23 Шілде 2015, 08:58
Қазақстан өнері мен мәдени құндылықтарын әлемдік қауымдастыққа насихаттауға бағытталған «Мәңгілік мұра» атты жаңа жоба қолға алынбақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Мәдениет және спорт министрлігі «Мәңгілік мұра» атты жаңа жобаны «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру аясында жүзеге асыруды көздеп отыр. Қазақстандағы ұлттардың бір тектілігі мен бірлігін нығайтуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Аталмыш жоба арқылы қазақ мұрасы шетелдерде насихатталатын болады.
Жоба аясында атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі еліміздегі музейлер жұмысының жаңғыртылуымен тікелей байланыста өрбитіндігі айтылды. Соның бір мысалы, Ұлттық музейде ашылуы жоспарланған Қазақстан халқы Ассамблеясы залының ел тұтастығы мен бірлігін нығайтудағы атқарар рөлі айрықша болмақ. Сондай-ақ, сала басшысы Қазақстан музейлеріндегі іс-шараларға тоқтала келіп, келешекте ғылымизерттеу мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін оның шын мәніндегі мәдени орталыққа айналарына назар аудартты. Бұл ретте әлемдік тәжірибедегі Эрмитаж, Лувр, Ватикан сынды музейлердің озық іс-тәжірибелері негізге алынатыны тілге тиек етілді. Министрдің айтуынша, ғылыми-зерттеу жұмысы тарих, археология, реставрация, өнертану, мәдени-оқыту шаралары, кәдесыйлық индустриялық қызмет сынды кәсіби негіздегі ретте жүзеге аспақ. Сондай-ақ, Мәдени саясаттың тұжырымдамасы мәдениет саласындағы менеджмент қызметін барынша жаңғыртуды талап ететіні, елдегі жетекші музейлер мен кітапханалар, мұрағаттар келешекте өздерінің ұйымдастырушылық-құқықтық сипатын өзгертіп, экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында мемлекеттік мекемелерден қазынашылыққа көшетіні айтылды.
«Маңызды міндеттердің қатарына ұлттың мәдени жадыны қалыптастырудың негізі ретінде отандық мәдениет пен өнердің бәсекеге қабілеттігін арттыру тарихи, мәдени мұраны дамытуды жатқызуға болады. Ал, еліміздің тарихи-мәдени дамуына жалпыұлттық «Мәңгілік мұра» атты мәдени жобаның қолға алынуы оң ықпал ететіні сөзсіз. Бұл жобаның бұдан бұрын іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасымен айырмашылығы – бұл жоба Қазақстанның мәдени мұрасын әлемдік мұралар қорымен үйлестіруге бағытталып отыр», – деп Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш жаңа жобаның мақсатына тоқталды.
Министрдің айтуынша, бұдан бұрынғы «Мәдени мұра» бағдарламасы ішкі біртектілігіміздің дамуына үлес қосқан болса, «Мәңгілік мұра» жаңа жобасы Қазақстан өнері мен мәдени құндылықтарын әлемдік қауымдастыққа насихаттауға бағытталған.
Жиын барысында жуырда Қазақстанның электронды энциклопедиясы жарыққа шығатыны айтылды.
«Мемлекет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай жалпықазақстандық мәдениеттің тұсаукесерін әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Қазақстанның электронды энциклопедиясын жасауды қолға алдық. Энциклопедияда еліміздің тарихы, мәдениеті, жетістіктері жайлы ақпарат жинақталады», – деді министр.
Бұған қоса Арыстанбек Мұхамедиұлы халықаралық мәдени ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жөнінде де хабарлады. Оның айтуынша, Алматы қаласында ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығын ашылады. Спикердің пікірінше, бұл өркениеттер үнқатысуын қолдаудағы Қазақстан рөлінің танылуын көрсетеді.
Әзірлеген Тұмар АСЫЛ