгiн анықтау қажеттiгiн алға тартамыз. Өйткенi, дiн дегенiмiз – жеке адамның, халықтың дүниетанымын қалыптастыратын рухани күш. Олай болса, бiз iздеп отырған дiн қандай дiн болуы мүмкiн? Дала төсiндегi дәстүрлi Тәңiршiлдiк пе? Манихейшiлдiк пе? Бәлкiм, өзi уақыт өте келе Ницшенiң кейiпкерiне айналған ирандық Зәрдәшттiң, яки Заратустраның iлiмi болар?

Жырдың кiлтiн табу үшiн алғашқы ақынның ұстанған сенiмiн бiлу қалайда маңызды. Бiздiң пайымдауымызша, бұл дiн адамның өзiне-өзi қол салуына аса қырын қарай қоймаған мамыражай мінез дiн болған сыңайлы. Мұны қазақтың тағы бiр ғажайып махаббат дастаны «Қыз Жiбекте» жыр кейiпкерi Қыз Жiбектiң сүйiктi жары Төлеген Бекежанның қолынан мерт болғаннан кейiн махаббатына адал жан ретiнде өзiне-өзi қол салмай, Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға әмеңгерлiк жолымен тиюге келiскенiнен аңғаруға болады. Себебi, бұл кезде Қыз Жiбектiң өзiне-өзi қол жұмсауын дала ақынының қиялы көтергенiмен, дала төсiне емiн-еркiн енiп орныққан исламның шариғаты көтермейтiн-дi. Бiздiңше, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секiлдi қайғылы аяқталғанда «Қыз Жiбектiң» халық арасында кеңiнен тарала қоюы да неғайбыл болатын.

Ал «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры Далаға ислам дiнi келгеннен көп бұрын пайда болып, жергiлiктi халық санасына тамырын терең бойлатып үлгергенiмен ғана исламның цензуралық құрығынан аман қалды деп долбарлауға болады.

Сонымен жырдың кейiпкерлерi мен оны алғаш жырлаған ақынның ұстанған сенiмi қандай сенiм болуы мүмкiн? Бiздiңше, бұл Үндiстан топырағында бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ҮI-Ү ғасырларда пайда болған будда iлiмi болуға тиiс. Тек Будда iлiмiнiң ғана өзiне-өзi қол көтерушiлерге кешiрiммен қарайтыны мәлiм. Тiптi бұл iлiмнiң жапондар ұстанатын дзэн-буддизм тармағында қандай да бiр мақсатты орындау жолында өзiне-өзi қол көтергендердi ұлық тұтатын дәстүрдiң де бар екендiгi жасырын емес. Еске жапон самурайларының бастарына сын сағаты туғанда харакири (өзiн-өзi жарып өлтiру) жасайтындығын түсiрсек те жеткiлiктi.

Қозыға деген махаббаты жолында өзiн-өзi өлтiруге бел байлаған Баян сұлу күнәсiн тек осы дiн ғана кешiре алмақ. Тiптi, керiсiнше, жаңағы жапондардағы секiлдi бас июге тұрарлық ерлiк, қаһармандық iс деп дәрiптеуi де ықтимал. Егер Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың үлкен құрметпен бiр кесенеге жерленгенiн, ол кесененiң осы күнге дейiн сақталғанын жадымызға түсiрсек, кiм бiледi, бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой.

Мiне, дәл осы буддизмнiң Қытай аумағы мен iрiлi-ұсақты Жапон аралдарына аяқ басар алдында бiздiң даламызда бiраз тұрақтағанын бүгiнгi ғылым жоққа шығармайды.

Олай болса, бiздiң жыр кейiпкерлерi мен оны алғашқы жырлаған ақын ұстанған сенiмдерi бойынша буддашылар болған деген пiкiрiмiздiң де әбден жаны бар болуы мүмкiн. Ал буддашыл ақынның жырды бүгiнгi бiзге мәлiм нұсқаларындағыдан мүлдем басқаша сарынмен аяқтайтындығы да еш жасырын емес.

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: