«Мәңгілік ел» идеясы – жастар көзімен

3 Қараша 2015, 10:13

Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел атанып, шекарамызды шегендеген сәттен бастап ұлттық идея мәселесі белсенді қолға алынды.

Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел атанып, шекарамызды шегендеген сәттен бастап ұлттық идея мәселесі белсенді қолға алынды. Бұл тұрғыда көптеген ұсыныстар ортаға салынып, қоғамда қызу пікірталастар болғаны белгілі. Шын мәнісінде, ұлттық идея – ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар.  Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ұлт бар жерде ол да бар. Ұлтпен бірге өмір сүреді, жойылмайды, құбылып өзгермейді. Ол бірнеше ғасыр бойы отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркендету, мемлекеттік деңгейде ұлттық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қайтару, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру және ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді шешуді жүктейді. Қазақтың ұлттық идеясы туралы кезінде әртүрлі пікірлер айтылғанымен оның айқын тұжырымы қалыптасқан жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрініс берген ізденістер бір арнаға тоғыспай аяқсыз қалды. Міне, осы сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде: «Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік ел» деді. Н. Назарбаев өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті.

Сонымен қатар, Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында: «Мәңгілік Ел» идеясы оқу бағдарламасына енуі керек. Бұл идея қазақстандық бірегейлік бағытындағы ең маңызды құжатқа, екінші конституцияға айналуы қажет. Осыны ұғынуға тиіспіз» деді. Расында да, біріншіден, «Мәңгілік ел» идеясын зерттеп, зерделеуде, насихаттауда һәм оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл орайда көзі ашық, көкірегі ояу әрбір отандасымыз үлес қосқаны абзал.

Екіншіден, ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, білімгерлерге жете жеткізу үшін қажырлы жұмыс істеуіміз керек. Өскелең ұрпақтың санасына, өмір салтына сің­ген құндылық пен сенім «Мәңгілік ел» ор­натудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.

Үшіншіден, келешегі кемел «Мәңгілік ел» идеясын Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізу жұмыстың бір парасы ғана. Ол жаһандық ақпараттық, ғылыми кеңістіктен ойып тұрып орын алуы тиіс. Бұл орайдағы сүбелі жұмыстар отандық ғалымдар мен БАҚ өкілдерінің еншісінде.

Төртіншіден, қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніміз жаңа жаһандық демократиялық құндылықтардан бас тартпай, осы жаңашылдықты қалыптастыруда қазақтың дәстүрлі құндылықтарын жаңғырта отырып, ұлттық қорға сүйену.

Біздің қоғам өзінің ерекшеліктеріне қарай, гуманизм, патриотизм, төзімділік, адамгершілік, ұлтаралық сыйластық пен ашықтықты ұстанымдарын алға қояды. Бұл құндылықтар Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностарды біріктіретін ұлттық идеяға негіз бола алады. Ал оны мектеп бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақтың санасы сіңірудің маңызы зор екені бесенеден белгілі.

Қорыта айтқанда, Президент алға қойған зият­керлік реформасы – бола­шақ­тың біртұтас ұлты – Қазақстанды одан әрі дамытудың ұлы негізі, қоғамды Мәңгілік Ел ұлттық идеясы төңірегінде топтастыру әдісі. Елдің өркендеуі мен тәуелсіздігі, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік, әділдік, заң­ның басымдығы, отбасы және дәс­түрлер – бұл құндылықтар­дың бәрі мемлекетіміздің тұрақты­лы­ғы мен өсіп-өркендеуінің тұғыр­лы іргетасы екені сөзсіз.

Елбасы бес халықтық рефор­маның ішінде тарихтың жаңа бе­­лесінде ұлттың бірлігін нығай­­туды да тілге тиек етті. «Біз­дің­ қоғамымыздың көптүр­лі­лігі – біздің әлсіздігіміз емес, күші­­­міз. Бар­лық азамат құқық­тың бірдей көлемін пайдаланып, жауап­кершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкін­діктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуат­ты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты. Бүгінде бізді «Мәң­гілік Ел» құндылықтары: аза­мат­тық теңдік, еңбексүйгіштік, адал­дық, оқымыстылық культі, толерант­тылық, шын берілгендік пен патрио­тизм біріктіреді», деді Президент. Расында да, бірлігі мықты, іргесі бүтін елдің қашанда ырыздығы мол. Татулықтан асқан құндылық жоқ. Еліміз осынау баға жетпес байлығымен мақтана алады. Қазіргі таңда Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде қазақ ұлтының үлесi 63,6 пайызды, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндар – 2, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немiстер – 1,1, басқа ұлыстар 4,5 пайызды құрайды. Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында: «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің бар­лық ауыртпалығы мен қиыншы­лық­тарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да ұлттардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды», деп атап өтті. Бұл – тарихи шындық. Себебі, қазіргі таңда елімізде тұрып жатқан кез келген ұлт өкілі өздерінің салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениетін дәріптеп және кеңінен насихаттай алады. Мұндай мүмкіндіктер қазақтардың кеңпейілдігі мен қонақжайлығын, сонымен қатар, өзге ұлттардың әдет-ғұрпына құрметпен қарауын білдіреді. Жалпы, Қазақстан неге көп ұлтты ел болып қалыптасты? Бұл сұраққа жауапты тарихты тереңнен зерттеп, өткенге ыж­да­ғаттылықпен қарау арқылы таба аламыз. XV ғасырдың екінші жартысында Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Жәнібек пен Керей Қазақ ханды­ғын құрды. Кейін елді қолбасшылық өнері мен тарихта өшпес ізін қалдырған Қасым хан, Тәуке хан, Есім хан, Абылай хан, тағы басқа көп­теген тұлғалар биледі. Ата-баба­ларымыздың арқасында халқы­мыз дүниежүзі бойынша ең бай да құнарлы ұлан-байтақ жердің иесі атанып отыр бүгінгі таңда. Дегенмен, хандар билеп тұр­ған заманның өзінде қиын сәттер мен ел басына қауіп төнген кездер аз болмады. Осының салдарынан қазақ халқы басқа алпауыт елдердің қол астына кіруге мәжбүр болғанын тарихтан білеміз. 1731 жылы Ресейге қосылдық. Сол кезден бастап біздің жерге орыс ұлтының өкілдері қоныс аудара бастады. Кейін, XX ғасырдың алғашқы жартысындағы репрессия мен екінші жартысынан бас­тап тың игеру кезінде де қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерінің көшіп келуі толас­тамады. Тыңайған жерлерді игеру жұмыстарына Ресей, Украина, сол кездегі Кеңес өкіметіне қараған өзге де республикалардан келген адамдар қазіргі күнге дейін қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Елбасы өз Жолдауында: «Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарас­­қан елдің ғана ырысы мен табы­сы мол болмақ», деп атап өтті. Қазақстан бүгінде өз тәуел­­сізді­гін алып, егемен ел атанды. Эконо­микасы мен әлеумет­­тік жағдайы өрге жүзіп, дүние­­жүзі бойынша алдыңғы қатарлы мем­лекеттердің сапынан орын алып отыр. Мұның бәрі де Елбасымыз жүргізіп отыр­ған сарабдал саясат­тың жемісі. Мемлекет басшы­сының тікелей ықпалымен өмірге келген Қазақ­стан халқы Ассамблеясы бүгінде тату­лықтың талбесігіне ғана емес, әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуы­мыздың темірқа­зығы­на айналды. Бұл – әлемде теңдесі жоқ құрылымның жиырма жыл­дағы жарқын жеңісі һәм жемісі. 


Жандарбек АСАН,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі, PhD студенті

Бөлісу: